Әлемді әбігерге салған аты жаман ауруды жұқтырушылар саны күн санап өсуде.
Қазіргі таңда әлемде бұл вирустың кесірінен зардап шекпеген ел кемде-кем. Осындай қиын-қыстау кезеңде бір-бірімізге қай жағынан болмасын қолдау көрсетіп көмектесіп, бір ауыздан жұмыла білуге тиіспіз. Бұл туралы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев та жуырда ғана жариялаған мақаласында айтып өтті.
Рас, еліміз коронавируспен күресуге барынша күш салуда. Індеттің таралуының алдын алу мақсатында шектеу шаралары енгізіліп, санитарлы-профилактикалық тәртіп орнады. Осындай сын-сағатта мемлекетіміз халықтың жағдайын басты назарда ұстап отыр. Карантин уақытында жұмысы тоқтап, табысынан айырылғандарға 42500 теңге көлемінде жәрдемақы тағайындап, тұрғындардың азық-түлік, дәрі-дәрмектен тапшылық көрмеуі үшін барлық жағдайды қарастыруда. «Біз біргеміз!» республикалық акциясы шеңберінде жағдайы төмен көптеген отбасыға азық-түлік таратылып жатырғанына куәміз. Бұл істен қалтасы қалың қаржыгерлер де қалыс қалмауы керек.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев үндеуінде кәсіпкерлерге: «Сіздер тәуелсіздіктің арқасында өз істеріңізді қалыптастырып, аяқтарыңызға нық тұрдыңыздар, мол дәулетке кенелдіңіздер. Енді "Мен еліме не беремін?" дейтін кездеріңіз де келді. Осы орайда, менің өтінішім бойынша өз отандастарына қол ұшын беріп, қаржылай, заттай көмектесіп жатқан кәсіпкер азаматтар баршылық. Осы бір жарасымды үрдіс, игі іс одан әрі жалғасын табады деп сенемін», - деп кәсіпкерлерді жомарттық танытуға шақырды.
Мұндай азаматтардың ауданымыздан да бас көтеріп, халыққа қолдау-көмектерін көрсетіп жатқанын естіп, қуанудамыз. Бұл бастамаға қолдау көрсету арқылы олар кейінгі ұрпаққа үлгі болуда. Жаны жомарт жандарға жасаған жақсылықтарың өздеріңе еселеп қайтсын деген тілек білдіреміз. Елбасы айтқандай, біз біріксек қана бұл сынақтан аман-есен өтеміз.
Осы орайда, аталған пандемиямен күрестің алдыңғы шебінде жүрген дәрігерлер мен медбикелерді, құқық қорғау органдары мен әскери қызметкерлердің еңбегін де айтпай кетуге болмас. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылып, адамдардың өмірі мен елдің тыныштығы үшін еткен еңбектеріңіз елеусіз қалмайтыны анық. Бойларыңызда өз қызметтеріңізге деген жауапкершіліктеріңіз бен шыдамдылықтарыңыз барда қоғамның сіздерге деген құрметі қашанда жоғары болмақ.
Әміржан Молдашев,
білім беру ісінің үздігі, зейнеткер