Елорда менің жолымды ашты десем, артық айтқандық емес.
«Мұнайлы астанадан» Қазақ елінің астанасына 2006 жылы келдім. Сол жылы Есенбай Ағелеуов атындағы Махамбет орта мектебін «Алтын белгімен» аяқтап, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне оқуға түстім. Грант иегері атандым! Қуанышымда шек болмады. Кейін магистратура бөлімінде білімімді жалғастырып, жұмысқа орналастым. Содан бері «астаналық тұрғын» атандым. Ол кезде елордамыз енді ғана дамып, зәулім ғимараттары біртіндеп салынып жатқан әсем қаланың бірі болатын. Қазіргі таңда көз тоймайтын көркем қала, атауы да өзгерді. Әсіресе, түнгі шамдары самаладай жарқыраған кезде шаһардың келбеті адам танымастай өзгереді. Болашақта да бас қаламыз өркендеп, әлемдік деңгейдегі мегаполиске айналуын тілеймін.
Ал 2017 жылы өзімнің болашақ жарымды кездестіріп, тұрмыс кұрдым. Бүгінде «шағын мемлекет» болып, бақытты ғұмыр кешудеміз. Негізінен ауылдан келіп, үлкен қаланың өміріне үйренісу кез келген адам үшін оңайға соқпасы белгілі. Студенттік шағым – қиындығы да, қызығы да көп ұмытылмас кезең. Бірақ бас қалаға келгеніме өкінбеймін. Себебі, өз еңбегің еленіп, отбасылы атанып, жаныңа жақын жұмыстың кәсіби маманы болу үлкен бақыт деп ойлаймын. Осындай өмірлік маңызы бар керемет мүмкіндіктер сыйлаған жерді мақтан етемін. Қазіргі таңда өзім оқыған төл университетімнің аға оқытушысымын. Оқу орнымда алған білімім, білген-түйгенімнің кейін жұмысымда өзімді кәсіби маман ретінде көрсетуіме үлкен септігі тиді. Бас қала менің жолымды ашты десем, артық айтқандық емес. Бұл - мен үшін үлкен абырой, зор жетістік. Өз білімің мен қабілетіңе сенсең алынбайтын қамал жоқ.
Нұр-Сұлтанда өмір сүру өзіме ұнайды, жастардың талабын ұштайды, қанатын қатайтады, армандарын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бізге де сонысымен қымбат, сонысымен ыстық. Қаламыз Есілдің жағасында орналасқанын, тіршілік етуге негізінен өзеннің оң жағалауы тиімді, қолайлы, қолжетімді екендігін айта кеткім келеді. Сол себепті халықтың көпшілігі осы бөлігінде шоғырланған. Өзім оң жақ жағалауда тұрамын. Туып-өскен жерім Махамбетімді сағынамын, себебі барлық туған-туыс, ата-анам, бауырларым тұрады. Махамбет - туған жерім. Нұр-Сұлтан - сүйікті мекенім. Қай жерде болсаң да, туған жердің тынысы бөлек, құрметім ерекше. Атырауым бүкіл дүние жүзі мойындаған мықты қалаға айналсын деп тілек білдіремін. Көркейе берсін Атырау!
Әлемді әбірге салған коронавирус атты індеттің салдары біздің елімізде де басылар емес. Елордада инфекциямен күрес күшеюде, барлық балабақша, оқу орындары, тойханалар карантинге жабылды. Көшеде бетперде және медициналық қолғаппен қашықтық сақтап жүру қажет. Әлі күнге дейін қашықтан жұмыс жасаудамыз. Өз өмірімізге жауаптымыз. Жақындарымызға жанашыр болайық. Жақсы күндер алда екеніне сенемін. Тек уақытша құбылысты аса сақтықтен өткізсек, бәріміз үшін де маңызды болар еді. Еліміз аман болсын.
Отанымыздың жүрегі, бейбіт елдің баға жетпес байлығы - Нұр-Сұлтанымыздың алтын тұғырға айналғанына сүйсінеміз. Ата-бабаларымыздың қанымен келген тәтті сыйымыз тәуелсіздікті ұлы жетістігіміз деп есептесек, елордамыз соның ең асқақ жемісі. Гүлдей бер, жайнай бер, елімінің бас қаласы!
Анаргүл НЕКЕСОВА,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық
университетінің аға оқытушысы