ЖАЗ ҚЫЗЫҒЫ – ЛАГЕРЬДЕ

Фото: zh-shugylasy.kz

Балалар үшін жазғы демалысты көңілді өткізудің бір түрі – лагерьге бару. Бұл – жай ғана де­малыс орны емес, нағыз шытырман оқиғаларға толы қызықты мекен. Махамбет ауданындағы 16 білім беру ұйымында жазғы лагерьлер ұйымдастырылған. Негізгі мақсат – оқушылардың жазғы каникул кезіндегі демалыс, сауықтыру және бос уақытын тиімді өткізу. Үш ай демалыста 5000-нан аса баланы қамту жоспарланған жазғы лагерьлер жұмысымен танысып қайтқан болатынбыз.

ҚЫЗЫҚТЫҢ БӘРІ – «БАЛДӘУРЕН» МЕН «БАЛАУСАДА»

Ортақшыл ауылындағы Қосарал орта мектебінде «Балдәурен» демалыс лагері маусым айының ортасында өз жұмысын бастады. Лагерьде 1-9 сы­нып аралығында 150 бала қамтылған. Түрлі іс-шаралар – ойын, сайыс, тре­нинг, көңілді старт ретінде өткізіліп жатыр. Ата-аналар да балаларымен бірге түрлі сайыстарға қатысуда.

– Лагерь үш мезгіл тамақтанумен, тынығу кезеңдерімен қамтылған. Ла­герьде демалуға келгендердің көбі – әлеуметтік жағынан аз қамтылған от­басы санатындағылар. Балалар 10 күн ішінде түрлі шараға қатысып, өздерін жаңа қырларымен таныта алады. Олардың дүниетанымын кеңейтіп, жазғы демалысын тиімді өткізуге бар жағдай жасалған. Оқушылардың спорттық қабілетін ашу, ата-анасы­мен қарым-қатынасын жақсарту мақсатында лагерьде «Шынықсаң, шымыр боларсың» тақырыбында эстафеталық жарыс өтуде. Жалпы лагерь балаларға ұнап жатыр,- дейді лагерь жетекшісі Эльвира Ізтелеуова.

Есбол орта мектебінен ашылған «Балауса» жазғы лагерінде де оқушылардың демалысын тиімді өткізу үшін бар жағдай жасалған. Тынығу бөлмелері қажетті құралдармен жабдықталған. Оқушылар қазақ мультфильмдерін тамашалап, тоғызқұмалақ, шахмат, үстел теннисі ойындарын ойнап, де­малыстарын қызықты өткізуде.

– Уақытылы тынығып, уақытылы тамақтанамыз. Бұл жер біздің достығымызды нығайтуға көмектеседі. Денсаулығымызды қарап, бар жағдайды жасауда. Өз- өзімізді ұстауды, кісімен қалай қарым-қатынас жасауды, біреудің бойынан жақсы қасиетті, біреудің бойынан жаман қасиетті көріп, ой түйдім. Жақсы мен жаманды ажы­рата білуді үйрендік. «Балауса» лагері – маған ең ұнайтын лагерь. Мен үшін «Балаусадан» артық демалыс орны жоқ. Лагерьге баруыма себеп­кер болған мектептегі ұстаздарыма да айтар алғысым шексіз,- дейді ла­герь демалушыларының бірі Асыл­жан Әбіл.

БЕЙІНДІК ЛАГЕРЬДІҢ ДЕ БЕРЕРІ БАР

Оқушылар үшін ең қызықты мезгіл – жаз. Жазғы демалыс басталып, балалар алаңсыз асыр салады. Осы орайда Е.Ағелеуов атындағы Ма­хамбет орта мектебі жыл сайын демалыс уақытындағы балалар мен жасөспірімдердің толық дема­луларына, шығармашылық және қоғамдағы белсенділігін арттыруға назар аударып келеді. Маусым ай­ында «Болашақ» бейіндік лагері жұмыс жасады. Негізгі мақсаты – балалардың ғылыми, техникалық, көркем шығармашылық, спорт және басқа да танымдық қызмет түрлеріндегі білім мен іскерліктерін арттыруға жағдай жасау.

