Аудандағы іргелі білім ошақтарының бірі – Д.Төленов атындағы мектеп-гимназиясының ұйымдастыруымен «Тұғыры биік Тәуелсіздік» атты мерекелік кеш өтті.
86-ның ызғарлы күнінде алаңға шығып, өз талап-тілектерін айтқан жастарды аяусыз сабап, қыздарды шашын сүйреген көріністерімен сахнаның шымылдығы ашылып, «Желтоқсан желі» әні жүректерді мұздатты. «Тәуелсіздік әнімен» шашу шашылып, егемен елдің еңсесі көтерілгендігінің нышанын сездіріп, күмбірлеген күй мен әуен ойналды. Ел Тәуелсіздігінің отыз жылдағы жетістіктерімен қатар мектеп-гимназияның ұстаздары мен оқушылары да бірқатар белестерді бағындырды. Жас ұрпаққа білім беру жолында ерен еңбегі үшін М.Есенғалиев пен А.Бекбаева «Ыбырай Алтынсарин атындағы медальді» кеудеге тақса, З.Сапаров, Р.Ғарифуллина, Ә.Молдашев, М.Мұхтарұлы, Ж.Сүндетовалар «Қазақстанның білім беру ісінің үздігі» атанды.
Бірқатар ұстаздар ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамоталарымен», «Алғыс хатымен» марапатталды. Ұстаз бен шәкірт жетістігінің биік белестен көрінген сәттерінен білім ордасының қоржыны қомақты. Дарынымен дараланып, білім көкжиегінде қанат қаққан оқушылардың да жетістігі көңілге қуаныш ұялатады. Республикалық «Айгөлек» балалар журналындағы шығармашылық жетістіктерімен қатар, республикалық пәндік олимпиада, жалпы білім беретін пәндер бойынша ғылыми жобалар байқауы, Халықаралық, республикалық өнер және спорт байқауларының жүлдегерлері – мектеп-гимназияның мақтаныштары.
- Қазақ жастарының басын бәйгеге тігіп, ел мен жер үшін көрсеткен ерліктері егемен ел болу жолындағы күрестері бүгінгі күні тәуелсіз еліміздің жарқын істерімен көрініс табуда. Осы отыз жылдың ішінде еліміз көптеген жетістіктерге жетті. Қазақстандағы білім саласының дамуына біздің мектеп ұжымының да еңбегі орасан. Қайта жасақталып, жаңарған мектеп-гимназия ардагер ұстаздардың маңдай терінің, адал қызметінің арқасында тамырын тереңге жайып, мәуелі бәйтерекке айналды. Биылғы оқу жылы басталғалы ұстаздарымыз бен оқушыларымыз көптеген сайыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп, Тәуелсіздікке "тартуларын" жолдауда. Бүгінгі шараны кең көлемде өткізуге мүмкіндік берген аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұрғали Латифұлына, "Өнерпаз" мәдениет үйінің директоры Серік Мақсотұлына ұжым атынан алғыс білдіремін. Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесімен баршаңызды құттықтаймын, деді Д.Төленов атындағы мектеп-гимназия директоры Т.Ғабитқызы.
Биыл ел егемендігінің отыз жылдығына орай мектеп-гимназия қабырғасында бірқатар шаралар ұйымдастырылды. Сыныптар арасында өткізіліген «Шырқалсын, Тәуелсіздік жыр-әні» атты хор айту конкурсы осы кеште қорытындыланды. 2-4 сыныптар бойынша Нұргүл Аманғалиеваның, 5-8 сыныптар бойынша Эльмира Хисметуллинаның, 9-11 сыныптар бойынша Жанаргүл Жайлашеваның жетекшілігіндегі сыныптар үздік шығып, бірінші дәрежелі дипломмен марапатталды. Осы оқу жылының алғашқы жартыжылдығында кәсіби біліктілік байқауларда білімі мен біліктілігін таныта білген, дарынымен дараланып додаларда оза шапқан ұстаздар мен олардың шәкірттеріне, сондай-ақ мектеппен байланыс жасап, қоғамдық жұмысқа белсене араласқан ата-аналарға да алғыс хат табысталды.
Ұлы мереке қарсаңында мерейлі жасқа шыққан ұжым мүшелері – К.Ерғалиева, А.Мұқашева, Е.Аубекеров, Г.Наутиева, П.Жаумитбаева, А.Утежановтарға, сондай-ақ осыдан отыз жыл бұрын қызметке орналасып, содан табан аудармастан еңбек етіп келе жатқан дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Наурыз Лұқпановқа кәсіподақ ұйымы атынан сыйлықтар табыс етілді. Жаңа оқу жылының жаңалығы ретінде саналған ұстаздар арасында өткізілген «Тәуелсіздікке тарту» жобасы да бүгінгі кеште қорытындыланды. Жоба жеңімпазы «Алтын адам» тобына 30 мың теңгелік, өзге қатысушы – «Бәйтерек», «Сәйгүлік», «Қыран» топтарына 25 мың теңгелік сертификат табысталды. Тұңғыш Елбасы Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев «Терең білім – тәуелсіздігіміздің тірегі, ақыл-ой – азаттығымыздың алдаспаны» дегендей, терең білімді, жаңашыл ұрпақ жетістігі – Тәуелсіздікке тарту еткен сый.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ
Суреттер автордікі