Ауданымызға белгілі ардагер, мемлекеттік қызмет саласының майталманы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, қарымды қаламгер, белгілі журналист Сабырғалиев Марат Батырұлының 70 жасқа толуына орай мерекелік кездесу өткізілді. Оған облыстық ардагерлер ұйымының өкілдері, аудандық мәслихат хатшысы мен бөлім басшылары, ардагерлер мен мерейгердің замандастары қатысты.
Кездесуде алғаш сөз кезегін алған облыстық ардагерлер ұйымының жауапты хатшысы Мәлік Мақсотұлы мерейлі жас иесіне ізгі тілегін білдіріп, кеудесіне «Атырау ардақтысы» төсбелгісін тақты. Сонымен қатар, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Н.Аруев, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Р.Әженов, аудандық мәслихат төрағасы Қ.Мәжиев, «Жайық шұғыласы» газеті ұжымы, сонымен қатар, ауылдық ардагерлер ұйымы төрағалары мен замандастары құттықтау тілектерін білдірді. Ауыл ақсақалы Уәп Кабдыкаримов пен жұбайы Райхан Кабдыкаримова мерейтой иесі Марат Сабырғалиевке құттықтау тілегін жолдап, иығына шапан жапты.
Марат Батырұлы 1954 жылы 25 қыркүйекте Сарытоғай ауылында дүниеге келген. 1973 жылы Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттанған ол үш жыл әскери сүңгуір кемешілер құрамасында болған. Әскер қатарынан босатылған соң Мәскеу қаласындағы кеңестік орталық газеттердің шет елдердегі тілшілерін даярлайтын факультетіне «тыңдаушы» болып қабылданады. Қазақстан Компартиясы аудандық комитетінің шақыртуымен «Малды өңір» (қазіргі «Жайық шұғыласы» газетіне) әдеби қызметкер, кейін бөлім меңгерушілігіне тағайындалады. Куйбышев (бүгінгі Самара) қаласындағы баспахана мамандарын даярлайтын техникумына 1978 жылы түсіп, 1982 жылы бітіреді. 1985-1989 жылдары Алматы Жоғары Партия мектебін тәмамдап, кейін аудандық «Жайық шұғыласы» газеті жанындағы радио бөлімінің меңгерушісі, аудандық халық депутаттары Советі Президиумы аппаратына аға референт, мәслихат депутаттары жиналысы аппаратына аға референт, бас маман, 1995-1997 жылдары аудан әкімі аппаратының қоғамдық-саяси бөлімінің меңгерушісі, 2000 жылға дейін осы бөлімде бас маман, кейін аудандық мәслихат аппаратында бас маманы лауазымдық қызметтерінде болған. 2017 жылы зейнеткерлікке шықса да, үш жылға жуық облыстық «Атырау» телеарнасының Махамбет ауданы бойынша меншікті тілшісі де болды. Бүгінде жетпістің жотасына шыққан ағамыз аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары қызметінде.
Оның ұзақ жылғы еңбегі 2007 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің «Алғыс хаты», 2011 жылы «Астанаға – 10 жыл», 2019 жылы «Мәслихаттарға – 25 жыл», 2021 жылы аудандық «Жайық шұғыласы» газетіне – 80 жыл» төсбелгілерімен, 2021 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің «Алғыс хатымен», 2022 жылы Хиуаз Доспанова атындағы медальмен бағаланған.
Кездесу соңында сөз алған мерейгер Марат Батырұлы осынау күні сый-құрметке бөлеп, игі тілектерін арнап, құттықтап келген барша жанға риясыз алғысын білдірді.
Б.САПАРОВА