ЕЛІМІЗДЕ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МӘДЕНИЕТТІ ҚАЛЫПТАСТЫРУ, ЖАСТАРДЫҢ ТАБИҒАТҚА ДЕГЕН ЖАУАПКЕРШІЛІГІН АРТТЫРУ, ТҰРМЫСТЫҚ ҚАЛДЫҚТАРДЫ СҰРЫПТАУ ЖӘНЕ ҚАЙТА ӨҢДЕУДІ НАСИХАТТАУ, ӨҢІРЛЕРДІҢ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ЖАҒДАЙЫН ЖАҚСАРТУҒА ҮЛЕС ҚОСУ БАҒЫТЫНДА ӘЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗДЫ ЖОБАЛАР ІСКЕ АСУДА. БҰЛ БАСТАМА АУДАН КӨЛЕМІНДЕ ДЕ ЖҮЙЕЛІ ЖАЛҒАСЫН ТАУЫП КЕЛЕДІ. СОНЫҢ БІРІ «ЖЕТІ ЖАРҒЫ» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ҰЙЫМДАСТЫРУЫМЕН ЖӘНЕ АУДАНДЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ- КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІНІҢ ҚОЛДАУЫМЕН ЖҮЗЕГЕ АСҚАН «ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ ӘРТҮРЛІ ІС-ШАРАЛАР ӨТКІЗІЛДІ.
ЖАСТАРДЫҢ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ БІЛІМІН АРТТЫРУ
Жобаның маңызды бағыттарының бірі – жастардың экологиялық сауатын арттыру. Осы мақсатта аудан орталығында «ECO QUIZ» интеллектуалды ойыны өтті. Байқауға 9 команда қатысып, жастар экология, табиғатты қорғау және жалпы танымдық сұрақтар бойынша өз білімдерін сынады. Тартысты ойын нәтижесінде бас жүлде «toQAIYP» командасына берілді. Қатарластарынан оқ бойы озып, алға шыққан «Сахналықтар» мен «67-километр» командалары 1 және 2 орындарға табан тіреді. Қатысушылар экологиялық мәселе- лерге жауапкершілікпен қарауды үйреніп, практикалық тәжірибе алды.
АУЫЛ ТАЗАЛЫҒЫНА ҮЛЕС ҚОСТЫ
Сарайшық ауылында өткізіл- ген «Эко-демалыс» акциясы тұрғындарды қоршаған орта тазалығына назар аударуға шақырды. Шараға ауыл жастары мен еріктілер белсенді қатысып, ауыл маңындағы 2 гектар аумақты тазалап, 10 тоннадан астам қалдық шығарды.
Арнайы шақырылған тренер Бағлан Қалдарбеков қатысушыларға командалық ойындар өткізіп, ұжымдық рух пен көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. «Эко-демалыс» тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруға үлес қосты.
ШЕБЕРЛІК САҒАТЫНЫҢ ПАЙДАСЫ ЗОР
Жасыл аймақтарды кеңейту - жобаның маңызды бағыттарының бірі. Қ.Қалыбеков атындағы Сарытоғай орта мектебінде ағаш отырғызу және күтім жасау бойынша шеберлік сабағы өтіп, оған 9–11 сынып оқушылары қатысты. Шеберлік сабағында оқушыларға ағаш отырғызудың ережелері мен күтім жасау тәсілдері тәжірибелік түрде көрсетілді. Қатысушылар қоршаған ортаны қорғаудың қоғам өміріндегі рөлі туралы пікір алмасты, жасыл желектердің ауыл көркін жақсартуға, болашақта жасыл белдеу қалыптастыруға әсері түсіндірілді.
Шеберлік сағатына аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Ақжол Қонысбаев, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің статисі Нұрдаулет Рысқали, сондай- ақ спикер Қайрат Досбайұлы қатысты.
«ҮЗДІК АУЫЛ» ЖӘНЕ «ҮЗДІК КӨШЕ»
Аудан тұрғындарының экология- лық мәдениетін арттыру мақсатында әлеуметтік желі арқылы «Үздік ауыл» және «Үздік көше» конкурсы жарияланған болатын. Бұл игі бастама тұрғындар тарапынан үлкен қолдау тапты.
