2017 жылы қоныс тойын тойлаған 60 үйліктің тұрғындарының қуаныштары су сепкендей басылды.
Соңғы жылдары мемлекеттің қолдауымен аудан орталығында тұрғын үй құрылысы қарқын алып келеді. Осыған дейін екі алпыс пәтерлі көпқабатты үй пайдалануға берілсе, үшіншісі де көп ұзамай халық игілігіне ұсынылып, қоныс тойын тойлаушылар қатары артқалы отыр. Бұған қоса ауылымызға келген мамандар және көпбалалы отбасылар үшін жер үйлер салынып, өз иелеріне табысталды. Жылдан-жылға тұрғын үй құрылысының қарқын алуы баспана бас ауруына айналып, үй кезегін көп жылдар бойы күткен тұрғындарға үміт сыйлап, жүректеріне қуаныш ұялатуда. Алайда, 2017 жылы берілген алпыс пәтерлі үйдің тұрғындары қоныс тойын тойлағаннан кейін көп уақыт өтпей жатып, қуаныштары су сепкендей басылғанын айтуда. Оған себеп не?
ҮЙДІҢ ІШІ ДЕ СЫРТЫ ДА КӨГЕРІП БАРАДЫ
Махамбет аудандық әкімдігінің Telegram әлеуметтік желісінде жоғарыда аталған 60 пәтерлі үйдің тұрғындары тарапынан көп шағым айтыла бастағанын байқаған соң арнайы барып, тұрғындардың жанайқайына құлақ салып қайттық. Бұл үйде тұратындардың дені көпбалалы отбасылар, жалғыз басты аналар, әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар және бюджеттік мекемелердің қызметкерлері болып табылады. Осы үйдің үшінші қабатында тұратындардың айтуынша жаңбыр жауса, қар ерісе, төбеден және балконнан үйдің ішіне су ағатын көрінеді. Бұл жағдай үш жылдан бері қайталанып келе жатқандықтан су екі ортаға сіңіп, бөлмелердің қабырғаларының жарылуына әкеліп соғуда. Көпбалалы ана Жанна Ойылданова осы үйге көшіп келгелі қабырғаның жарылуынан қорлық көріп, келе жатқанын айтады.
-2017 жылы кезегім келіп, жаңа пәтерге ие болдым. Алғаш көшіп келген жылы қонақ бөлменің төбесі жатын бөлмеге дейін жарылып тұрғанын байқадым. Соның әсерінен күз бен қыста үйдің іші көгере бастады. Бір күні ылғалдың қысымына шыдай алмай, балалар бөлмесіндегі пластикалық терезем сынып кетті. Осы жайтты аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің мамандарына хабарлап, терезені ауыстырып беруді өтіндім. Айтқан бойда келіп, ауыстырып берді. Төбедегі жарыққа қатысты ешқандай шара қолданған жоқ. Өткен жылы ПИК құрылып, бәріміз соған тіркеліп, келісім шарт жасастық. Сол кезде мәселемді тағы көтергенімде, енді барлық қиындықтарыңды ПИК-ке айтасыңдар деген жауап алдым. Бірақ ПИК-тің басшысы А.Иманалин ол мәселенің өзіне түк қатысы жоғын айтты. Өзіміз қолымыздан келгенін жасап, жарықты бітеп қойдық. Бірақ сыртынан бір нәрсе итеріп тұрғандай, бітеген жерімізден уақ тастар құлап, қайта-қайта жарыла берді.
Қыста салқындықтан сол жарықтың бойына қырау тұрады. Бір күні қонақ бөлмемнің тұсынан үйдің сырты көгеріп тұрғанын байқадық. Басында көлемі кішкентай болатын, қазір үлкейіп келеді. Жолдасым мен балам төбеге шығып, қолдарынан келгендерін жасап көрді. Бірақ әл берер емес. Мен әрине, құрылыс саласының маманы емеспін, бірақ менің ойымша екі ортаға кеткен су сыртындағы тасты да, ішіндегі қабырғаны да ісіндіріп, үйді екі жаққа бөліп бара жатқан сияқты. Бір күні құласа, астында қалатын түріміз бар. Аудандық әкімдіктен құрылыс бөлімінен мамандар келіп қарап, бір шарасын алуды сұраймыз. Өзіміздің қолымыздан келетін нәрсе болса жасап алудан қашпаймыз. Қолымыздан келмейтін болған соң көмек сұрап отырмыз,– дейді Ж.Ойылданова.
Үшінші қабаттың тұрғыны, тағы бір көпбалалы ана Гүлфара Шаумұрынова жаңбыр жауған кезде ас үйдің төбесінен аққан суды шығарамын деп түнімен ұйқы көрмейтінін, соның әсерінен үйдің төбесінде пайда болған ақауды үш жыл бойына жамап-жасқаудан шаршағанын алға тартты.
