Елордада қызмет ету - мәртебе

Болашақта ауылымда қызмет ету бақыты бұйырып жатса, еш ойланбастан барамын деп ойлаймын.

2013 жылы Есенбай Ағелеуов атындағы орта мектепті тәмамдап, студенттік өмір жолына түстім. Астана қаласына 2016 жылы «Ұлттық Ұлан» қатарында әскери борышымды өтеуге келдім. Ол кезде бас қаламызда «EXPO-2017» көрмесіне дайындық басталып, жаңа ғимараттардың құрылысы қарқын алып, жұмыстар қызу жүргізіліп жатты. Бір жыл уақыт өткеннен кейін Халықаралық көрменің қандай жоғары деңгейде өтіп, пайдалануға берілген нысандардың шаһар көркін аша түскендігіне бүкіл ел куә.

Әскери борышымды абыроймен аяқтап, ауылға барып, сағынышымды басқан соң Нұр-Сұлтан қаласына қайта оралдым. Мақсатым әскери салада қызмет ету еді. Бастапқыда үлкен қалаға, таңсық жердің суық ауа-райына да, астаналықтарға да бірден бауыр кете алмадым. Ауылда қлаған туысқандарды, достарды сағынып, елге қайта кету де ойымда болған. Бірақ бұл жақтан да өзім сияқты әскери саланы қалап, өзге аймақтардан келген замандастарымды кездестіріп, біртіндеп бұл қаланың ауасына да, адамдарына да үйрене бастадым.

s

Бұл қалада тырысып, бақталаса жүріп өмір сүрмесе басқаша тіршілік ету мүмкін де емес. Өйткені елдің астанасына Қазақстанның түкпір-түкпірінен қайткенде арманыма жетемін, биік белесті бағындырам деп келетін жастардың басы қосылған. Сондықтан шаршау, демалу деген болмау керек, үнемі қозғалыста жүрген абзалырақ. Бір жағынан, басқа қалаларға қарағанда пәтер жалдау, азық-түлік, киім-кешек секілді, ең басты қажеттіліктердің бағалары сәл де болса қымбат. Жұмыстан кезекті еңбек демалысты алатын уақытың жақындағанда, Атырауға билет іздей бастайсың. Уақыт шіркін, осындайда өтіп болмайтыны бар ғой. Ауылға жеткенше асығатынмын! «Ер туған жеріне» деген бар ғой. Болашақта ауылымда қызмет ету бақыты бұйырып жатса, еш ойланбастан барамын деп ойлаймын.

Қазіргі бар әлемді алаңдатып отырған «тәжтажалдың» туған ауылыма дейін жеткені алыста жүрген мен үшін оңайға соқпады. Туған-туысқандарымның, достарымның, барша жерлестеріме Алла қуат берсін деймін. Бұл індетті тек тәртіпке бағына отырып қана жеңетінімізді айтқым келеді. Астанамыздағы біраз мерекеме жұмысшылары қашықтан жұмысты әлі де жалғастыруда, себебі қауіп сейілмей тұр. Ал Ішкі істер органдары қызметкерлері алдыңғы шепте дәрігерлермен бірге тұрғындардың денсаулығына қатер төнбес үшін күндіз-түні еңбек етуде.

Қазақтың астанасы сан түрлі арман-қиялдарды жүзеге асырып, сан-қилы тағдырларды тоғыстырып жатқан керемет те көркем қала. Асқақтай бер, Ару қалам! Елорданың туған күні құтты болсын!

Сағындық САҒЫНБАЕВ,

Нұр-Сұлтан қалалық Ішкі істер органдарының қызметкері

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT