Пандемия кезінде тажалмен арпалысқан медицина саласымен қатар білім жүйесі үшін де ауыр сынақты бастан кешті. Ол кезде балалардың мектеп қабырғасында дәстүрлі форматта білім алуына мүмкіндік болмағандықтан мұғалімдер оқушыларды тек қашықтықтан оқытты.
Ұстаздың ауыр жүгін арқалауды өз жүрегінің қалауымен таңдаған Д.Төленов атындағы мектеп- гимназиясының биология пәні мұғалімі, педагог-сарапшы Ақтолқын Сәлімжанқызы – заманауи ұстаз, жаңаша ойлау дағдысын шебер меңгерген жан. Пандемия кезінде оқушыларға білім берудің ең озық үлгілерін пайдаланып, қашықтан сабақ берген сол кезді былай деп еске алады.
-Еліміздегі жағдайға байланысты карантин талаптарына сай оқушылар алтын ұя мектебінен қашықтықта білімін жалғастырды. Рас, алғашқы кезде қашықтан оқуға ешкім дайын болмады. Мұғалімдерге әдістемелік көмектер мен ресурстар таратылды. Технологияның озық дамыған заманында алдыңдағы оқушыны мектепке, әр сабаққа қызықтыра білу - мұғалімнің шеберлігіне байланысты. Мен де әріптестеріммен бірге бейнесабақтар түсіріп, қысқа мерзімді жоспар, жиынтық бағалау тапсырмаларын құрастырдым.Кейін жұмысым облыс мектептеріне таратылды. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының онлайн форматта ұйымдастырған облыстық биология пәні мұғалімдеріне арналған вебинарда «CIasstime» платформасының тиімділігі» тақырыбында спикерлік еттім. 2016 жылдан бастап Д.Төленов атындағы мектеп-гимназияа жұмыс істеп келемін. Биылғы оқу жылында 5-11 аралығындағы сыныптарға биология пәнінен дәріс берудемін. «Ұстаздан шәкірт озар» дегендей, ізденген мұғалімнен шығармашыл шәкірттер шығады деп жатады. Оқушыларым түрлі онлайн байқауларға, жобаларға, олимпиадаларға қатысып, жүлделі оралды. Мәселен, шәкіртім Ақерке Мағзомова республикалық пәндік олимпиаданың аудандық кезеңінде 1 орын, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткен республикалық олимпиадада ІІ орын алды. Сондай-ақ тағы бір шәкіртім Раушан Адамова ғылыми жобалар сайысында ІІІ орынға, республикалық «Вауtaq eI» қашықтық олимпиадасында ІІІ орынды иемденді.
Беделді білім ордасында үлгі тұтатын әріптестерім көп. Соның ішінде, тәлімгерім Бержан Жантөриеваның мен үшін орны бөлек әрі ол кісіге айтар алғысым шексіз. Уақытша қиындықтар кезеңінде ата-ана, мектеп және мұғалім болып, үштік одақ жұмысы нығая түсті. Осы орайда, барлық ұстаздар атынан ата-аналарға да алғыс айтқым келеді, –дейді ол бізбен әңгімесінде.
Жалпы Ақтолқын Қызылқоға ауданы, Қаракөл ауылының тумасы. Бүгінде ата-анасымен Сарытоғай ауылында тұрады. «Әрбір шәкірт – бір жұлдыз, тек оның жарқырауына жәрдем беру керекпіз!» деген ұстанымдағы жас ұстазды болашақта биік шыңдардан, табыстар биігінен көретінімізге сенімдіміз.
Төтенше жағдай кезінде бар күш- жігерін жұмсап, білім берудің ең озық үлгілерін ұтымды пайдалана білген ұстаздар қауымына біз де өз тарапымыздан алғыс білдіреміз.
А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА