Әйел және қоғамдағы жауапкершілік

Қазіргі қоғамда гендерлік саясат қоғам дамуының, демократия- лық үрдістердің және адам құқықтарын қорғаудың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Гендерлік теңдік ұғымы ерлер мен әйелдердің қоғам өмірінің барлық саласына – саясат, эконо­мика, мәдениет, білім және отбасылық қатынастарға тең дәрежеде қатысуын көздейді.

Қазақ халқының дәстүрлі мәдениетінде әйел заты әрқашан ерекше құрметке ие болған. Ана – отбасының берекесі, ұлттың ұйытқысы, ұрпақ тәрбиесінің негізі. «Ана бір қолымен әлемді тербетеді» деген сөз қазақ әйелінің қоғамдағы орнын айқындап тұр. Дегенмен, заманауи кезеңде әйелдердің қоғамдағы белсенділігін арттыру, еңбек нарығында, саясатта және басшылық орындарда ерлермен тең дәрежеде болуына бағытталған нақты саясат жүргізу қажеттілігі туындады.

Қазақстан Республикасында гендерлік саясат мемлекеттік деңгейде жүзеге асып келеді. 2006 жылы қабылданған «Гендерлік теңдік стратегиясы» мен одан кейінгі бағдарламалар әйелдердің құқықтарын қорғауға, олардың саяси және экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталды. Бүгінде елімізде әйелдер Парламентте, мемлекеттік қызметте, бизнес саласында белсенді қызмет атқарып жүр.

Ауылдық жерлерде әйелдердің мүмкіндіктері шектеулі болып отырған жағдайлар да бар. Бұл білім алу, кәсіп ашу, жұмысқа орналасу мәселелерімен тікелей байланысты. Сондықтан гендерлік саясат тек заң жүзінде ғана емес, нақты іс жүзінде де жүзеге асырылуы тиіс.

Қазіргі қазақ әйелдері – білімді, табысты, қоғам өміріне белсене араласатын жаңа буын өкілдері. Олар саясаткер, дәрігер, мұғалім, кәсіпкер, тіпті ғалым мен ұлттық дәстүрлерді сақтап, отбасы құндылықтарын дәріптеуде маңызды рөл атқарып келеді. Гендерлік саясаттың басты мақсаты – ер мен әйел арасындағы шынайы теңдікті қалыптастыру, қоғамдағы әр азаматтың әлеуетін толық жүзеге асыруына мүмкіндік беру. Қазақ қоғамы үшін бұл – ұлттың дамуына, өркениетті қоғам қалыптастыруға бастайтын маңызды бағыт.

Н.СЕРІКОВА,

сот әкімшісінің жетекші маманы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Республика күні

AQPARATPRINT