Таңғы жаттығу және балаларға позитивті көңіл күй сыйлау үшін флеш­моб күнделікті ұйымдастырылған. Сонымен қатар, дене тәрбиесі пәні мұғалімдері балалардың дене бітімін дамыту мақсатында түрлі спорттық шаралар өткізді. Кіші тәрбиеленуші топтар аудандық мұражайға сая­хат жасап, тарихи жәдігерлермен танысып, рухани сусындады. Өткізілген шараларға балалар үлкен қызығушылық білдіріп, қатынасқанын айта кеткен жөн.

– Әрбір мектеп оқушысы жаз мезгілі мен демалыс уақытын асыға күтеді. Ал ата – аналар өз баласының жоғары деңгейде демалып, пайдалы өткізгенін қалайды. Биылғы жазғы ла­герь мектебіміздің оқушылары үшін ерекше өтуде. Олай дейтін себебіміз – мектеп ауласына киіз үй тігіліп, балаларымыз киіз үйде демалуда. «Киіз үй лагерь» бағдарламасында тәрбиешілер оқушыларға қазақ тілін дамытып, салт-дәстүрлер және әдет- ғұрыптармен таныстыру мақсатында түрлі шараларды ұйымдастыруда. Күнделікті ұлттық ойындар, түрлі конкурстар, викториналар өткізілуде. Танымдық ойындар кезінде балалар табиғаттың адамға беретін байлығын бағалауға үйренеді. Әрине, өздерінің білім қоржынын толықтырумен қатар, пайдалы тәжірибе жинайды. Балалардың айтуы бойынша, оларға, әсіресе, асық ойнау ұнайды екен,- дейді мектеп директоры Г.Неталиева.

Бейіндік лагерь түрлі пәндерді оқыту, құрылыс-жөндеу, көгалдандыру, «Жас Ұлан» көшбасшылар мектебі, дебат, қосымша білім беру бағыттары бойынша жұмыс атқарды. Осы тұста мектептің 2014 жылғы түлегі Әсет Қанатұлы лагерь тынығушылары үшін демеушілікпен киіз үй құрып берген.

«ӨРКЕНДЕ» ДЕ ӨЗ ДЕҢГЕЙІНДЕ ӨТУДЕ

Қ.Қалыбеков атындағы Сарытоғай орта мектебінде «Өркен » мектепшілік жазғы бейіндік лагері ұйымдастырылды. Түрлі бағыт бой­ынша лагерь тәрбиешілері шара­лар ұйымдастырып, оқушылардың таным көкжиегін кеңейтуіне үлес қосты. Мысалы, бейіндік бағыты бой­ынша жетекші М.А.Исмагулованың ұйымдастыруымен «Дос боламыз бәріміз» тренингі өтті. Тренингтің негізгі мақсаты – оқушылардың ой-өрісін кеңейтіп, бала бойындағы қысымды жоюға жағдай жасау. Оқушылардың арасында жағымды қарым-қатынас орнату, бір-бірін сыйлауға, адал дос болуға және қоршаған ортамен дос болуға үйретуді көздеген тренинг жоғары деңгейде өтті. Көгалдандыру бағыты аясында Н.Есенғалиқызының ұйымдастыруымен «Табиғат әлемі – суретшілер көзімен» шарасы өткізілді.

– Шараның мақсаты – оқушының табиғатқа деген сүйіспеншілігін, экологиялық тәрбие нег ізі н қалыптастыру, танымдық белсенділігін арттыру. Табиғатымыз түрлі түсті әсем бояуға бай. Демалушылар табиғат туралы суреттерді тамашалап, өз ойларын ортаға салды. Өздеріне берілген қарындаш, қылқаламмен су­рет салып, оны біркелкі етіп бояды. Демалушыларға сурет салғанда бо­яуды сыртына шығармай, біркелкі бояу керектігі түсіндірілді. Олар­дан ненің суретін салғанын, қандай түспен бояғанын сұрап, әдемі сурет салғандары үшін мадақталды. Де­малушылар шараға белсенділікпен қатынасты,- дейді Н.Есенғалиқызы.

