Депутат Әлем чемпиондарына жарты миллион сыйлық жасады

Депутат Әділ Жұбанов Әлем чемпиондарына тосын сый жасады.

Күні кеше ғана Румынияның Констанца қаласында өткен қол күресінен Әлем чемпионатында көк туымызды желбіретіп, Әнұранымызды шырқатып, алтын жүлдені қанжығаға байлап келген жерлесіміз Рахия Молдашева мен Исатай ауданының спортшысы Алмагүл Қанатованы Атырау облыстық мәслихатының депутаты Әділ Орынбасарұлы Жұбанов арнайы қабылдады.

Кездесуге Ә.Жұбанов басшылық ететін «БатысАльянсСтрой» ЖШС-ның қызметкерлері де қатысып, қарапайым ауыл әйелдерінің бойындағы осыншама қайсарлық пен қара күшке әрі таңданып, әрі мақтанып қарайтындықтарын ашық айтты. Ел намысын қорғауда ерлермен тең дәрежеде ерлік көрсетіп жүрген нәзік жандыларымыз, спорттан бөлек өмірде әйел, ана, әже статустарының да өз орны барын айтып, біраз ой бөлісті.

Армрестлинг – Атырауда дамымаған, әлі де қолдауға зәру спорттың ерекше түрі екенін бұған дейін де жазғанбыз. Әйтсе де, Рахия мен Алмагүл еш кедергіге қарамастан көп еңбектеніп, демеушілердің көмегімен Румынияға барып, Әлем чемпионы деген атақты жеңіп алып келді.

Енді міне, Атыраудың атымтай жомарттары да өз ризашылықтары мен ықыластарын білдіріп, қос спортшыға қомақты қаржымен сый-сыяпат көрсетті. Депутат ретінде халқына сыйлы, белді азамат ретінде Әділ Орынбасарұлы қашанда жерлестеріне қолдау жасап, құрметін көрсетіп жүреді.

Өңіріміздегі барлық ел ағалары мен кәсіпкерлер осы кісіден үлгі алып, Қазақстанның, Атыраудың абыройын асқақтатып жүрген осындай спортшылармыздың алдағы өтетін жарыстарына да демеушілік білдіріп, шашбауын көтеріп жүрсе, нұр үстіне нұр болар еді.

А.САТАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521