Жас кәсіпкердің жарқын жетістігі

ЕЛІМІЗДЕ КӘСІПКЕРЛІК САЛАСЫНА МЕМЛЕКЕТ ТАРАПЫНАН ҚОЛДАУ АЯСЫ КЕҢ. ПРЕЗИДЕНТІМІЗ Қ.ТОҚАЕВ ТА ӨЗІНІҢ ЖЫЛ САЙЫНҒЫ ЖОЛДАУЫНДА ОТАНДЫҚ КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ МЕН БИЗНЕС ИДЕЯЛАРДЫ ҚОЛДАУ ША­РАЛАРЫН АРТТЫРУДЫ ТАПСЫРЫП КЕЛЕДІ. СОНЫҢ НӘТИЖЕСІНДЕ АУДАНЫ­МЫЗДА ЖЕКЕ КӘСІПКЕРЛІККЕ БЕТ БҰРУШЫЛАР САНЫ КҮН САНАП АРТУДА. СОЛАРДЫҢ ҚАТАРЫНДА ЖАС КӘСІПКЕР АЗИЗА АҢДАМАСОВАНЫ АТАП ӨТУГЕ БОЛАДЫ.

Небәрі 25 жасында Махамбет ауылынан отбасылық мейрамхана ашып үлгерген ол, «Бизнестегі басты серіктесім де, қолдаушым да қасымдағы жолдасым» деп қай кезде де ер аза­матына арқа сүйеп, тәуекел ететінін айтты.

Азиза – Атырау қаласының тумасы, Махамбеттің келіні. 2020 жылы декреттік демалыста отырып қосымша табыс таба­мын деген ниетпен фаст-фуд өнімдерін дай­ындап, сата бастайды. Осылайша, күннен күнге тапсырыстар саны арта түсіп, төрт жыл ішінде ауыл тұрғындарына Азиза даярлаған тағамдар ұнап, тұрақты тұтынушылар пайда бола бастайды. Жалпы қай бизнесте болмасын, төменнен жоғарыға қарай, кішкентайдан, үлкен айналымдарға жүріп өтудің жолы болады. Азиза мен оның жолдасы да осы жолдардан біртіндеп өтіп, сұраныс артқан соң кәсіпкер ретінде заңды тіркеліп, жұмысын жандандыра түседі.

Бастапқыда үйден тапсырыс қабылдаған олар 2024 жылдың басында шағын ғимаратты жалға алып, кафе ашады. Ол кафенің де тағамдары дәмді, қызмет көрсетуі сапалы болған соң тұрғындар арнайы іздеп баратын орынға ай­налды.

Ал, жуырда алты айлық үздіксіз жұмыстың нәтижесінде «Азель» атты отбасылық мейрамхананың ашылуын жасап, лентасын қиды. Шағын ғана кәсіптен бастаған олар үлкен табандылық пен еңбектің арқасында отбасылық кәсіпті дамыта түсті. Бүгінде 15 адамды жұмыспен қамтып, сыйымдылығы сек­сен адамдық мейрамхананы басқарып отырған кәсіпкер тағы да жұмысшылар санын арттыруды жоспарлап отыр.

Отбасылық өмірді, аналық, әйелдік, келіндік міндеттерін қатар алып жүріп, бизнестің де бір тұтқасын ұстап жүрген осындай нәзік жанды, батыл қыздар қоғамның қозғаушы күші десек артық емес.

А.САТАЕВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT