Кітап – адамзат баласының баға жетпес рухани құндылығы. Кітап білім мен тәрбие құралы ретінде жеке тұлғаны қалыптастыруда ерекше ықпалға ие. Бүгінгі күні оқырман мен кітаптың арасын жақындату мақсатында әлем қолдан келген бар мүмкіндіктерді қолдануда.
Жуырда Е.Ағелеуов атындағы Махамбет орта мектебінде математика, физика, информатика пән бірлестігінің ұйымдастыруымен «Оқы және өзгеге сыйла» атты буккроссинг акциясы өткізілді. «Оқуға құштар мектеп» атты кітап оқуды дәріптеуге арналған жоба аясында өткен акцияға 10-сынып оқушылары қатысты.
- Буккроссингтің басты мақсаты – оқушылардың өздері оқыған кітаптарын бір-бірімен алмастыру, оқырмандарды кітап оқуға шақыру және кітапханаға оқырмандарды тарту. Акцияға оқушылар белсенділікпен қатысты. Кітап оқу оқушылардың білімін арттырып, сөздік молайтуға септігін тигізеді. Барлық оқырмандарды кітап оқуға шақырамыз,- дейді физика пәнінің мұғалімі Ж.Бағытова.
Оқушылар өздері оқыған кітаптарының мазмұнын қысқаша баяндап, оқырмандарға таныстырды. Оның ішінде Абай Құнанбаевтың шығармалары, Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран», Оноре де Бальзактың «Шагреневая кожа», Федор Достаевскийдің «Белые ночи» романы бар.
Қ.БАҒЫТ