Ардагер журналист Бағыт Көшербаев «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалімен марапатталды

Жуырда аудан орталығында өткен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік – асыл сыйы уақыттың» атты салтанатты шарада бірқатар азаматтардың мерейлері өсіп, сан түрлі мадақтауларға ие болған еді.

Ұлт мерейін өсірген ұлы мерекеде торқалы тойға арнайы шығарылған «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалін кеудесіне таққан 30ға жуық азаматтың ішінде компьютерге дейінгі кезеңде баспаханадағы линотип машинасының тілін тауып, қолданысқа енгізген ардагер журналист, «Жайық шұғыласы» газетінің 1982-2005 жылдардағы жауапты хатшысы қызметін атқарған Бағыт Көшербаев та бар.

ce286c17-7cd7-488f-847b-c3d7640f59fc

Алғашқы еңбек жолын аудандық баспаханада бастаған ағамыз бір жылдан кейін Индер ауданындағы баспаханаға қызмет ауыстырады. Бір жыл көрші ауданда еңбек етеді. Туған ауылына қайта оралғанда жалғыз қайтпай, Индер аудандық газетінің редакторы Мәжит Машановтың қызы Тыныштық сұлуды өзімен бірге ала келеді. Журналистің қызы, өзі де баспаханада еңбек еткен, газетте қызмет етудің қиындығын бір кісідей түсінетін Тыныштық апамыз азаматына әрқашан қолдау көрсетіп, алтын асықтай ұл мен қыз сыйлап, шаңырағын шаттыққа бөлейді. Ғұмырының 40 жылын газет шығару мен тілшілік қызметке арнаған Бағыт ағамыз осы жылдар ішінде төрт редактормен қызметтес болған.

15b5bb83-2927-42bf-8e38-ce7c7dc667fd

- 1964 жылдың қараша айында Отан алдындағы борышымды өтеп, туған ауылыма келгеннен кейін екі айдай демалып, аудандық редакцияға жұмыс сұрап бардым. Ол кезде редактор Теңдік Жауыров, орынбасары Мүтәлі Шәріпов, жауапты хатшы Мақажан Қабиевтер еді. Бұлардан басқа Мақсот Неталиев, Қырықбай Бекбаев, Күзембай Әміров, Данияр Жәрдемовтер еңбек етеді. «Кілең сен тұр, мен атайын» деп тұрған білікті журналистер. Олардың арасынан маған орын табылмады. Бірақ меселімді де қайтармады. Редактор Теңдік Жауыров әзірге баспаханада қызмет ете тұруды ұсынып, линотипшілерді оқытатын 6 айлық курсқа жіберді. Алты айлық курстан өткеннен кейін жұмысқа кірісіп кеттім. Линотип машинасы келгеннен кейін баспахананың жұмысы біраз жеңілдеді. Ол кезде төрт беттік газет аптасына үш рет шығады. Баспахананың қызметкерлері кешкі алтыда жұмысқа келіп, таңда газетті шығарып, үйлеріне кетіп бара жататын еді. Түн демей, күн демей өте қиын жағдайда жұмыс жасайтын. 2001 жылы компьютер келгеннен кейін линотиптің пайдасы болмай қалды. Теңдік Жауыров, Қырықбай Бекбаев, Сайлаубай Тәжбентай, Нұрым Ерғалиев секілді төрт редактормен қызметтес болдым. Төрт редактордың әрқайсысының газетке салған сара жолдары бар, әрқайсысы өз алдына мектеп-тұғын. Сол мектептен үлгі- өнеге алдық. Өзімнің бойымда қандай да бір жақсы қасиет болса, ол осы редакция қабырғасында жүріп алған тәрбием,- дейді ардагер журналист Бағыт Көшербаев.

Бағыт Көшербаев 1970 жылға дейін линотипші қызметін атқарып, кейін редакцияға корректор болып ауысады. 1971-78 жылдар аралығында тілші, әдеби қызметкер, радио хабарын ұйымдастырушы, хат бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы, 1978-82 жылдары баспахананың директоры қызметтерін атқарды. 1982 жылдан зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін бас редактордың орынбасары-жауапты хатшы лауазымында болды. «Журналист көзі қырағы көргіш, құлағы түрік сергек, сезімтал, аңғарғыш, кішіпейіл және ең бастысы әділ болуы» керек деген Теңдік Жауыровтың сөзін өзінің өмірлік ұстанымына айналдыра білген Бағыт ағамыз 1970 жылы «Лениннің 100 жылдығы» медалімен, бертін келе ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің, Мәдениет қызметкерлері кәсіподақтары республикалық комитетінің «Құрмет» грамоталарымен марапатталған. Енді марапаттарының қатарына «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалі қосылып отыр.

 

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT