Қазақтың ұлы ойшылы, әлем әдебиетінің жарқын тұлғасы, ақын, қазақ әдебиетінің шоқтығы биік ірі ғұламасы, хакім Абайдың 180 жылдығына байланысты аудандық орталық кітапханада «Абай әлеміне саяхат» әдеби-танымдық кеш өткен еді.
Абай күніне арналған әдеби- танымдық кеш аудандық кітап хананың кең ауласында ұйымдасты- рылды. Шараға Жастар ресурстық орталығының мамандары, жастар, «Жасыл ел» жасағының жастары, кітапхана оқырмандары қатысты.
Кешті аудандық орталық кітапхана басшысы Шынар Орынбайқызы ашып, Абай мұрасы қазақтың ең қасиетті, теңдесі жоқ алтын қазынасы екенін меңзеп, тағылымды шараға белсене қатысуға шақырды.
Жиналғандарға көрсетілген Абай өмірі мен шығармашылығы туралы бейнешолу да өзектілігімен есте қалды. Кітапханашы Жанар Төлешова «Абай тағылымы» кітап көрмесін жұртшылыққа таныстырды.
Кезек ақынның өлеңдеріне берілді. Абай поэзиясы бөлімін кітапханашы Арайлым Идеятолла жүргізді. Кезекпен шығып, балалар мен жастар ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқыды.
Жалпы біз қазақ халқының дара да дана перзенті, ұлт руханиятының шамшырағы Абай деп білеміз. Абай- халқымыздың жүрегіне жол тапқан ойшыл, дана, ақын, ұлы ағартушы. Ақынның әрбір өлеңі терең мағынаға, шексіз махаббатқа, адамзаттың құндылықтарына толы. Ол қазақтың сөз өнерін жаңа белеске көтеріп, өлеңмен елін оятты, сөзбен ұлтты тәрбиеледі. Абай поэзиясы тек әдеби мұра ғана емес, ол-ұлттық болмыстың айнасы, ар мен адамгершіліктің мектебі. Ол өткенімізді ұғындырып, болашағымызға бағыт беретін шамшырақ.
Кеш барысында Абайдың қара сөздері де оқылып, тыңдарман жүрегінен терең орын алды. Абай қара сөздері бөлімін кітапханашы Еркемай Мақсотова жүргізді.
Абай тек ақын ғана емес, ол сазгер, қазақ музыка өнеріне өлшеусіз үлес қосқан дара тұлға. Оның «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай», «Айттым сәлем, Қаламқас» сынды әндері күні бүгінге дейін халқымыздың сүйікті әуеніне айналып, ұрпақтан ұрпаққа жетіп келеді. Оның әндері арқылы біз тек музыкалық әуезге ғана бөленбейміз, сонымен қатар ақынның терең ойына, нәзік сезіміне, дана жүрегіне үңілеміз. Абай әні – өмірдің үні, жүректің үні. Сол әндерді тыңдап, айтып жүру – біздің ұлт алдындағы парызымыз.
Кештің «Библио-кафе» бөлімінде балалардың Абай өлеңдеріне салған суреттеріне кітапханашы Гүлзира Әлібекқызы шолу жасады. Әркім өз салған суретін таныстырып, қай өлеңіне сай салғанын айтуды ұмытпады.
Жастар Абай әлемі, өмірі, шығармашылығы туралы викториналық сауалдарға жауап берді. Әр сауалда ақын Абайдың өмір жолынан бастап, әдеби, философиялық мұрасына дейінгі маңызды деректерге негізделді. Жастармен қатар аудандық Жастар ресурстық орталығының мамандары Нұрбек Бағытжанов, Асылжан Тілегенов те викториналық сауалдарға дұрыс жауап беріп, марапаттарға ие болды.
А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА