Сарайшық ауылында орналасқан Сапар орталығында «Saraishyq QUIZ» интеллектуалды ойыны өтті. Шараға мекеме қызметкерлерінен құралған 6 команда қатысып, сайыс көрігін қыздыра түсті.
Өткен жылдың соңында ауылдық мектеп ұжымы бастаған зияткерлік сайыс эстафета бұл жолы музей- қорық ұжымына жолданған. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлардың басын бір арнаға тоғыстырған интеллектуалды ойынды дәстүрлі түрде өткізу әп дегеннен-ақ қолдау тауып үлгерді.
– «Saraishyq QUIZ» интеллектуалды сайысының мақсаты – зияткер ортаға үлес қосу, қызметкерлердің танымын арттыруға, ізденуге, алған ақпаратты қысқа уақыт ішінде сараптан өткізуге, қисынды ойлауға баулу. Интеллектуалды сайыс 6 кезең бойынша өтті. Әр кезеңде білімге, логикаға, медиаға негізделген сұрақтар қойылды. Қазір қазақ тілінде куиз ойындары қанатын кеңге жайып келеді. Бұл сайыс арқылы қатысушылардың жаңа білім меңгеруіне, интеллектуалды қабілеттерін жетілдіруіне мол мүмкіндік беріледі,- дейді «Сарайшық» тарихи-мәдени музей- қорығының аға ғылыми қызметкері Жүніс Байғалиев.
Бірнеше сағатқа созылған сайыстың нәтижесінде Қ.Қарашаұлы атындағы Сарайшық орта мектебінің құрама командасы 1 орынды, мәдениет үйінің қызметкерлері 2 орынды, «Сарайшық» музей-қорығы мен Махамбет көпбейінді ауыл шаруашылығы колледжі 3 орынды еншіледі. Бөбекжай-бақша және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының ұжымы алғыс хатпен марапатталды.
Қ.БАҒЫТ