«Жүректен-жүрекке» қорының бастамасымен, «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен «Jer Eco Hub» жобасы жүзеге асырылуда. Жобаның мақсаты — жастарды экологиялық қозғалысқа тарту, қоршаған ортаны қорғау саласындағы бастамалар мен идеяларын жүзеге асыру үшін гранттық қолдау білдіру және эко белсенділердің басын біріктіріп, Eco Hub құру.
Табиғатты қорғау бағытындағы ерекше жобаға ауданымыздағы «Жарқын болашақ» қоғамдық бірлестігінің белсенді жастары қатысып, 500 мың теңгелік грант ұтып алды. Тың идеялар талқыға түскен бір айлық мерзімге созылған жобада махамбеттік жастар мектепке дейінгі ұйымдарда тәрбиеленушілерді қоршаған ортаны қорғау идеясымен таныстыруды жөн санапты.
Алғашқы кезеңдегі хакатонға қатысу үшін 25 команда тіркеліп, олардың ішінде 7 команда қазылар алқасына өз жобаларын қорғаған. Эко-хакатон барысында әр команда болашақ эко-жобасының бағыты мен идеясын айқындап, бір ай көлемінде төрт негізгі бағыт бойынша оқудан өтеді. Оқу барысында әлеуметтік жобаны жасаудан бастап, идеядан жүзеге асыруға дейін, шешендік өнер, қаржылық сауаттылық және заманауи маркетинг құралдары сынды сабақтар да қосылған. Әрі қарай әр командаға әлеуметтік жобалар саласындағы сарапшы-ментор тағайындалады. Менторлармен бірлесіп, қатысушылар өз идеяларын толыққанды жобаға айналдыруға мүмкіндік алады. Финал кезінде командалар өз бастамаларын сараптамалық комиссия алдында қорғап, ең жоғары балл жинаған 4 команда 1 000 000 теңге және 500 000 теңге көлеміндегі грантқа ие болды. Жеңімпаздар қатарынан көрінген ауданымыздың жастарынан құралған команда мүшесі Нұрай Сүйеуқызы мұндай эко жобалардың болашаққа берері көп дейді.
–Бастапқыда жеңімпаздар қата- рында тек үш команда таңдалады деп жоспарланған екен. Алайда қатысушылар ұсынған жобалар жоғары деңгейде болған соң бірден 4 үздік жоба жеңімпаз деп танылды. Біз ұсынған жобаның басты мақсаты – Махамбет ауданындағы 1000 балабақша тәрбиеленушілеріне 2025 жылдың қыркүйек, қазан, қараша айларында экомәдениетті қалыптастыру, қоқыс тастамау тақырыбында 3 комикс пен 3 анимациялық бейне-ролик көрсету. Осы арқылы балаларда эко дағды қалыптастыру. Біз командамен бір айлық оқу барысында танымал өңірлік сарапшылардың интенсивті тренингтеріне қатысып, үлкен тәжірибе жинақтадық. Ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз. Мұндай жобалардың болашаққа, қоршаған ортаға берері мол деп білемін,-дейді Жарқын Болашақ қоғамдық бірлестігінің мүшесі Н.Сүйеуқызы.
«Jer Eco Hub» жобасы өңірімізде мұнымен шектелмейді. Бұл болашақта жылына екі мәрте өтетін ең үздік әлеуметтік эко-жоба байқауы болмақ. Жобаның екінші кезеңін өткізу күз айына жоспарланып отыр.
А.САТАЕВА