Абай да Мұқағали да сыршыл, шыншыл әрі лирик ақындар.
Екі ақынның да сан қырлы лирикалық өлеңдері ішінен мысалға, табиғат лирикасына арналған өлеңдерін алсақ, бәрін де тамсанбай, тебіренбей оқу мүмкін емес. "Поэзия және мен" жобасы аясында өткен шараға жоба мүшелері мен ұстаздар қатысты.
Шараның алғашқы кезеңінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, топ мүшесі Роза Текенова қазақтың маңдайына біткен Абай Құнанбайұлы мен Мұқағали Мақатаевтың өмірімен, шығармашылығымен таныстырды. Ал екінші кезеңде топ мүшелері мен ұстаздар қос ақынның өлеңдерін оқып, поэзия нәрімен сусындады.
Үшінші кезеңде топ мүшелері ақындардың өлеңінен берілген үзіндіні қай өлеңінен алынғанын табу керек болды. Соңғы кезеңде қос ақынның өлеңдеріне жазылған әндерді караоке арқылы шырқап, оқушылар мен ұстаздар әдемі көңіл күйге бөленді.
Қ.БАҒЫТ