Республика күні қарсаңында Атырау облысы мәслихатының әлеуметтік және мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы, депутат Нұрлыбек Даралиев ауданымызға келіп, бірнеше мекеме-ұйымдарды аралады.
Алдымен Д.Төленов атындағы орта мектепке ат басын бұрған депутат аудандық білім бөлімінің басшысы Венера Қабышева мен мектеп директоры Талшын Ғабитқызына талапқа сай салынған білім беру ұйымын күтіп-ұстауды, балалар қауіпсіздігіне мән беруді тапсырды. Депутат аудандық Мансап орталығының да тыныс-тіршілігімен танысып, жұмыссыздардың қалай жұмысқа орналасып жатқанын сұрады. Облыстағы шетелдік компаниялардан қысқарған жұмысшылардың қалайда жұмысқа орналасуына ықпал етуге ұсынды. Атырау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Атырау облысы бойынша Еңбек мобильді орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің аудандық Мансап орталығы директоры А.Нұрғазиева бүгінде 1000-ға жуық адам жұмыс тапқанын, компаниялардан қысқартуға ұшыраған 700 адам жұмысқа орналасқанын, әлі де тіркеліп жатқанын айтты.
Одан әрі депутат Н.Нұрболұлы мүмкіндігі шектеулі Мырзабек Наурызұлының үйіне барып, мерекемен құттықтап, сыйлығын ұсынды. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы А.Қабдолова Мырзабек ІІ топ мүгедегі болса да спортқа бейім, тоғызқұмалақтан спорт шеберлігіне үміткер, талай жарыстардың жүлдегері екенін, «Ержүректілер» мүгедектер спорт клубына, аумақтық орталыққа баратынын айтты. Депутат Мырзабекті құттықтауға арнайы келгенін, спортты серік етіп, тоғызқұмалақтан әлем чемпионы болуына тілектестігін білдірді. Баланың анасы Сәуле Шакимова да облыстық депутаттың мереке қарсаңында ұлына арнайы назар аударып, құттықтағанына ризашылығын білдірді.
Облыстан келген меймандар одан әрі Сарайшық ауылына жол тартты. Облыстық мәслихат депутатымен бірге облыстық мәслихат аппарат басшысының орынбасары Аслан Қуанышкерейұлы, облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Тілекқабыл Байдошев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Нұрсұлтан Хусановта болды.
А.Қуанышқалиева