Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев: «Ең өзекті міндеттердің бірі – құқық қорғау жүйесін толыққанды реформалау болып отыр. Мемлекеттік күштік құралы ретіндегі полиция бейнесі біртіндеп өткеннің еншісіне кетіп, ол азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қызмет көрсететін органға айналады. Полиция қашанда халыққа үлгі-өнеге болуы керек. Сонда ғана жұрт полицияға сенеді, оны қорған көреді»,- деген болатын.
УЧАСКЕЛІК ПОЛИЦЕЙГЕ ҚОЙЫЛАР ТАЛАП ЖОҒАРЫ
Өз ісіне жауаптылық және адалдық – учаскелік полиция инспекторының стандарты. Ол құқық қорғау органдарының арасындағы адамға ең жақын өкіл. Учаскелік полицейлер халықпен күнделікті тікелей байланыста, азаматтарға бірінші болып көмекке келіп, проблемаларын зерттейді, шешу жолдарын табады. Олар қылмыстың жолын кесіп, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартып, олардың тыныштығын сақтайды.
Учаскелік инспектордың қызметі турасында Махамбет ауданы полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Алмас Қамидоллин: «Полицей мамандығын таңдау мен үшін кездейсоқ таңдау болмады, жасөспірім кезімде ержүрек, адал, тәртіпті болуды мақсат тұтып, әскери қызмет туралы армандадым. Содан 2017 жылы Ақтөбе қаласындағы ҚР Ішкі істер министрлігінің М.Бөкенбаев атындағы заң институтының «Құқықтану» мамандығына оқуға түстім. Институт қабырғасында оқып жүргенде қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, түрлі спорт түрлерімен шұғылдандым. Оның ішінде бокстан чемпионаттарға қатысып, жүлделі орындарға ие болдым. Оқуды аяқтаған соң туған жеріме келіп, қызмет ете бастадым»,- дейді.
Ол қызмет атқарғанына көп уақыт болмаса да әріптестері мен басшылықтың алдында өзін тек жақсы жағынан көрсетіп келеді. Алмас жұмыстың тиімді болуы үшін учаскелік инспектордың басты міндеті учаскеде тұратын барлық азаматтармен өзара түсіністік, сондай-ақ, халық арасында сенімді қарым-қатынас орнату болып табылады деп есептейді.
Жалпы, бүгінгі таңда құқық қорғау саласының қай бағытына болмасын талап күннен күнге күшейіп келе жатқаны рас. Ел Президенті Қасым- Жомарт Тоқаев өз Жолдауында бұл мәселеге ерекше мән беріп, аталмыш саланың заман талабына сай икемді болуы қажет екенін айтқан болатын.
– Расы керек, полицияға деген теріс көзқарас қоғамда әлі де бар. Бірақ, кез келген адам басына іс түскенде бірінші полиция қызметкерлеріне жүгінеді. Полиция қызметкері үшін білім де, білік те, білек те керек. Сабыр, төзім және қажыр-қайрат қажет. Шапшаңдық пен жылдамдық, тез шешім қабылдап, жылдам әрекет ете білу қабілеті полицейге қажетті басты қасиеттердің қатарында. Ұстамды болуы, азаматтармен тіл табыса білуі, сыпайы болуы да аса маңызды. Ол барлық талаптарға сәйкес келуі тиіс,- дейді А.Ерланұлы.
Жасыратыны жоқ, құқық органы қызметкерлеріне «шақырғанда келмейді», «дөрекі сөйлеседі», «сылбыр қимылдайды», «дұрыс жауап бермейді» деп сын-ескертпелерді жаудырып жататындар кездеседі. Жалпы, полицияға қатысты бала күннен қалыптасқан қате көзқарас бар. Бізге осы көзқарастан арылатын кез келді. Қоғамдық тәртіпті сақтау тек қана полицияның міндеті емес, ол – біздің әрқайсымыздың міндетіміз.
Айта кетейік, елімізде «Сіздің учаскелік полецей ! » атты республикалық акциясы жыл сайын өтіп тұрады. Акцияның мақсаты – әрбір тұрғынға жету және белгілі бір аумақта құқықтық тәртіпті нығайту, полиция жұмысы туралы ақпарат алу, сондай-ақ қызмет көрсетілетін әкімшілік учаске бойынша ақпаратты толық иелену.
«КИБЕР-ШЕРИФ» ЖҮЙЕСІ ҚҰҚЫҚТЫҚ ТӘРТІПТІ КҮЗЕТЕДІ
2024 жылдың басында-ақ елді елең еткізген атышулы «Кибер-шериф» жүйесі біраз көлік жүргізушісін тәубесіне түсірген сыңайлы. Алыстан орағытып, заң бұзғанды бірден тезге салатын «Кибер-шериф» құрылғысы бар көлік Махамбет ауданына да келді.