-Тиісті орындарға айтсақ, келісімшарт бойынша өздерің күтіп ұстауға міндеттісіңдер дегенді айтады. Төбеден су ақпауы үшін шатырға шығып, бітеу керек. Менің айналамда оны жасай алатын маман жоқ. Әйел басыммен өзім шығып желім де құйып көрдім. Ешқандай пайдасы болған жоқ. Даладан біреуді жалдап әкеліп, жасатуға тағы қорқамыз. Ол адам үйдің төбесінен құлап кетіп, мерт болса, кім жауап береді? Үш бөлмелі пәтерге 13000теңге, 2 бөлмелі пәтерге 10000 теңге ай сайын жалдау құнын төлеп отырмыз. ПИК үшін 2745, 2200 шамасында ақша төлейміз. Бұған 15000 коммуналдық қызметтің ақысын қосыңыз. Бұл үйде тұратындардың көбінің жағдайы төмен. Жиналып күрделі құрылыс жүргізуге шамамыз жетпейді. Құрылыс бөлімінің мамандары келіп қарап, бітеп берсе дейміз. Әйтпесе мынадай су кету мен ылғалдан үшінші қабаттағы үйлер қашанға дейін шыдап тұратыны белгісіз,– дейді Г.Шаумұрынова.
ӨРТ СӨНДІРУ ГИДРАНТЫНЫҢ АЙНАЛАСЫ ОСАЛ
Бюджет саласының қызметкері ретінде пәтерге ие болған Арайлым Ерғалиева подъездің алдында орналасқан өрт сөндіру гидрантының айналасы сынып, төмен түсіп тұрғанын, бір күні ойылып кетіп, балалар түсіп кете ме? деп қорқатындарын жеткізді.
-Соңынан салынған екі алпыс үйліктің жанында біз тұрып жатқан үйдің олқылығы жетіп артылады. Төменгі қабаттың сылаған жері құлап жатыр, подъездің есігінің алдындағы құйылған цемент те ойылып, жырым-жырым болуда. Тағы бір айта кетерлігі, үйдің алды көше жарығымен қамтамасыз етілмеген. Жанымыздағы екі үйдің алды жап-жарық, самаладай болып тұрады. Ал біз жетім қозыға ұқсап, кешкісін қап-қараңғы жерде отырамыз. Көше жарығы жоқ болған соң үйіміздің алдына келмейтін адам жоқ. Жас жігіттер түнімен бақырып-шақырып ұйқы бермейді. Ең болмаса, көше жарығын неге қондырып бермейді? – дейді А.Ерғалиева.
ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ НЕ ДЕЙДІ?
«Ашынғаннан шығады ащы дауысым» дегендей үш жыл бойына төбеден кеткен сумен алысып ашынған тұрғындардың өтінішін аудандық құрылыс бөлімінің басшысы А.Қуанғалиевқа жеткізген болатынбыз.
-Сіз айтып отырған 60 пәтерлік тұрғын үй 2017 жылы Солтүстік Каспий бойынша өнімді бөлу туралы Келісім (СКӨБК) әлеуметтік міндеттемелері бағдарламасы аясында салынды.
Тапсырыс беруші облыстық құрылыс басқармасы. Құрылысты жүргізген оралдық «Жиенбай» ЖШС. Авторлық мекеме «Проектстройинжиниринг» Үй пайдалануға берілгеннен кейін 2 жыл кепілдік мерзімі тағайындалады. Осы уақыттың ішінде ақау байқалса құрылысты жүргізген мердігер қалпына келтіруге міндетті. Екі жылдың ішінде тұрғындар тарапынан төбеден су кетіп, еденге төселген линолеум жиырылып қалғаны туралы шағым түсті. Осы шағым негізінде мердігер компанияға талап қойып, линолеумды толықтай ауыстыртып, аула жағының төбесіне түгелдей бетон құйғыздық. Мердігердің кепілдік уақыты аяқталды. Енді оған ешқандай талап қоя алмаймыз. Тұрғындар барынша өздері жұмыстануы керек. Бірақ шынымен үй апаттық жағдайға жетіп, тұрғындарға қауіп төндіріп тұрса арнайы мамандармен бірге барып қараймыз. Мамандар қауіпті екенін анықтаса ары қарай шарасын аламыз. Ал, көше жарығын тарту мен өрт сөндіру гидранттарына жөндеу жүргізу мәселелері менің құзыретіме жатпайды,– дейді А.Қуанғалиев.
