Дені сау ана – дені сау ұрпақ

Отбасын жоспарлау дегеніміз – өмірдің заңы. Ең алдымен ол екі жұптың дені сау баланы дүниеге әкелуі, саналы ұрпақты тәрбиелеп өсіруі, әйелдің денсаулығын сақтап, өмір сапасын жақсарту үшін қажет.

Әдетте баланы өмірге әкелуді жоспарлауға 20-35 жас арасы оңтайлы жас болып саналады. Мүмкіндігінше жүктіліктің арасы 2-3 жыл болғаны дұрыс, өйткені, әйел адам өзінің денсаулығын нығайтуға және болашақ әкелетін сәбидің денсаулығының мықты бо­луы мүмкіндігі артады. Жүктілік арасының жиілігі немесе ұзақтығы әйел ағзасына да, өмірге келетін сәбидің болашағына да өз әсерін тигізбей қоймайды.

Еліміздің әрбір медицина ұйымында отбасын жоспарлау кабинеттері бар. Аталмыш каби­нет біздің емханада да тұрақты жұмыс жасап келеді. Кабинеттің негізгі қызметтерін түсіндіріп өтсем. Түсіндіру-ағарту жұмыстары, яғни жыныстық және репродуктивтік денсаулық туралы кеңес беріледі, контрацепция әдістерінің түрлері түсіндіріледі. Жыныстық жол­мен берілетін аурулардың алдын алу жөнінде ақпараттар айтылады. Медициналық қызмет көрсету бой­ынша әйелдерге денсаулығына байланысты жеке кеңес беріліп, контрацептивтік құралдар таңдау және қолдану, жүктіліктің ерте мерзімін анықтау, репродуктивті денсаулықты тексеру (анализдер арқылы) жүргізіледі. Әлеуметтік- психологиялық қолдау қызметі бой­ынша жан-жақты көмек көрсетіліп, отбасылық қарым-қатынас пен ата-ана болуға дайындық жөнінде кеңестер беріледі.

Емханамыздағы отбасын жо­спарлау кабинетінің қызметіне жүгінушілер саны жылдан жылға ар­туда. 2025 жылдың 8 ай көрсеткішімен 761 әйел кеңес алып, оның 88-і кон­трацепцияланды. Ауданымызда бала туу көрсеткіші биыл 10,6%, 308 бала дүниеге келген (егіздер санымен). Бүгінде 254 әйел жүктілікпен есепте тұр.

Отыз жылдық тәжірибесі бар ма­ман ретінде әйелдерге айтар кеңесім, жыныстық жолмен берілетін аурулардың алдын алу мақсатында жоспарлы тексерілулерден уақытылы өтіңіздер. Жүктілікті денсаулыққа зиянсыз, қолайлы уақытта жоспарлаңыздар. Жүктілікке дейін медициналық тексеруден өтіп, алдын ала фолий қышқылын, дәрумендерді қабылдаған әлдеқайда дұрыс болады. Дұрыс тамақтану да өте маңызды. Салауатты өмір салтын сақтау және жүктілік кезінде қажетті бақылаулар мен тексерулерден уақытылы өту бұл сіз үшін де, нәресте үшін де маңызды.

Ш.КЕНЖЕГАЛИЕВА,

аудандық емхананың акушер-гинеколог дәрігері

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT