«Дастан» – Атыраудың бренді

Облыста алғаш болып көкөніс ұсынатын махамбеттік шаруалар қарбыз-қауын жинай бастады.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін ұсынуда өңірде «бренд» болып қалыптасқан «Дастан» шаруа қожалығына барып, даладағы диқандардың жайын көріп қайттық.

Дастандықтар биыл 120 гектар жерге 12 түрлі дақылдың тұқымын сепкен. Оның 60-70 гектарға жуығы ерте пісетін көкөністер, бақша дақылдары және картоп. Бүгінде қарбыз-қауын пісіп, халыққа ұсынылуда.

d

Он жеті жылдан кейін ғана құнары кете бастаған Атырау-Индер тасжолының батыс бетінен шығысына ауысып, құбыр тартып, тың жерді жыртып, дақыл сепкен диқандар биыл діттеген межеге жетеміз деген сенімде. Себебі, жаңа жерді игерудің сәл де болса, қиыншылығы аз болатын көрінеді.

d

Шаруа қожалығының жетекшісі Қоныс Ермановтың айтуынша, піскен өнімді жинақтау жұмыстары ақырын болса да жүріп жатқанымен, жұмыс күші әлі де жеткіліксіз екен.

d

- Жергілікті халық науқандық жұмысқа да тартылмайды. Айлығы 100 мың теңге. Бірақ келіп жатқан ауыл тұрғындары жоқ. Амалсыздан көрші елдің азаматтарын жұмысқа алуға тура келеді. Биылғы жылы жұмыс күшінің жетіспеушілігі қолбайлау болып тұр, ең керек деген 25 жұмысшымыз шекарадан бері өте алмай қалды. Облыстағы басшылар бұл мәселемізді шешіп береміз деп уәде еткен. Егер шешілген жағдайда жиын-терім жұмысын жылдам аяқтар едік.

d

Ал өнімді өткізу жағынан мәселе болған емес, осы жылы да болмайды деген сенімдеміз. Өйткені, біздің өнімді бәрі біледі, халықтың сұранысын қанағаттандырғаннан кейін де біздің өнім «бренд» болып саналады,- дейді Қоныс Ерманов.

d

Өнімдерін «Идеал-Маркет» секілді 30-ға жуық ірі сауда нүктесіне өткізетін шаруа қожалығының дәмі тіл үйірер қауыны мен қарбызын атыраулықтар асыға күтетіні анық. Тіпті бір уақыттарда базарда «Дастанның» атын жамылып, оңтүстіктің қарбызын сатқандар да болғанын көзіміз көрді.

- Біздің өнімдер облыс бойынша ең бірінші болып, халықтың дастарханынан табылып жүргені белгілі. Алайда, биыл сәл шегіндіріп, шілденің басында беретін болдық, өйткені, бүкіл өнімді ерте шығару оңай шаруа емес. Кей өнімдерді басқа шаруашылықтардан кештеу беріп қалып жатырмыз. Бірақ оны жеңіліс деп есептемеймін. Себебі, картоп, пияз, қызылша өнімдеріміз бір уақытта піседі, ал бізден басқа қожалықтарда бұл өнімдер жоқтың қасы,- дейді шаруа қожалық жетекшісі.

d

Махамбет аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Олжас Мырзабаевтың айтуынша, күні бүгін 30 гектар картоп алқабынан 288 тонна, 55 гектар көкөніс алқабынан 1708 тонна, 38 гектар бау-бақша алқабынан 1816 тонна, 254 гектар жерге мал азықтық дақылдар егіліп, 1280 тонна өнім алынды.

Қазбек АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521