Республика күні қарсаңында Мемлекет басшысының ой-толғамдарын тыңдадық. Тәуелсіздік жылдарындағы көрген қиындықтарымызды, жеткен жетістіктерімізді, әлі де бағындыруға тиісті белестерімізді жүрекке жететіндей сөздерімен түсіндірді.
Қиындығы көп болған тоқсаныншы жылдарда халық саны күрт азайғаны ақиқат еді. Президент: «Біз қазіргі таңда осы демографиялық құлдырауды еңсердік. Көп ұзамай халқымыздың саны 20 миллионға жетеді. Бұл еліміздің тұрақты дамуының айқын көрінісі деуге болады. Бір сөзбен айтқанда, азаматтарымыз өз ұрпағының жарқын болашағына және еліміздің ертеңіне сеніммен қарайды. «Ұлттық қор – балаларға» бастамасын жүзеге асыру үшін тиісті заң қабылданды. Небәрі екі айдан кейін балаларымыздың есеп-шотына қаржы түсе бастайды», деп халықтың көптен күткен қуанышты жаңалығын жеткізді.
Елімізде ана мен балаға, көп балалы отбасыларға, аз қамтылған адамдарға мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдаулар көрсетіліп келеді. Енді міне кәмелет жасына жетпеген әр балаға ұлттық қордан үлес берілгелі отыр. Осындай істердің нәтижесінде бала туу саны артып, деморграфиямыз алға жылжи бастады. Ауданымызда 2022 жылы 60 адам, биылғы жылы-46 адам некеге тіркелді. Қазақта «үйлену оңай, үй болу қиын» деген керемет сөз бар. Некеге тұру бар да, оны сақтап қалу, өмірдің ащысы мен тұщысын бірге татып, қуанышта да қиындықта да бірге болу ерлі-зайыптылардың екеуінен де даналықты, шыдамдылықты, кешірімді болуды талап етеді. Өмірге келген әр бала толыққанды отбасында өсіп, балалық шақтың бал дәмін татуы керек. Мұндай балалардан ертеңгі күні ата-анасын қадірлейтін, отанын сүйетін, елдің іргесінің берік болуы үшін қызмет ететін азаматтар өсіп шығады. Ал ата-ананың екеуінің де мейірімін көрмей, үнемі ұрыс-керістің куәсі болып ержеткен балалардан қоғамға өкпелі, боркемік немесе қатыгез балалар қалыптасады. Сондықтан некеге тұрған әр ерлі-зайыптыны сынақтарға сынып қалмай, некелерін сақтап қалуға шақырамын. Өйткені, егемен еліміздің ертеңі, толыққанды отбасылар мен бақытты балалар болмақ.
Зүлфия Болатова , «Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕ АҚ Атырау облысы бойынша филиалының Махамбет аудандық АХАТ бөлімінің басшысы