САРАПШЫ ШАҚЫРТУҒА ҰСЫНЫС БЕРІЛЕДІ
Аталған мәселеге қатысты аудан әкімінің орынбасары Зұлқарнай Мұқаш былай дейді:
-2017 жылдың аяғында тұрғындардан шағым түскен соң өзім арнайы барып, үйдің шатырына шығып зерделеу жүргіздім. Көзге көрініп тұрған жаңбырдың суы ағатындай кемшілік болмады. Одан әрі үйдің жарын минералдық мақтамен осал қымталған болар деген ой келді. Алайда бәрі жоба бойынша жасалған. Осыдан соң салқын ауа мен жылы ауаның тоғысқан жерінен ылғал пайда болып тұр деген қорытынды жасадық. Мердігерден үйді бір жылға дейін қабылдап алмай, талап қойып құрылыс бөлімінің басшысы айтып өткендей төбесінің жел улеп тұрған жерлеріне минмақтамен қымтап бетон құйғызып, линолеумдерін ауыстырттық. Содан соң мердігер тұрғындардан талабымыз жоқ деген қолхат алды. Тұрғындарға үйдің ішіне кір жаймауға, бөлмені жиі желдетіп тұруға кеңес бердік. Келісімшартқа отырғаннан кейін үйді күтіп ұстау үй иесінің міндетіне жататындығын ескерткім келеді.
Бұған дейін осы 60 үйдің ауыз суының тазалығына қатысты да шағымдар болды. Судың не себепті лайланып тұрғанына зерделеу жүргізген кезде кейбір көше тұрғындарының қысқы су желісіне жазғы су желісін жалғап алғанын анықтадық. Жазғы су желісінің суы техникалық болып саналатындықтан, оның құрамында топырақ болатыны айқын. Сол топырақ қысқы су желісіне араласқаннан кейін бәрін бүлдірген. Құбыр желісі 60 пәтерлік үйге дейін келіп тұрғандықтан су лайланып өрт сөндіру гидранттарының астына топырақ жиналып қалған. Сол жер тазартылғаннан кейін судың сапасы қалпына келтірілді.
Сонда да тұрғындарға ауыз суға қосымша фильтр сатып алып орнатуға кеңес беріп отырмыз. Жоғарыдағы тұрғындар тарапынан көтерілген «үй құлап астында қаламыз ба?» деген мәселеге қатысты айтарым, аудандық әкімдіктің қызметкерлері көзбен қарап ештеңе шеше алмайды. Ол үшін лицензиясы бар арнайы сарапшы мамандар келіп қарауы тиіс. Өз тарапымнан аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөліміне сарапшы шақырту жөнінде ұсыныс беретін боламын. Бірақ оның өзі қазіргі елдегі ахуалға және қаржысының шешілу уақытына байла¬нысты кешеуілдетілуі мүмкін – деген Зұлқарнай Жаңабайұлы өрт сөндіру гидранттары мен көше жарығына қатысты заңды түрде мүмкіндіктерін қарастырып ұсыныс беретінін жеткізді.
АВТОГИДРОКӨТЕРГІШПЕН КӨМЕКТЕСУГЕ ӘЗІРМІН
ПИК басшысы Артур Иманалин көпқабатты үйлердің подъезінің тазалығына, жарығының жанып тұруына, лас судың уақытылы сорылуына және жылу қазандығының жылу беріп тұруына, бұрандалы қосылыстардағы ағып тұрған суды тоқтатуға ғана жауапты екенін айтады.
-ПИК құрылуын құрылды. Тұрғындармен жасақталған келісімшарт негізінде ай сайын 2000-ның үстінде ақша төлеуге міндетті. Бірақ бұл төлемді барлығы бірдей төлемейді. Кешіктіріп төлейтіндер, бірнеше айды бір төлейтіндер де бар. Менің қарамағымда 2 тазалықшы, 1 оператор, 1 кассир, 1 аула сыпырушы еңбек етеді. Түскен қаржы осы қызметкерлердің жалақысын жабуға әрең жетеді. Сондықтан тұрғындардан ай сайынғы төлемді кешіктірмей, төлеп тұруды сұраймын. Үшінші қабаттың тұрғындарының мәселесін жақсы білемін. Бірақ төбені жөндеу, жарды бітеу менің міндетіме кірмейді. Менің қолымнан келетіні тұрғындар өз күштерімен жасаймыз десе, автогидрокөтергіш көлігіммен көмектесу ғана. Көліктің қызметі қажет болса, қол ұшын созуға дайынмын – дейді А.Иманалин.
P.S Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні тұрғындар қылышын сүйретіп қыс келгенге дейін мәселелерінің шешілуінен үмітті. Өйткені, жылма- жыл салқын түсе салысымен ызғар мен ылғалдың әсерінен балалары аурудан шықпайтын көрінеді. Қазіргідей індет өршіп тұрған уақытта мұны ойлаудың өзі қорқынышты. Аудандық әкімдік, аудандық құрылыс бөлімінің басшысы, пәтер иелерінің кооперативі төрағасы тұрғындармен бірлесіп, бір шешімін табады деп және тұрғын үй құрылысын жүргізуге тапсырыс беруші, құрылысты жүргізуші, құрылыстың сапасына 100 пайыз сенім артып, қабылдап алушы мекемелердің басшылары да бұл мәселеге бей-жай қарамайды деп сенім артамыз.
Б.СҮЙЕУОВА