Сонымен қатар, жазғы бейіндік ла­герьде «Киіз үй» бағыты бойынша іс-шаралар жоспарына сай «Ұлағат» тобының және топ жетекшілері З. Жаңабаева, М. Катешова Ә.Өтебаева және Ә.Сүлейменованың ұйымдастыруымен «Қазақы өлшем бірліктер» атты тәрбие шарасы өтті. Оқушыларға халық тәжірибесіндегі заттың ұзындығы мен сиымдылығын саусақпен өлшеу жолдарын көрсетті. Мақсат – демалушылар бойына халқымыздың қадір-қасиетін сіңіртіп, ата-бабасының тыныс – тіршілігінен хабардар етіп, есте сақтау қабілеттерін арттыру. Шара барысында бала­лар аталарымыздың бұрынғы өмір сүрген дәуірде, өздерінің күнделікті тұрмыс-тіршілігіндегі заттарды алып, беру және қажетіне пайдалану үшін ұзындылықты, сиымдылықты қалай пайдаланғанымен танысты.

Бейіндік лагерьде «Жас ұлан» көшбасшылар мектебі, мәдени- тарихи орындарға танымдық сая­хат, «IT», «Көгалдандыру» және басқа да бағыттар бойынша шара­лар өтті. Мұндай бейіндік лагерьлер ауданға қарасты барлық ауылдағы мектеп жанынан ұйымдастырылған. Мысалы, Қ.Ахмедияров атындағы орта мектебі жанынан ашылған «Балдәурен» жазғы демалыс лагерінің жоспарына сай лагерь демалушы­лары «Сарайшық» тарихи-мәдени мұражайы мен аудандық тарихи- өлкетану музейіне барып, саяхаттап келді. А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектеп жанындағы «Айгөлек» бейіндік лагерінде «Көп оқыған – көп біледі» тақырыбында шара өтіп, балалардың кітап оқуға деген құштарлығын арт­тырып, көркем әдебиеттермен таны­суына мүмкіндік берілді.

АУЫЛ БАЛАСЫ АЛМА­ТЫДА ДЕМАЛАДЫ

Аудандағы 6 мектепте тамақтандырылатын күндізгі ла­герь, бір мектепте 60 баланы қамтуға қабілетті шипажай үлгісіндегі лагерь ашылған. Өзге мектептердің жанынан бейіндік лагерьлер жүзеге асырылды. Аталған жұмыстарға жергілікті бюд­жеттен 83 млн 545 мың теңге қаражат қаралған. Бұдан басқа Алматы, Шым­кент қалалары мен шет мемлекеттерге 353 оқушыны жіберу жоспарда.

– 22 маусымнан бастап міндетті оқу қорынан қамтылатын 33 бала бірінші кезеңге демалуға жіберілді. 8 маусымда Алматы қаласын демалуға ауданымыздан 22 оқушы кетті. Же­лезноводск қаласындағы «Қазақстан геологі» емдеу пансионатына – 130, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының жобасы аясында Алматы және Шымкент қалаларына 123 және міндетті оқу қоры есебінен 100 оқушы қамтылып, демалысқа жіберілетін болады. Жазғы сауықтыру лагерьлеріне оқушылардың баруы ата- аналардың өтініші мен әр мектептің қамқоршылық кеңесі шешімінің негізінде жүзеге асырылады,- дейді аудандық білім бөлімінің тәрбие жұмысы жөніндегі әдіскері Гүлнар Хасан.

Алматы қаласындағы республикалық физика-математика мектебі 7-8 сыныптардың оқушылары үшін математика, физика, информа­тика және ағылшын тілі пәндерінің 4 тоқсандағы олқылықтарын жою үшін ұйымдастырылған жазғы оқу- сауықтыру лагеріне Махамбет ау­данынан 4 оқушы барып келді. Айта кетейік, мектеп жанындағы лагерьден бөлек Сарытоғай ауылындағы «Арай» демалыс лагері де 24 маусымда есігін айқара ашты. Ол жерде 500-ге жуық баланы 4 кезеңнен қабылдайтын бо­лады.

Жазғы демалыс – мектеп оқушыларының жалпы физиологиялық, сана-сезімдік, дүниетанымдық тұрғыда даму, жетілу кезеңі. Үлкен үзіліс ұзақ оқу жылынан кейін мектеп оқушыларын денсаулығын бекіту, денесін шынықтыруы және де күш жинауы үшін беріледі. Ал жазғы лагерьлер – демалыс орны ғана емес, үлкен тәрбие мен үгіт-насихат құралы.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT