Ашықтық пен әділдік – басты бағдар

«ХАЛЫҚ ҮНІНЕ ҚҰЛАҚ АСАТЫН МЕМЛЕКЕТ» ИДЕЯСЫНЫҢ НЕГІЗГІ МАҚСАТЫ – БИЛІКТІҢ ХАЛЫҚ АЛДЫНДАҒЫ ЖАУАПКЕРШІЛІГІН КҮШЕЙТУ ЖӘНЕ БАСҚАРУДАҒЫ АШЫҚТЫҚТЫ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ. БҮГІНДЕ МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАР ӨЗ ҚЫЗМЕТІН ЦИФРЛАНДЫРУ АРҚЫЛЫ АШЫҚ ФОРМАТҚА КӨШІРУДЕ. ОНЛАЙН ҚАБЫЛДАУЛАР, ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕГІ ПІКІР АЛМАСУ, АЗАМАТТАРДЫҢ ӨТІНІШТЕРІН ЖЕДЕЛ ҚАРАУ – ОСЫНЫҢ БАРЛЫҒЫ ЖАҢА МӘДЕНИЕТТІҢ ҚАЛЫПТАСЫП КЕЛЕ ЖАТҚАНЫН КӨРСЕТЕДІ.

Қай кезеңде болмасын үнемі мемлекеттік басқару ісін жетілдіріп, тиімділігін арттыру міндетін жүктеген Президент: «Мемлекет пен қоғам арасындағы диалогтың сапасын одан әрі арттыра түсу үшін бәріміз адал әрі әділ болуымыз, тек заң аясында әрекет етуіміз, берген уәдеміз бен ісіміз үшін жауап бере білуіміз керек. Өтініштерді қарауға қатысты жұмыстың бірыңғай экожүйесі қалыптаса бастағаны өте маңызды. Бұл жүйе халықтың қажеттілігі мен талап-тілегін нақты біліп отыруға мүмкіндік береді. Мемлекеттік органдар өз жұмысын жетілдіру үшін азаматтардың өтініштерін талдауға көбірек назар аударуға тиіс, - деген болатын.

Қазір қоғамның сұранысына толық жауап бере алатын, халықтың мүддесін жоғары қоятын мемлекеттік аппараты қалыптастыру бағытында әртүрлі байланыс арнала­ры жұмыс істейді. Бүгінде халықтың пікірлерімен ой алмасу үшін қолжетімді және ыңғайлы платфор­малар «Ашық үкімет», «Е-Otinish», «Ашық диалог», «Ашық бюджеттер» алаңдары бар. Мұның барлығын тиімді саяси шешімдер шығару және азаматтарымыздың басқару үрдісіне тікелей қатысуына мүмкіндік береді.

Аудан әкімі аппараты мамандары берген мәліметке сәйкес, ағымдағы жылдың он айында тіркелген 563 өтініштің 304-і қағаз түрінде, 259- сы «Е-Otinish» ақпараттық жүйесі арқылы келіп түскен. Аталған өтініштердің нәтижесі бойынша 204 өтінішке әкімшілік акт қабылданды, 119 өтініш қаперге алынды. Ал 155 өтінішке ауыртпалық әкімшілік акт қабылданды. Тұрақты түрде өтетін аудан әкімінің азаматтарды жеке қабылдауы жыл басынан бері 30 рет өткізіліп, оған 256 тұрғын қатысқан. Нәтижесінде 115 азаматтың мәселесі қанағаттандырылды, қалғанына заң талаптарына сай түсінік жұмыстары жүргізілді.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығы аясында барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізіп, кездесу барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, шешу жолдарын түсіндіруді және қарастыруды тапсырған болатын. Соған сәйкес, барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындармен кездесуі тұрақты түрде жүзеге асып келеді. Бұл жұмыстардың барлығы, сайып кел­генде «Күшті Президент — ықпалды Парламент — есеп беретін Үкіметтің» алғышарты. Себебі, «есеп беретін Үкімет» «есеп беретін әкімдіктерден» басталады.

Мәселен, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында яғни мамыр- маусым айларында аудан әкімінің және ауылдық округ әкімдерінің елді мекен тұрғындарымен барлығы 30 кездесуі өткізілді. Оның ішінде аудан әкімінің ауылдық округ тұрғындарымен 9 кездесуі, ауылдық округ әкімдерінің елді мекен тұрғындарымен 21 кездесуі өтіп, барлығы 1567 адам қатысты. Тұрғындар көтерген мәселелердің басым бөлігі инфрақұрылымды дамыту, ауылішілік жолдар салу және әлеуметтік нысандарды жөндеу жұмыстары, тұрғын үй және жер жөнінде болды. Аудан әкімінің ауылдық округі әкімдерінің тұрғындармен кездесуі кезінде барлығы 136 мәселе көтеріліп, оның 18-і бақылауға алынған. Бақылауға алынған мәселелер бойынша іс- шаралар жоспары жасақталып, оның орындалысы аудан әкімдігінің ресми сайтында жарияланды. Әр ауылдық округте аудан әкімінің халықпен кездесулер өткізгеннен кейін (бөлім басшыларының, прокуратура, поли­ция, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуымен) аудан әкімі тұрғындарды жеке мәселелер бойынша қабылдауын өткізеді. Соған сәйкес, алғашқы жартыжылдықта аудан әкімі 9 ауылдық округте 22 адамды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Техникалық мүмкіндіктерді ескере отырып, яғни интернет жылдамдығына байланысты әр ауылдық округте аудан әкімінің және ауылдық округ әкімдерінің кездесуі кезінде әлеуметтік желі арқылы қосылып, тұрғындардың пікір білдіру мүмкіндігіне жағдай жасалып, тікелей эфирде көрсетіледі. Осы тұста айта кетейік, аудан әкімінің ауылдық округ тұрғындарымен екінші жартыжылдықтағы кездесуі 3-10 қараша күндері аралығында жоспарланып отыр.

Мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырудың басты мақсаты, әрине, ол – тұрақты даму негізінде мемлекеттің әлеуметтік дамуын мейлінше қамтамасыз ету, халықтың әл-ауқатын көтеру, олар­ды мемлекеттік басқару үрдісіне қатыстыруды оңтайландыру. Осы ретте Президент пәрменімен азаматтық қоғамды күшейтіп, бұқара мен билік арасындағы диа­логты дамытуды көздеген «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы саяси жүйені жаңғыртуға серпін беруде.

Б.САПАРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT