2020 жылдың 6 сәуір күні кешке сағат 17.30 шамасында Махамбет аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шатыры ұшты.
2018 жылдың қыркүйек айында нысанға 501 миллион 444 мың теңгеге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілген болатын. Мердігер - «Бекболатовтар» құрылыс компаниясы жұмысты 2017 жылы бастап, тура бір жылдың ішінде бітірген.
Ғимаратқа жапсарлас күрес, бокс залы, алаңға жасанды төсеніш төселіп, арнайы жүгіру жолағы, баскетбол алаңдары салынды. Көлемі 18х30 спорт залының жабындысы батыстан соққан қатты желден тұтастай жұлынып кеткен.
Жүгіруге арналған жолақ пен жасанды төсеніштің үстіне құлағандықтан, оларға да аздаған зақым келтірілген.
Құрметті қонақтар отыратын жердің де шатыры опырылып түскен екен. Жаңадан салынған бокс және күрес залы дін аман.
«Оқиға орын алған уақытта қарауыл мен оператор ғана жұмыс орнында болып, басқа қызметкерлер төтенше жағдайға байланысты қашықтан жұмысқа көшкен еді. Нысанның іші-сырты толықтай құлыптаулы болды. Зардап шеккендер жоқ. «Бекболатовтар» құрылыс компаниясының өкілімен келісім-шартта көрсетілген кепілдендірілген уақыты осы жылдың қыркүйек айында бітеді. Олар да бар жағдайды естіп, көріп, қайта қалпына келтіру жұмыстарын жедел бастап кетті»,- дейді спорт мектебінің директоры Абат Қабенов.
Қазбек АЙТҚАЛИЕВ