Ауданымыз жылдан-жылға көркейіп, тұрғын үйлер бой көтеріп, ауылдың түгелге жуық аумағына жолдар салынғаннан кейін көлік қозғалысы да жиіледі.
Көлік бір жағынан шаруаңды уақытында тындыруға сеп болса, екінші жағынан қауіптілікті де туғызып отыратыны жасырын емес. Ауылдың ішінде жүрсе де,жылдамдықты шамадан тыс асырып, жол-көлік оқиғаларына әкеліп соқтыратын жайттар жиі болмаса да, орын алып отырады.
Тамыз айының соңында үйінің алдына ойнауға шыққан баланы қағып,денесіне зақым келтірілген жағдайды жұрт естіп үлгерді. Сол баланың әкесін сөзге тартқанымызда:
-Біздің алты жасар ұлымызды дәл үйдің алдында көлік қағып, қолы мен аяғы сынды. Облыстық ауруханаға апарып, ота жасаттық. Қазір қол-аяғы гипстеліп, үйде ем алып жатыр. Біз тұрған үйдің алдындағы асфальт үйден үш метр жерде ғана орналасқан.Үйде бала тәрбиелеп отырғаннан соң олардың дендерінің сау болып, еш қиындық көрмей өскенін қалаймыз ғой. Бірақ кішкентай баланы үйде ұстап отыру қиын екендігін әрбір ата-ана жақсы біледі. Содан аудандық полиция бөліміне жасанды жол кедергісін салу туралы өтінішімізді бердік. Қондырып кетті, рахмет. Алайда, бір бағытына ғана қондырып, қарсы бетінде жоқ.Осыны ескерсе екен дейміз. Бұл оқиға қайталануы да мүмкін ғой,- дейді Р.Болатұлы.
Ж о л д а р м е н и н ж е н е р л і к құрылыстардың жай-күйін, көлік құралдарының қозғалысына кедергі келтіретін кемшіліктерді анықтау мақсатында жол белгілері мен жасанды бұдырлықтарды орнату жұмыстары ҚР Ішкі істер министрлігінің 2016 жылғы 22 шілдедегі №757 бұйрығының талаптарына сәйкес атқарылады. Жаңадан салынған 60 пәтерлік тұрғын үйдің ауласына тұрғындардың өтініші негізінде жасанды кедергілер орнатылды.Тұрғындардың өтініші орынды. Себебі 180 отбасы шоғырланған мөлтекаудан,оның үстіне соңғы тұрғын үйдің көпбалалы отбасыларға бергенін, тағы қосыңыз.
- Ауылішілік жолдарға жасанды кедергілер орнату туралы жергілікті атқарушы органдарға жолданған ұсыныстар қолдау тауып, жасанды кедергілер қондырылуда. 60 пәтерліктің ауласына, мектеп, балабақша маңына, адамдар шоғыры көп аумақтарға,сондай-ақ тұрғындардың өтінішіне сәйкес жасанды жол кедергілері орнатылды. Айта кету керек, ұсыныс берілгенен кейін ол жер зерделенеді,бәрі де заңдылыққа сай жүзеге асады. Яғни ұсыныс берілсе, орындалады деген сөз емес, себебі, кез келген жерге қоя алмаймыз,- дейді аудандық полиция бөлімінің жол және техникалық инспекциясы тобының аға мемлекеттік автоинспекторы Жасұлан Избасаров.
Алты жасар баланың денсаулығына зиян келтірген жол-көлік оқиғасынан кейін жедел түрде сол жерге жасанды жол кедергісі орнатылған-ды. Алайда, автоинспектордың айтуынша, ол уақытша орнатылып, алдағы уақытта орын ауыстырылатын болады.Сондай-ақ кесілген, тозығы жетуге жақын жасанды жол кедергілерін де көзіміз шалып жүр. Жауапты өкіл де жол белгілерінің бір бөлігін кесіп алып кету фактілері орын алатынын жасырмады. Айтуынша, көлік тізгіндеген жас бозбалалардың әрекеті болуы мүмкін.
- Осы жөнінде халыққа кеңінен түсінік жұмыстары жүргізілгені дұрыс.Жасалып жатқан жұмыстың бәрі ауыл тұрғындарының, әсіресе, ойын баласының қауіпсіздігі үшін жасалып жатыр. Әр тұрғын өз көшесіндегі жол белгілеріне жауапкершілікпен қараса,оқиғалардың алдын алуға септігі тиер еді,-дейді полиция аға лейтенанты Ж.Жеңісұлы.
Көпқабатты үйдің тұрғындары да өз тарапынан жол кедергісін салу туралы өтініштеріне дер кезінде құлақ түрген атқарушы органдарға алғысын жеткізді.
- Балаларымыз ауладағы ойын алаңына шыққан сайын жиі алаңдайтынмын.Әсіресе, көліктің қарасы көбейген мезгілде қорқып, қайта-қайта алаңдап,қарап отыратынмын. Соған байланысты жолға жасанды кедергілер орнатуға өтінішімді аудандық полиция бөліміне жеткізген едім. Біздің өтінішімізді аяқсыз қалдырмай,қырағылық танытқан полицейлерге,әкімідік қызметкерлеріне мөлтек аудан тұрғындары және өзімнің атымнан шын жүректен алғыс білдіремін,- дейді көпбалалы ана Б.Себекбаева.
Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары, құрылыс және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Нұрлан Сапаров:
- Биылғы жылы 20 жасанды жол кедергісіне сұраныс беріліп, оның 14-і әкелінді.Күні бүгін аудан орталығына 10-ы орнатылса, алдағы уақытта Жалғансай, Алға ауылдарының көшелеріне орнатылмақ. Бұл жұмыстарды атқарушы мердігер компания - «БекетСәтЖол» ЖШС. Жасанды жол кедергісін көрсететін жол белгілері де жақын арада орнатылатын болады,-дейді.
Жасанды жол кедергісі баланың қауіпсіздігі үшін маңызды. Мектеп,балабақшаның тұсына таяғанда жүргізуші көлік жылдамдығын бәсеңдете түсіп,балалардың қатысуымен болатын жол апаттарын автоматты түрде азайтуға сеп болады. Бірақ бар кінәні жүргізушіге таңбай, жаяу жүргінші де өз тарапынан қойылған жол белгілері мен ескертпелерге назар аударып жүрсе, құба-құп болар еді.
Қ.БАҒЫТ