Дәстүрлі тамыз кеңесі өтті

«Өнерпаз» мәдениет үйінде Махамбет ауданы білім беру қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз кеңесі болып өтті. Форумның биылғы тақырыбы «Білім және ғылым» деп аталды. Оған облыстық білім беру басқармасының бөлім басшысы Анар Каюпова арнайы қатысты.

Форумның пленарлық мәжілісінде алғашқы болып сөз алған аудандық білім бөлімінің басшысы Айгүл Сұлтанғалиева 2018-2019 оқу жылының қорытындысы және алда тұрған міндеттері туралы баяндамасын оқыды. Келесі кезекте сөз алған аудан әкімі Жәрдемғали Ахметов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім беру саласына, мұғалімдердің мәртебесін өсіру, жалақыларын көтеру мәселесіне айрықша көңіл бөліп отырғанына тоқталды.

-Ауданымызда ұстаздарды қолдау бағытында көптеген игі іс шаралар атқарылып келеді. Жақында Еңбекшіл ауылындағы жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Бұдан бөлек барлық білім ұялары мен мектепке дейінгі тәрбие беру мекемелерінің жөндеу жұмыстарына ауқымды қаржы бөлінді. Біздің басты мақсатымыз балаларымыздың жақсы білім алуына толық жағдай жасау. Біздің ауданымыздың мұғалімі Гүлзада Ауданова Республикалық тамыз мәслихатында «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» атағына ие болды. Сонымен қатар З.Ещанова атындағы балалар өнер мектебінің басшысы да марапатталды. Бұл біздің ауданның барша мұғалімдеріне берілген баға деп білемін - деді Жәрдемғали Бахуұлы.

Одан әрі кезек марапатқа берілді. Ауданымыздың көптеген ұстаздары аудан әкімінің «Алғыс хатымен», Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотосымен» және «Алғыс хатымен» марапатталды.

tamyz3

t

tamyz5

tamyz1

Облыстық білім беру басқармасының бөлім басшысы Анар Каюпова аудандық, қалалық білім бөлімдерінің басшыларына, мектеп директорларына интеллектуалды-дарынды, ерекше қабілетті балаларды айқындау, оларға психологиялық-педогогикалық қолдау көрсету, кәсіби бейімдеу, жоғары оқу орындарымен әріптестік қарым-қатынастар орнату жұмыстарын жетілдіру қажеттігіне, қала мен ауыл мектептеріндегі білім беру деңгейін теңестіру, инклюзивті білім беруді қажет ететін балаларға кедергісіз аймақты қалыптастыру, ерекше балаларға білім беретін логопед, дефектолог сияқты мамандықтарды облыс әкімінің білім грантына қосу, оқушылардың қосымша білім алу деңгейін көтеру мәселелеріне тоқталды. Сонымен бірге жаңа оқу жылының жаңалықтарымен бөлісті.

tamyz6

-Балаларды сапалы мектепке дейінгі біліммен толық қамту, орта білім берудің жаңартылған мазмұнға көшіруді аяқтау, елдің дамуына ғылымның үлесін күшейту бағытында 2020-2025 жылдарға арналған білім және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы әзірленуде. Осы бас құжатта педагог мәртебесін көтеру, сапалы білім алуға қолжетімділік, білім беруді бағалаудың жаңа жүйесі, шағын жинақты мектептерді ресурстық орталықтанға біріктіру секілді мәселелер басымдыққа ие болмақшы. Мұғалімдердің жалақысы 4 есеге дейін көтеріледі. А.Байтұрсыновтың «Әліппесі» мектептерге қайта оралады. Балабақшаға сәбилерді екі жастан бастап қабылдау, самилик түріндегі бағалау ата-аналарды да оқушыларды да шатастыратын болғандықтан бағалаудың басқаша көрсеткіштерін ұсыну мәселелері қарастырылуда. 2020-2021 оқу жылында мектептер толығымен 12 жылдыққа көшеді. Оның ішінде бастауыш сыныптар 5-еу, негізгі сыныптар 5-еу, жоғарғы сыныптар 2-еу болады- деген А.Каюпова одан әрі бір топ ұстаздарға Атырау облыстық білім беру басқармасының «Құрмет грамотосын» табыс етті.

Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай Е.Ағелеуов атындағы Махамбет орта мектебінің оқушылары Абай өлеңдерін мәнерлеп оқыды.

tamyz7

tamyz8

Мәжілісті аудандық білім бөлімінің басшысы Айгүл Бердешқызы қорытындылады

Б.Сүйеуова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT