Тоқсаныншы жылдардың екінші жартысындағы меншікті мемлекет иелігінен алу және жекешелендіру жөніндегі ұлттық бағдарламаға сәйкес ауыл шаруашылығында түбегейлі реформа қолға алынды.
Кеңестік шаруашылық құрылымдары таратылып, олардың орнына ауыл шаруашылығындағы жекеменшікке негізделген жаңа шаруа қожалықтары мен шаруашылық құрылымдары, кәсіпкерлік нысандары пайда болды. Мал шаруашылығы мен егін өнімдерін өндірумен айналысатын бірден-бір ірі шаруашылық құрылымы «Бірінші мамыр» акционерлік қоғамымен қатар аталатын «Мұра» өндірістік кооперативі де озаттар легінен көріне білді. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары Жайық жағасынан үйлер тұрғызылып, шашыраңқы отырғандар ұжымдастырылып, бір қонысқа орналасады да, ол мекенге алғашқы үй салған Құлтай деген кісінің есімі беріліп, «Құлтай» атанады. Ол мекен 1957 жылғы тасқында суға кетіп, жаңа орыннан Алға ауылы бой көтереді. Осында құрылған «Қызыл ақырап» ұжымшары егін егіп, мал шаруашылығын кәсіп еткен болса, соғыс жылдары «Жаңа жол», «Жаңа шаруа», «Красный Каспий» ұжымшарлары балық аулаумен айналысқан. 1959 жылы «Жаңа шаруа» ұжымшары Алғаға көшіріліп, іріленген «ХХІ партсъезд атындағы» ұжымшар құрылып, 1972 жылы ол атауы өзгермей, кеңшар болды. 1991 жылы кеңшар таратылып, «Алға» ұжымдық кәсіпорны, 1994 жылы «Мұра» өндірістік кооперативі және 11 шаруа қожалық құрылды.
Кеңшардың мұрагері саналған «Мұра» өндірістік кооперативінің төрағасы Мергенғали Құрмановтың еңбегін алғалықтар ұмыта қоймаған болар, сірә?! Тоқсаныншы жылдардың басында Махамбет ауданының әлеуметтік-экономикалық жағдайы қиын қалпында қалып отырғанын жасыруға болмайды. Құлдырау процесі белең алып, соның салдарынан халық шаруашылығының барлық салаларында нақты жұмыс нәтижесі төмендеп кетті. Аудан шаруашылықтарының экономикалық жағдайы ауыр күйді бастан кешіріп, қаржы жағдайы бас көтертпей, тұсаулы аттай жұмыстары ілгері баспай жатты. Шаруашылықтар ұжымдық меншік түріне көшіп, жекешелендіру процесі ұзаққа созылды. Осы сәтте тыңнан түрен салған «Мұра» өндірістік кооперативінің арқасында алғалықтар қинала қоймады. Ауыл мен қаланың екі ортасына автобус қатынады, барлық ауылда жарықтың өшуі жиілеген уақытта Алға ауылында жарық өшуі туралы әңгіме мүлдем болмаған-ды. «Атырау-Жарық» мекемесінің бас директорымен келісім-шартқа отырып, ауылдан құрылған «Электр тұтынушылар кооперативі» ауылға кіреберістегі трансформатордың есептегіші арқылы төлеуі де тапқырлық болған еді.
Сексенге жуық қызметкері болған кооператив жұмысының негізгі бағыты – егін және мал шаруашылығы болды. Кооператив мүйізді ірі қара малын асылдандыру бағытында жұмыстар жүргізіп, облыстық мал тұқымын асылдандыру ғылыми-зерттеу институтымен келісім-шарт жасаған. «Алға» ұжымдық кәсіпорнында зоотехник болып қызмет еткен, қазіргі уақытта аудандық мәслихаттың хатшысы лауазымындағы Қайыржан Мәжиевтің сөзінше, кеңшар таратылғаннан кейін шаруа қожалықтарда қызмет атқарғандар кәсіпорыннан алған өз пайларын беріп, жаңа шаруашылық құруды ұсынады. -«ХХІ партсъезд атындағы» кеңшарда, «Алға» кәсіпорнында бас экономист болып қызмет еткен Мергенғали Құрмановпен және кәсіпорынның жұмысшылары Нәсіпбай Әйтімбетов, Олжағали Қаймақовтармен бірге кооперативтің Жарғысын жазып, бекіттік.
Алматыдағы ауылшаруашылық институтын бітірген білікті маман Мергенғали кооператив төрағасы ретінде сайланды. Мені малшы, егіншілерді жинақтауға, яғни кадр жұмысына және кооперативтың кірісшығысын есептеуге жауапты етіп тағайындады. Одан бөлек, Олжағали Қаймақов кәсіподақ төрағасы, Нәсіпбай Әйтімбетов бригадир, Ибраш Төлепов бас инженер болды, Каким есімді азамат гаражға жауап берсе, ағам Алихан Мәжиев зоотехник қызметін атқарды. Чектік жүйе де осы мезгілде қолға алынды. Түскен табыс, шығын есептеліп, ақша орнына чек берілді. Халықтың жағдайы жақсара түсті. Кооперативке қажетті техникалар, «К-700» тракторы, су құятын көлік сатып алынды. Халықты сумен, жылумен қамтамасыз етуде кідіріссіз жұмыс жасалды,-дейді «Мұра» өндірістік кооперативінің бұрынғы қызметкері Қ.Мәжиұлы. Алға ауылдық округінің әлеуметтік-экономикалық жағдайы 20 жылға жуық «Мұра» өндірістік кооперативінің табысына тығыз байланысты болып келді. Кооперативтің дебиторлық та, кредиторлық та бережағы болмаған-ды.
Көкөністер, пішен сатумен өзін-өзі нығайту түсуге бағыт ұстаған кооперативтің үш автобусы Атырауға жолаушы тасымалдап, табыс тапты. Мысалы, 2001 жылдың өзінде кооператив халыққа 4 млн теңгенің ақылы қызметін көрсеткен. Жазғы су құбыры да қалыпты жұмыс жасап, жеке қожалықтардың төрт түлігіне азық дайындауда кооператив техникасаның көмегі көп болды. «Мұра» кооперативінің арқасында Алға ауылының халқы көп қиындық пен таршылық көрмегені анық еді. Өйткені, кооператив таратылғанда да әркім өз пайын алып, жеке еңбек етуге бейімделе білді. Бір айта кетерлігі, 2003 жылы пайдың күші заң аясында толық жойылғанымен, «Мұра» өндірістік кооперативіне пай салғандар ұтылмады. Олар кооператив ыдырғаннан кейін пайларын есептеп, өздеріне тиесілі жерлерді алып, шаруашылықтарды қолға алды. Бүгінгі таңда «Мұраның» шекпенінен шыққандардың бірі жеке шаруашылықтарын дөңгелетіп отырса, енді бірі өзге салаларда қызмет атқаруда.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