«Кибер-шериф» борттық аппараттық кешені – жол ережесін бұзушы, қауіпті жүргізушілерді дер кезінде анықтауға және автоматты түрде жауапкершілікке тартуға мүмкіндік береді. Бұл жол апаты жағдайларының санын азайтуға және оның алдын алуға зор үлес қосады.
Құрылғының бейнекамерасы 360 градуста көріністі бақылап, бір мезгілде 50 автокөлікті анықтай алады. Патрульдік машинаға орнатылған әр кешен 8 бейнекамерадан бар. Жүйе көліктің ішін де, айналасын да аудио және бейнежазбаға жазып алады. Біреу жылдамдықты арттырды ма, жолдың қарсы бөлігіне шығып кетті ме, белгіленбеген жерге көлік қойды ма – бұның бәрі осы жүйеге таспаланады. Кешен жұмысына ешкім араласа алмайды, оның жұмысы планшетке келіп түседі.
Махамбет аудандық полиция бөлімінің патрульдік полиция тобының қызмет аға инспекторы, полиция капитаны Расул Қайрекеновтің сөзінше, «Кибер-шериф» іске қосылғанын білсе де, жылдамдықты шамадан тыс асырушылар азаяр емес.
– «Кибер-шериф» борттық аппараты орнатылған бір «Hyundai Elantra» автокөлігі Махамбет ауданына қарасты облыстық маңызы бар Aтырау-Индер тас жолының 28-104,9 шақырым аралықтарында қызмет атқаруда. Жүйе іске қосылған ақпан айынан бастап қазіргі уақытқа дейін 528 жылдамдық режимін бұзу фактісі анықталып отыр. Жолда қандай да бір бұзушылық тіркелсе, қарапайым жылдамдық өлшеуіш құралын пайдаланып, бүкіл жұмысты қолмен атқаратынбыз. Содан хаттама толтырамыз. Қазір бәрі автоматты түрде тіркеледі. Бұл процесс уақытты үнемдейді. Тіпті, іздеуде жүрген көлік құралдарын да, жалған нөмірді де осы базадан қарап тексеруге болады. Әдетте алда стационарлық камераларды көргенде кейбір жүргізушілер көлікті дереу тежейді. Ал жаңа қондырғы автокөлік жүргізушілеріне бұл әдеттен арылуға көмектеседі. Себебі барлық ақпарат компьютер жадында кемінде 30 күн сақталады,- дейді Р.Қайрекенов.
Анықталған құқық бұзушылық деректері полиция қызметкерлерінің қатысуынсыз автоматты түрде базаға түсіп, электронды хаттама қаулысы 1 апта ішінде көлік иелерінің мекен жайларына жолданады. Жаңа толықтырулар қаңтар айының 22-сінен бастап 1-ші ақпанға дейін сынақтық режимде жұмыс жасап, 1 ақпаннан бастап толықтай жүйеге енді.
ПОЛИЦЕЙ БОЛАМ ДЕСЕҢІЗ...
Атырау облысының Полиция департаменті Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ведомстволық жоғары оқу орындары М.Есболатов атындағы Алматы академиясына, Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясына, Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясына және М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтына 2024-2025 оқу жылына талапкерлерді іріктеу басталғанын хабарлайды.
Оқуға жалпы орта, орта-техникалық немесе арнайы кәсіптік білімі бар, 16 жасқа толған, ішкі істер органдары қызметкерлеріне қойылатын талаптарға сай келетін, денсаулығы бойынша әскери қызметке және оқуға жарамды жастарды қабылдайды. Жасөспірімдердің бойы – 170 см. төмен емес, қыздардың бойы – 160 см. төмен емес болуы тиіс.
Оқуға түскеннен кейн курсанттардың оқуы, тамақтануы, киім-кешегі және демалыс мезгіліндегі жол ақысы мемлекет атынан толық қамтылады. Оқуды аяқтағаннан кейін бітіруші курсанттар міндетті түрде қызметке орналастырылады және оларға «полиция лейтенанты» арнайы атағы беріледі. Ұлдар үшін міндетті әскери борышын өтегенмен теңестіріледі. Анықтама алу үшін Махамбет ауылы, Ж.Қартқожақов көшесі, №27 мекенжайында орналасқан полиция бөлімінің, тәрбие және кадр жұмысы тобына жолығуға немесе +7(701) 339- 35-78 байланыс нөміріне хабарласуға болады.
Полицей мамандығы өте қиын әрі қауіпті болып саналады. Қызметтік борышы бойынша адамдардың қауіпсіздігі, қоғамдық тыныштық пен тәртіп полицей өмірінде басымдыққа ие. Ең бастысы – кез келген қызметкері өз әріптесіне көмекке келуге, қиын сәтте қолдау көрсетуге дайын.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