Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен мәдениет және өнер қызметкерлері арасында қазақ күресінен облыстық турнир өтті. Қазақ күресі бойынша біріншілікке Атырау қаласынан, Қызылқоға, Исатай, Жылыой, Индер, Махамбет аудандарынан палуандар қатысып, бақ сынасты.
Қазақ күресінен облыстық жарысты аудан әкімі Қайрат Есқабылұлы ашып, қатысушы палуандарды осынау мерейлі сәтпен құттықтап, сәттілік тіледі. «Өнер барысы» жобасы 2019 жылдан бастау алып, ауданымыз ерекше эстафетаны Исатай ауданынан қабылдап алған еді. Міне, жарыс та басталып кетті. Байрақты доданы 74 келілік салмақтағы Индер ауданынан келген Ерболат Кәрімов пен Жылыой ауданының тумасы Мирас Қыдырбаев бастады. Бұл жолы жеңіс Жылойға бұйырды. Одан әрі атыраулық Мадияр Боранов пен жылойлық Мейрам Абзалұлы арасында өрбіді. Бұл жолы да жеңіске жылыойлық Мейрам Абзалұлы жеткенін білдік. Қызылқоғалық Әділет Нысанбаев пен атыраулық Асылбек Қазиев белдесуі де тартысты өтіп, қызылқоғалық палуан жеңіске жетті.
Индерлік Бірлес Бахитов пен исатайлық Нұрқанат Меңдіғалиев жекпе-жегінде исатайлық жігіт басымдыққа ие болып, жеңіс тұғырына көтерілді. Жылыойлық Мирас Қайырбаев пен исатайлық Айбек Айболдың тартысты белдесуін көрермендер тамашалап, таза жеңіске Айбек жетті.
Жылыойлық палуан Мирас қарсылас шақ келтірмей енді бір кезекте қызыл кілемге қызылқоғалық Берік Амантаевпен шыққан еді, жеңісті қолдан жіберіп алды.
90 кг дейінгі салмақта махамбеттік Руслан Сұлтанов пен қызылқоғалық Нұрғали Бекежанов белдесіп, Руслан жерлесіміз жеңіске жетті.
90+ кг жоғары салмақта жалғансайлық Әзілхан Құралбай мен Бақтияр Дүсіпов шықты. Өткен жылы «Өнер барысы» атанғанын Әзілхан жерлесімізден биыл Бақтияр палуан басым түсті.
Сонымен қатар Бағдаулет Есжанов пен Рахымжан Сабиров, Қайролла Мәдиев пен Арман Тулегенов жекпе- жектерінің де куәсі болдық. Соңғы белдесуге 90 кг+-те Аблай Қадыров пен Есболат Рысқали шығып, қызыл кілемдегі тартысты додада жеңіске Абылай жетті.
Одан әрі ойын қызып, ақтық айқас та басталды. 74 кг салмақта Айбек Айбол мен Әділет Нысанбаев белдесіп, жеңіс Айбек Айболдың пайдасына шешілді. Мейрам Абзалұлы мен Нұрқанат Меңдіғалиев шығып, жеңіс тұғырына Нұрқанат көтерілді.
Төрт сағатқа созылған «Өнер барысы-2025» жобасының боз кілемінде өнер көрсеткендер арасынан жеңімпаздарды аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев марапаттады.
90 + кг салмақтағы жүлделі 1 орынды Арман Тулегенов (Индер) жеңіп алды және жүлде қорындағы 50 мың теңге байраққа ие болды. Жүлделі 2 орын Есболат Досқалиға (Қызылқоға) бұйырып, 40 мың теңге байрақты ұтып алды. Ал жүлделі 3 орынға Рахымжан Сабиров (Махамбет) ие болып, 30 мың теңге сертификатты иемденді. Сонымен қатар 90 кг салмақта 1 орын Бақтияр Дүсіповке (Жылыой) бұйырды, қасында 50 мың теңге байрақ бар. Жүлделі 2 орынға Руслан Сұлтанов (Махамбет) ие болып, жүлде қорындағы 40 мың теңгені місе тұтты. Ал жүлделі 3 орынды Парасат Тайпанов (Қызылқоға) иемденіп, 30 мың теңге сертификат алды. 74 кг салмақ бойынша жүлделі 1 орынды Нұрқанат Меңдіғалиевқа (Исатай) қанжығасына байлады және жүлде қорынан 50 мың теңге тиді. Жүлделі 2 орыннан Айбек Айбол (Исатай) жеңіп алып, 40 теңге байрақты иеленді. Жүлделі 3 орын тұғырына Әділет Нысанбаев (Қызылқоға) көтерілді, оған 30 мың теңге байрақ ұсынды.
Ынталандыру сыйлықтарына Асхат Тұрғанбаев, Алтынбек Тұрашев, Мейрам Абзалұлы, Қайролла Мәдиев, Әзілхан Құралбай ие болып, жүлде қорынан әрқайсысына 30 мың теңгеден берілді. Келер жылы өтетін дәстүрлі жарыстың туын аудан әкімі салтанатты түрде Жылыой ауданына табыстады.
А.ТЕКЕБАЙ