Облыстың бұқаралық ақпарат құралдары арасында өзіндік орны, салмағы, журналистік мектебі қалыптасып, жергілікті қаламгерлердің ұстаханасына айналған ауданымыздың айнасы «Жайық шұғыласы» газетінің орны қашанда бөлек. Қасиетті қара шаңырақ қаншама қарымды қаламгерлердің қанатын қатайтып, болашағына жол ашты десеңізші?! Солардың бірі – еңбек жолын газетте қатардағы корректорлықтан бастап, жауапты хатшы лауазына дейінгі барлық қызмет сатысынан абыроймен өткен «Қазақ журналистикасының қайраткері», Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Сейілхан Қайыржанов.
Ол 1948 жылы 16 қаңтарда Махамбет ауданының Айбас ауылдық кеңесінде (қазіргі Исатай ауданы, Тұщықұдық ауылы) дүниеге келген. 1974 жылы С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дың журналистика факультетін бітірген.
- Алғашқы еңбек жолымды бастаған «Малды өңір» (қазіргі «Жайық шұғыласы») газеті мен үшін әрқашан ыстық. Бұл қызметке сол кездегі редактор Жауыров Теңдік ағайдың шақыртуымен келдім. Журналистика саласында ойып алар өзіндік орны бар, қарымды қаламгер, ерекше тұлға Теңдік ағаймен қызметтес болғанымды мақтан етемін. Қай саланы алып қарасаңыз да өзіндік тарихы, сол саланың кетігін тауып, кірпіші болып қаланған тұлғалардың есімдері алтын әріптермен жазылып айшықталып тұрады. Сексен жылдан астам тарихы бар аудандық газетте қаншама азамат еңбек етті. Оның бәрі тарих беттерінде қатталып тұр. Мен қызмет еткен жылдары Теңдік Жауыровтан бастап, Қырықбай Бекбаев, Ерсайын Асылалиев, Зұлқарнай Дабылов, Күзембай Әміров. Жолдас Дүсіпов, Бағыт Көшербаев, Махаббат Ғұмаровтардың қай- қайсысы да «сен тұр, мен атайын» дейтін қанатты қаламгерлер, қаламы мұқалмас журналистер, газеттің жаны мен тәніне айналған тума таланттар екені сөзсіз. Сонымен қатар, фототілші Қапиз Мұхтаровтың орны тіптен бөлек. Ол кезде қазіргідей компьютер заманы емес, барлық жұмыс адамның қол- күшін талап етті. Типографиядағы қыз-қыз қайнап жататын еңбектің өзі бөлек әңгіме, - дейді Сейілхан аға өткен күнді еске алып.
Ол «Жайық шұғыласы» газетіндегі он бір жылдан астамғы еңбек жолында әр түрлі лауазымды қызмет ете жүріп, газеттің қалыптасуына, аудан жұртшылығына кеңінен танылуына, жоғары жетістіктерге жетуіне елеулі еңбек сіңірді. Сол жылдардағы ұжымның табысты еңбектерінің нәтижесінде аудан газеті көркемделуі мен полигарфиялық орындалуы жөніндегі республикалық конкурста төрт мәрте жеңімпаз атанып, бірінші дәрежелі дипломға ие болды. Сондай ақ, 1970 жылы «Малды өңір» газеті бұқаралық жұмысты жолға қоюдағы ұнамды қызметі үшін М.И.Ульянова атындағы бүкілодақтық бірінші сыйлыққа ие болғанын да айта кеткеніміз жөн. Осының бәрінде де ұжымдағы барша қызметкермен қатар, Сейілхан ағаның да үлесі зор.
1977 жылы бұрынғы Новобогат ауданы қайта құрылғанда облыс басшылығының ұйғарымымен С.Қайыржанов осы ауданның басылымы «Нарын таңы» газеті редакторының орынбасары қызметіне ауысады. Одан әрі 1983-1988 жылдар аралығында партиялық жұмысқа шақырылып, Новобогат аудандық халықтық бақылау комитетінде төраға орынбасары және аудандық партия комитетінде нұсқаушы қызмттерін атқарған.
1988 жылы Новобогат ауданы таратылған кезде Махамбет ауданына келіп, төрт жылдай осы ауданның «Ақжайық» кеңшарында партия комитетінің хатшысы, кеңшар директорының орынбасары болған. 1992-1993 жылдары Махамбет ауданы әкімі аппаратында ішкі саясат бөлімінің бас маманы қызметін, 1993 жылдан бастап «Қазақгаз» мемлекеттік холдинг компаниясының салалық «Рауан» газетінің Атырау, Маңғыстау облыстары бойынша меншікті тілшісі қызметін атқарды. Кейінгі жылдары Махамбет ауданы әкімдігінің ұйғарымымен жергілікті басқару органдарына қызметке шақырылып, Чкалов ауылдық округінің (қазіргі Бейбарыс) әкімі болған. Айтуынша, осы жылдар ішінде «1 мамыр» акционерлік қоғамы басшылығымен бірлесе отырып, Талдыкөл ауылының инфрақұрылым мәселесінің оң шешілуіне қолжеткізген екен.
- Қызығы мен қиындығы мол, зор жауапкершілікті қажет ететін ақпарат айдынында еңбек ету – абыройлы қызмет. Қоғам мен биліктің арасында алтын көпір орнату оңай емес. Десе де, өз кәсібін шын сүйетін, талантты журналис- тер бұл үдеден шығады. Қазіргі таңда тілшілер қауымы заман көшінен қалмай, жаңа медианы меңгеріп, елдікті сақтау, азаттықты баянды ету жолында абыройлы қызмет атқарып жүр. Журналист әрқашан жазатын тақырыбына терең зерттеу жүргізіп, көп ізденіс үстінде болуы керек. Бұқараның базынасына құлақ түріп, ойлы оқырманның талғамын тап басып, жанрлық ерекшелігі мен безендірудің көркемдік деңгейі жоғары болған басылымның қоғамға берері көп болмақ, - дейді журналистика саласының ардагері.
Б.САПАРОВА