Алпыс үйден пәтер алғандардың арасында өздері тұрмай жалға беріп қойғандары анықталды

Құрамында учаскелік полиция инспекторы, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің әдіскері, округ әкімі, БАҚ өкілдері бар аудан әкімі жанындағы тұрғын үй комиссиясының мүшелері Махамбет ауылындағы «Шұғыла» мөлтек ауданы №1 көше №54 А көпқатарлы 60 пәтерлік тұрғын үй тұрғындарының өзге адамдарға пәтер жалдау фактілері бойынша заң бұзушылықтарын анықтау мақсатында бірлескен рейдке шығып, тексеріс жұмыстарын жүргізді.

Тұрғын үйге мұқтаж азаматтар ретінде тіркеліп, мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер алған кей азаматтардың бірқатары үй алғанымен, онда мүлдем тұрмайтыны, кейбірі оны жалға беріп келгені белгілі болды. Мәселен, Райза Давлетьярова тұрғын үй комиссиясының 2017 жылғы 25 тамыздағы №14 шешімімен және 2018 жылдың 1 қазандағы №12 келісімшарт негізінде берілген №15 пәтерде үнемі болмайтындығы анықталды. Оның ішінде кезекпен үй алып, бірақ басқа ауданға тұрмысқа шығып кеткен азаматша да бар екен.

Марал Утеповаға тұрғын үй комиссиясының 2017 жылғы 25 тамыздағы №14 шешімімен, 2018 жылдың 1 қазанындағы №23 келісім-шарт негізінде берілген №27 пәтерде Жанар Қабенованың тұрып жатқаны анықталды. Ол үйде мамыр айынан бері балаларымен тұрып жатқан аяғы ауыр Жанар бұл үйдің жолдасының апасынікі екенін, бұрынғы үйі суға кеткендіктен уақытша баспаналап отырғанын, бұл жерден шыққанда барар жері жоғын айтып, жылап қоя берді. Округ әкімі уақытша тұр дегесін, әрі қайын апасы рұқсат бергесін тұрып жатқанын, таяу күндері облыс әкімінің қабылдауына баратынын айтты. Сонымен қатар мұндағы екі-үш үйдің жалға берілгені, бірақ рейд кезінде оны жалдаушылар шығып кеткені анықталды. Тіпті екі пәтерде ешкім тұрмайтын болып шықты.

№1 үйде тұратын Ұлы Отан соғысының ардагерінің баласы біресе өзі тұрып, біресе оны жалға беріп, кеш болса, жолдастарымен жиналып, ішімдік ішіп, ырду-дырду жасап, үнемі шулап, тұрғындардың мазасын алып жүр екен. Бір-екі рет тұрғындар олар шулай бергесін полиция шақыртуға мәжбүр болыпты. Тұрғындар уәжін тыңдаған АПБ-нің Жергілікті полиция қызметі учаскелік полиция инспекторы Н.Панкереев үй маңында бейтаныс бөгде тұлғалар жүрсе, ел-жұрттың тыныштығын алып, ішімдік ішіп, шулай берсе, міндетті түрде 102 нөміріне қоңырау шалуды ұсынды. Көпқабатты үй тұрғыны Қ.Түсекенова КСК құруға қанша талпынса да кейбір тұрғындардың оған келіспей отырғандарын, бірқатар тұрғындар пәтерақысын әлі төлемей жүргенін жасырмады.

Есік алдына жиналған тұрғындар суды біресе беріп, біресе айырып тастайтынын, соңғы кездері оның өзі лайланып, ішуге мүлдем жарамсыз екеніне шағымданды. Сондай-ақ көше, есік алдының жарықтандырылуы шамалы екенін, суға ақша төлегенде түбіртек берілмейтінін, бір кісідей суға ақша төлеген соң неге таза су берілмейді? деген уәждерін ортаға салды. Сөзге араласқан Қ.Түсекенова судың түбіртегі барын, жалпы көпқабатты үйлердің бәрінде КСК барын, ол құрылмағасын оңай болмай тұрғанын, суды кәсіпкер Қ.Гумаровпен келісіп, тұрғын үйге суды сол беріп отырғанын, қаражат соның есепшотына түсіп жатқанын баяндады.

Аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандары көпқабатты 60 пәтерлік тұрғын үй тұрғындарының мұң-мұқтаждарын тыңдап, оны әкімдікке жеткізетінін айтты.

А.Текебай.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT