Ауданымыздағы аграрлық саланы дамытудың үлкен бір бағыты – мал және егін шаруашылығының өркендеуі болып табылады.
Мал басын көбейтуге ғана емес, тұқымын асылдандыруға ынталы жеке шаруалардың қатары артып келе жатқаны бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижелі екендігін көрсетеді.
Мал басын көбейтіп, егістігін жайқалтам деген шаруаларға мемлекет тарапынан қамқорлықтар қолға алынып, арнайы бағдарламалар арқылы қаржылай қолдау жолға қойылып отыр. Пайызы төмен несие берумен қатар мал басының өсімі мен өніміне субсидия төлеу – шаруалар үшін үлкен қолдау екені анық. Дәл осы бағыттағы жұмыстар ауданымызда да жалғасын тауып келеді. Аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы О.Мырзабевтың айтуынша,аудан шаруаларына субсидиялар негізінен асыл тұқымды мал шаруашылығына, тұқымға, тыңайтқышқа, интенсивті бау-бақша өсіруге, тамшылатып суару технологиясы мен трактор сатып алуға және егістікке қажетті канал суына беріліп жүрген көрінеді.
- 25 сиырға бір бұқа сатып алынады. Бұқаның жасы 12 айдан аспау керек. Селекциялық жұмыстарға (шағылысу) әр басқа 10 мың теңгеден 25 басқа 250 мың теңге беріледі. Бұқаның қолдану мерзімі 2 жыл. Екі жылдан кейін қайтадан жаңа аталық бұқа сатып алады. Егін егетін қожалық иесі тыңайтқышты сатып алу үшін алдымен ауылшаруашылығы басқармасына тапсырыс жібереді. Тыңайтқыштың құнын100 пайыз өзі төлеп сатып алады. Содан соң сатып алғанын растайтын құжаттарын, 100 пайыз төлем жасағанын дәлелдейтін түбіртегін т.б құжаттарын қайтадан басқармаға жолдайды. Осыдан кейін басқарма тарапынан тыңайтқышқа жұмсаған ақшасының 50 пайызы қожалық иесіне қайтарылып беріледі. Тұқымға берілетін субсидия туралы айтар болсақ, тұқымдардың өзі сұрыптарға элиталы және супер элиталы, 1 - репродукциялы болып бөлінеді. Егер тұқым мемлекеттік реестрге жататын болса оның 70 пайызы субсидияланады. Оған жатпайтын болса тек қана 30 пайызы субсидияланады. Тауарлы судың көлемін тұтыну субсидиясы бойынша қожалық иесі егетін егінінің көлемін КазСушар мекемесіне баяндайды.
Содан соң ол мекеме дақылдың түріне қарай су тұтыну көлемін шығарып береді. Суға төленген қаржының 80 пайызын ауыл шаруашылығы басқармасы кері қайтарып береді. Сонда шаруаның өзінен тек 20 пайыз ғана шығын шығады. Тамшылатып суару технологиясының құрылғысы да 50 пайыз субсидияланады ,– деді ол.
Субсидия қарапайым шаруаға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек. Алайда оны алу үшін қажетті құжаттар толық жинақталуы қажет. Субсидияларды алуға үміткер ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлері сатып алынған немесе сатқан өнімдерін барлық дәлелді құжаттармен растауы (келісім шарт, төленген сомма бойынша квитанция, төлем құжаттары) керек. Субсидия алу үшін өтінімді koldau.kz порталы арқылы бере алады.
Ең бастысы, азаматтар қажетті құжаттарды құнттау керек. Құжаттар толық болмаған жағдайда субсидия берілмеуі мүмкін.
Б.СҮЙЕУОВА