Жұмыс тобы ауданға қарасты ауылдық округтерді аралап, тазалық пен абаттандыру жұмыстарын бағалады. Конкурстың нәтижесінде Сарайшық ауылы «Үздік ауыл – 2025» аталымына, ал Махамбет ау- ылының А.Оңайбаев көшесі «Үздік көше – 2025» номинациясына ие болды.
Конкурс аясында тұрғындар сенбілік жұмыстарын жүйелі түрде өткізіп, көшелер мен қоғамдық орындарды таза ұстауға ерекше көңіл бөлді. Көптеген ауылдарда гүлзарлар жасалып, ағаштар отырғызылды, қоршаулар сырланды, жасыл-желек көбейді.
БАЙҚАУ ЖЕҢІМПАЗДАРЫНА МАРАПАТ
Жыл бойы жалғасқан «Қоршаған ортаны қорғау» жобасын қорытын- дылау мақсатында орталық алаңда концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Шараның ашылуында аудан әкімінің орынбасары Асхат Аймұратов сөз сөйлеп, табиғатты қорғау – ұрпақ алдындағы қасиетті борышымыз екенін атап өтті.
Мерекелік концертте аудан өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашты. Жоба аясында ұйымдастырылған түрлі байқауларға белсенділік танытып қатысқандар арнайы марапатқа ие болды.
Туған жердің көркеюі мен тазалығын дәріптеуге бағытталған «Таза Махамбет» бейнебаян байқауының қатысушылары Дархан Қабижан, Әділ Мұстафа, Айым Орынбасар, Әли Төлеуовтер Алғыс хатқа ие болса, Мейіржан Ермұхашев пен Ризабек Наурызбековтің дайындаған бейнебаяндары үздік болып танылды.
Сонымен қатар аудан тұрғындарының тұрғылықты аумағын таза ұстау, көгалдандыру мәдениетін дамыту мақсатында ұйымдастырылған байқауда Нұрлыбек Сариев, Сырымбет Сариев, Кадыржан Төлепов Алғыс хат иеленді. Ал, Ғани Сұлтанов пен Қайрат Сәрсенов үздіктер қатарынан көрінді.
Тазалық акциясына белсенді қатысып, туған жердің тазалығы мен көркеюіне үлес қосқан тұрғындар да аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Олардың қатарында Бақтыгүл Тілеулиева, Сағиаш Қалиева, Әмірбек Қыстаубаев, Айнагүл Бтанова, Мария Нұрмұханова, Қанымзия Габдуллина, Зейнолла Бижанов, Николай Чеченёв, Павел Чеченёв, Жалғас Қорғанов, Жеміс Хисина, Тәттібек Өтешов, Әбида Қисметова бар.
Шара соңында қатысушылар табиғатты қорғау мен экологиялық мәдениетті қалыптастыру жолында алға қарай да өз үлестерін қосуға дайын екендіктерін жеткізді.
«Қоршаған ортаны қорғау» жобасы – тек табиғатты аялауға үндеу ғана емес, тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Әрбір өткізілген іс-шара, әр отырғызылған ағаш, әр жиналған қалдық – ортақ болашаққа қосылған үлес.
Жобаға түрлі сала өкілдері, жастар, еріктілер және қарапайым тұрғындардың белсенді қатысуы – бұл бастаманың халықтық сипат алғанын дәлелдейді. Ең басты жетістік – адамдардың экологиялық жауапкершілікке бет бұруы, табиғатты қорғау идеясын жүрекпен қабылдауы. Мұндай жобалар бір реттік акциямен шектелмей, тұрғындардың күнделікті өмір салтына айналса, бұл – аудан үшін үлкен игілік.
Туған өлкенің гүлденіп, тазарып, көркеюі – баршамыздың ортақ міндетіміз. Табиғатты қорғау – келешек ұрпақ алдындағы қасиетті борыш. Сондықтан мұндай игі бастамалардың жалғасын табуы – уақыт талабы.
Г.СӘДУАҚАСОВА