Ел әлеуетін арттыруға жасалған қадам

Қазақстан біртұтас, унитарлық мемлекет. Федерация пішімінен айырмашылығы: бір конституциясы, бір жоғары өкілеттік органы, бір үкіметі болады. Бұл оның бүкіл ел территориясына орталық билік ықпалын күшейту үшін қолайлы ұйымдық-құқықтық алғышарттар жасайды. Территориясы федеративтік бірліктерге бөлінбейтін мемлекеттік құрылыстың түрі. Саясаттанушы мамандар екі палаталы жүйе Қазақстан сияқты унитарлы мемлекетке мүлде сай келмейтінін айтады. Сенат әлемде федеративті мемлекеттің белгісі ретінде танылған.
 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Баршаңызға мәлім, мен Сенатқа он жыл басшылық еттім. Бұл жұмысты қашанда зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік деп санадым. Сондықтан маған осы мінберден парламенттік реформа туралы айту оңай емес. Соған қарамастан мен дәл бүгін елімізде көп ұзамай бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтергім келеді. Бірден айтайын, бұл – өте маңызды мәселе. Оны асығыс жүзеге асыруға болмайды. Бұл реформа азаматтық секторда, сарапшылар ортасында, сондай-ақ, әрине, қазіргі Парламентте жан-жақты талқылануы қажет»,- деп өз ойын айтса, 2026 жылғы 20 қаңтарда Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Конституциялық реформа туралы қызу талқылаулар жарты жылға жуық уақыт бойы жүріп жатыр. Бір палаталы Парламентке көшу туралы бастаманы халық қолдап отыр десек, ешқандай қате болмас. Қоғамдық пікірді білу үшін тұрақты түрде жүргізілген сауалнамалар және жұмыс тобының қортындысы да осы пайымға келіп тоғысады...Ең алдымен, болашақ Парламенттің атауы бойынша пікірімді айтсам. Қысқаша айтқанда, «Құрылтай» деген атауды беру керек деп сенемін. Құрылтайдың тарихи аясы да, мағынасы да халқымызға түсінікті, жақын,-деді. Президенттің ағымдағы жылдың 21 қаңтардағы №1157 жарлығымен Конституциялық реформа комиссиясы құрылды. Комиссия халықаралық нормаларға сәйкестендіріп, 2027 жылы еліміздің басты құжаты Конституцияға енгізілетін өзгерістерді жалпыұлттық референдумға шығарады.
Референдумға бірнеше мәселелер  ұсынылып отыр. Атап айтсақ, Парламенттің жоғары палатасы Сенат таратылады. Құрылтайдың мандат саны 145 болады. Төрағаның үш орынбасары болуы мүмкін. Ал комитет саны 8-ден аспайды. Конституциялық соттың, Жоғары аудиторлық палатаның және Орталық сайлау комиссиясының құрамын жасақтау құзыреті Құрылтайдың келісімімен ғана тағайындалуы қажет. Президенттің ұсынысы бойынша Жоғарғы соттың барлық судьяларын сайлау құзыретін жоғары өкілді орган депутаттарына беру ұсынылды. Депутаттар енді пропорционалды жүйе қағидатымен сайланады. Бірақ аймақтарда мажоритарлық жүйені сақтап қалу және Қазақстан халқы Ассамблеясының арнайы квотасы алынып тастау ұсынылып отыр. Партиялардың Құрылтайға өту бес пайыздық меже  қалдырылды. Құрылтайға депутаттарды бес жылға сайлау көзделіп отыр. Заң қабылдаудың үш кезеңнен тұратын процедурасы ұсынылуда. Депутаттар бірінші кезеңде заң жобасын жалпы мақұлдайды. Одан кейін өзгерістерді мақұлдайды, соңында заңды қабылдайды. Түптеп келгенде, біз бір қоғам болып қолға алған Парламенттік реформа еліміздің әлеуетін арттыратын болады. Сонымен қатар, әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің қарқынын күшейтіп, сапасын жақсарта түседі. 
Қазақстандағы бірлік пен келісімнің бірегей үлгісі конституциялық қағидаттарға негізделген. Елімізде билік пен қоғам арасындағы қарым-қатынастың қалыптасқан дәстүрі бар. Осы құндылықтарды сақтап қана қоймай, нығайта түсуіміз қажет.
Қайыржан Мәжиев
Махамбет аудандық мәслихатының төрағасы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT