Аудан жастарының қатысуымен мотивациялық кездесу өтті.
Осындай атаумен аудандық жастар ресурстық орталығында "Jarqyn bolashaq" жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен облыстық азаматтық орталығының директоры, "Жүректен жүрекке" қоғамдық қорының негізін қалаушы, қоғам жанашыры, мотиватор Айгерім Жәрдемқызымен және суда жүзуден Қазақстан чемпионы, әлем кубогының төрт дүркін иегері, екі дүркін Азия параолимпиадалық ойындарынының жеңімпазы Ержан Сәлімгереевпен мотивациялық кездесу өтті.
"QULABYZ" еріктілер жасағы және ауыл тұрғындарының қатысуымен бейресми форматта өткен жүздесуде ерік-жігер, қайсарлық, тіл меңгеру, дұрыс мақсат қоя білу, шет елдердегі еріктілер жұмысы, спорт саласындағы қызықтар мен қиындықтар тақырыбында әңгіме өрбіді. Жастарға қатысты көптеген мәселелер талқыға салынды.
Сондай-ақ, қонақтарымыздың өмірбаянымен танысып, өмір жолындағы жетістіктерімен, болашақтағы жоспарларынан xабардар болдық. Жастар өздерінің ой-пікірлерімен бөлісіп, көкейтесті сұрақтарын қойып, спикерлерден тұщымды жауаптар алды.
Ал, өзім үшін бұл кездесуден түйген дүниелерім мол болды. Жалпы, өмірде ешнәрсе қиындықсыз келмейді және құлағаннан кейін міндетті түрде аяғыңнан тік тұрып, үнемі алға қарай талпыныста болу керек.
Ержан Сәлімгереев пен Айгерім Жәрдемқызының бүгінгі бағындырған жетістіктеріне қандай қиыншылықпен, табандылықпен келгендері жайлы айтылған әңгімелері жастарға мықты мотивация берді десек, артық айтқандығымыз болмас. Жастарды жігерлендіретін осындай кездесулер ауданымызда жиі өткізіліп тұрса, нұр үстіне нұр болар еді.
Кездесу соңында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Аманкелді Қобданұлы қонақтарға алғыс білдіріп, аудан әкімінің «Алғыс хаты» мен естелік сыйлықтарын табыс етті.
ЖАРҚЫНАЙ РЫСҚАЛИЕВА,
Қ.Қалыбеков атындағы орта мектеп оқушысы,
"QULABYZ " еріктілер жасағының мүшесі