Бруцеллез – адамға бруцеллезбен ауыратын ауыл шаруашылық жануарлардан берілетін, буындардың, жүйке жүйесінің зақымдануына әкелетін аса қауіпті инфекциялық аурулардың бірі. Ауру қоздырғыштары төлді қабылдаған кезде, ауру малды сою, жіліктеу, жүнді қырқу кезінде зақымды тері арқылы, сондай- ақ ауру малдың қайнатылмаған сүтін, термиялық өңдеусіз сүт өнімдерін пайдаланған кезде адам ағзасына енеді.
Адамда ауру зақымданудан соң 1-4 аптадан кейін білінеді. Шаршағандық, тәбеттің төмендеуі, бас ауруы, дене қызуының көтерілуі, түнгі уақытта терлегіштік, ұйқының бұзылуы пайда болады.
Бруцеллез – бұл жүрек-қантамыр жүйесін, жүйке жүйесін және сүйек -буын аппаратын зақымдайтын жұқпалы ауру. Инкубациялық кезең 1-2 аптаны құрайды. Ауру біртіндеп дамиды және оның ерекше сипаттары жоқ. Аурудың жасырын кезеңі екі аптадан үш аптаға дейін созылады, кейде бір айға дейін созылуы мүмкін. Аурудың бастапқы кезінде дене қызуы 39-40 градусқа дейін көтеріледі, адам қалтырайды, бас ауру, әлсіздік, қатты терлеу пайда болады. Біраз уақыттан кейін буындар ісініп сырқырай бастайды. Кейде бұл белгілер басылады да, бірнеше уақыттан кейін қайтадан басталады.
Ауру қарым-қатынас арқылы малдармен жұмыс жасағанда, жануарларды күткенде, жануарлар өнімдерін өндіретін, шикізат өңдейтін өндірістерде, жануарлардың шығындыларымен, туғызу кезінде, сойған кезде, еттерін бөлшектеген кезде жанасу арқылы жұғады. Адам бруцеллалармен ластанған тағамды қоданған кезде жұқтырады. Әсіресе, қауіпті болып сүт және сүт тағамдары саналады.
Мал басын жүйелі түрде бруцеллезге тексеру, вакциналауды жүргізу қажет. Ауру мал анықталған жағдайда, оны оқшаулау және оған күтім жасау кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау қажет. Нашар пісірілген, қуырылған етті, шикі сүтті, ашуы жетпеген ірімшікті немесе сүзбе ірімшікті қолданбаған абзал. Етті немесе сүтті сатып алған кезде сапасы мен қауіпсіздігін куәландыратын құжатты талап ету қажет. Бруцеллезді алдын алуда жеке гигиена ережелерін сақтау үлкен рөл атқарады.
Жоғарыда аталған қарапайым ережелерді сақтаған кезде сіз өзіңізді тек бруцеллезден ғана емес, басқа да үй жануарларынан берілетін аурулардан сақтай аласыз.Бруцеллез – мүгедектікке әкелетін ауыр дерт. Сондықтан әрбір адам дәрігерге уақытылы жүгіну, оның тағайындауы және кеңестерін бұлжытпай орындағанда ғана дерттен айығатынын есте ұстауы қажет.
К.ӘЖДЕНҒАЛИЕВА,
аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының жетекші маманы