ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Нұрлан Еркебаев жұмыс сапарымен Махамбет ауданына келді.
Іссапар барысында аудандық әкімдікте аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаевпен бірге мемлекеттік қызметшілердің активімен кездесіп, мемлекеттік қызмет жүйесіндегі енгізілген өзгерістер мен жаңашылдықтар туралы ақпаратпен бөлісті. Кездесу барысында ауданның мемлекеттің қызметшілері көкейтесті сұрақтарын қойып, өзара пікір алмасты.
Сонымен бірге аудандағы мем- лекеттік қызмет саласында ұзақ жылдар қызмет еткен бірқатар қызметшіге департамент атынан алғыс хат табысталды. Одан өзге ауданның жас белсенділерімен кездесіп, мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа жүйесінің тәртібі мен талаптарын және мемлекеттік қызметтің дарынды жастар үшін қолжетімді екендігін атап өтті.
– Жастармен кездесудегі басты мақсат – мемлекеттік қызмет жөнінде түсінік беріп, аталған салаға деген қызығушылықтарын арттыру. Мемлекет басшысы тарапынан да жастардың мемлекеттік қызметке келуіне баса назар аударылып келеді. Өңірлік кадрлық резервке өту арқылы елдің дамуына қосар үлесін арттыра алады,- деді департамент басшысы.
Еркін форматта өткен кездесуде жастар аталған сала бағытындағы сұрақтарын қойып, тиісінше жауаптар берілді.
Қ.БАҒЫТ