Алдын ала белгіленген кестеге сәйкес «Нұр Отан» аудандық филиалының ғимаратында Махамбет аудандық мәслихатының депутаттары М.Мырзашев, Н.Ерғалиев, А.Қабеновтер сайлаушылармен кездесу жиынын өткізді.
Сөз кезегін алған аудандық мәслихат хатшысы М.Мырзашев Махамбет ауылы бойынша істеліп жатқан жұмыстарға тоқталды. Инфрақұрылымдардың жаңартылуы, көшелердің жарықтандырылуы, ауыл көшелеріне ұзындығы 4,5 шақырым жаяу жүргіншілер жолы төселгендігін, жалпы депутаттардың аудандық әкімдікпен бірлесіп атқарған жұмыстарының барлығы халықтың көз алдында екендігін айтты.
-Жазғы су желісін күтіп ұстау, тұтынушыларды уақтылы сумен қамтуға бюджеттен қаражат қаралмаған. Ол жұмыс кәсіпкерлердің демеушілік көмегімен жүзеге асады,-деді сөзін одан әрі сабақтаған депутат Марат Оразұлы, -алайда жазғы судың желісіне қысқы суды қосып алып, жасырын пайдаланып отырған тұрғындар бар. Бұған жол беруге болмайды.
Бұдан әрі кездесу жиыны сұрақ жауап түрінде жалғасты. Зейнеткер ұстаз Ә.Молдашев орталық аурухананың арқа жағындағы қоршалған алаңға мыңдаған түп тал отырғызылса да, ала жаздай суғарылмай, қурап кеткендігін қынжыла баяндады. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Н.Сәменов те әріптесін қолдап, жылда пәленбай мың түп ағаш отырғыздық деп ақпар беріп, жағымды жаңалық ретінде газетке жазылғанымен жайқалып өсіп, орманға айналғанын көрген емеспіз. Неге көзбояушылыққа барамыз? Жауапкершілік қайда,-деп орынды ренішін білдірді.
Көтеріліп отырған мәселеге байланысты түсінік берген аудандық коммуналдық шаруашылық, тұрғын үй және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы М.Ершиков Махамбет ауылы бойынша бес су айдау насосы болса, соның біреуі арнайы жасыл белдеуге су жіберуге қойылғанын айтты. Бірақ сұрастыра келе ардагер дабыл қаққан аурухана артындағы алаңға су желісі тартылмағаны белгілі болды. Жеке кәсіпкер Қ.Ғұмаров осы қыстан аман шықсақ, су болады, демеушілер қаржысына желі тартып беремін деп сендірді.
Махамбет ауылының тұрғыны, зейнеткер Т.Үмбеталиев жүрек сырқатына байланысты тегін алатын дәрісі уақтылы қолға тимей, өз қаражатына сатып алып отырғандығын айтты. Күндізгі емделу стационарында да дәрі жоқ, бәрін сатып алуға тура келеді. Сонымен қатар ардагер ағамыз өз ауылының жанашыр патриоты ретінде кейбір келеңсіз көріністерге байланысты өз ойларын ортаға салды. Мәселен ойраны шығып жатқан аумағы ат шаптырым «Қазсельхозтехника» мекемесінің меншік иесін тауып, ретке келтіріп, халық игілігіне пайдалануға болмай ма,-дейді Тыныштық ағамыз түңілген кейіп танытып, -сол орынды жөндеп, орталық базарға айналдырса, нұр үстіне нұр. Тегін дәрі мәселесіне байланысты жауап берген аудандық аурухананың бас дәрігері А.Жастілекұлы қажетті дәріге тапсырыс бердік, тендер өткеннен кейін мәселе оң шешіледі,-деп сендірді. Бірақ «бұл әңгімені, құр уәдені жылда естіп келе жатырмыз» деп өзінің айтуынша, жұмысқа кіріскеніне енді үш ай болған жас дәрігердің бетіне басуды әбестік санадық. Өйткені, жыл аяғында өткен тендер қорытындысымен жеңімпаз деп танылғандар қапелімде қажетті дәрі-дәрмекті жеткізіп болмайды. Бірінші тоқсанның аяғында, тіпті екінші жартыжылдықта қолға тисе де таң қалуға болмайды. Ал, биыл жағдай басқаша, міне, тегін дәріңіз, деп қаңтарда хабар келіп тұрса,алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Жайық жақ беттегі Ақшолан ауылының тұрғыны, көп балалы ана М.Тәжіғұлова көшелерінде жарық жоқтығынан балаларын мектепке жібергенде қауіптеніп отыратынын жасырмады. Көрген адамның құтын қашыратын баспақтай алабай иттер ертеңгілік жол жиегіндежайбарақат «серуендеп» жүретін көрінеді. Иелері кім екендерін де білмейді. «Жаман айтпай, жақсы жоқ», бір күні ит «иттігін» істесе, кім жауап береді? Жергілікті билік, басқа да құзырлы орындар иттерді ауласында байлап ұстауға пәрмен берсе деген ұсынысын айтты. Сондай-ақ, үйіндегі жас жарымдағы бала жастан мүгедек сәбиге әлі күнге дейін түрлі ауруларға қарсы екпе салынбағандығын бас дәрігердің қаперіне берді. Кешігіп салынған екпе бала денсаулығына кері әсер етпесіне кім кепіл?
Кездесу барысында қойылған басқа да сұрақтарға депутаттар өз құзіреті шеңберінде жауап қайырды. Қатысып отырған бөлім басшылары да өз салаларына қатысты мәселелерге байланысты түсінік берді. Депутаттардың сайлаушылармен кездесу жиынын қорытындылаған аудандық мәслихат хатшысы М.Мырзашев айтылған ұсыныс бойынша аумақтық даму бағдарламасы жасақталатынын қаперледі.
Н.Ерғалиев,
аудандық мәслихат депутаты