Бұқаралық спортты дамытуға айрықша назар

Кез келген мемлекеттің алға қойған мақсат-мүддесін, стратегиялық жоспарларын іске асыратын сол елдің азаматтары. Әрине ол үшін бірінші кезекте ұлттың саулығы маңызды. Бұл бағытта елімізде салауатты өмір салтын қалыптастыру, бұқаралық спорт пен спорттық инфрақұрылымдарды дамытуға ерекше ден қойылған. Бұл тақырып ел Президенті Қ.Тоқаевтың назарынан тыс қалған емес. 8-ші қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да спорт тақырыбына ерекше тоқталып өтті.

-Баршаңызға мәлім, мен бұқаралық спортты дамытуға баса мән беремін.

Аймақтарда спорт нысандары бой көтеріп жатыр. Үйірмелер балаларға қолжетімді бола бастады. Ерекше қажеттілігі бар азаматтарға және егде адамдарға арналған спорт клубтары ашылып жатыр. Сондай-ақ кәсіби спорт саласында оң өзгерістер болып жатыр, - деді Мемлекет басшысы.

Республика, облыс көлемін айтпағанда ауданымызда тіпті шалғай жатқан ауылдарда да бұқаралық спортты дамытып, салауатты өмір салтын ұстанып, дене шынықтыру және спортпен шұғылдануға жағдай жасалған. Қазіргі таңда ауданымызда 1 стадион, 3 спорт кешені жұмыс жасайды. Соныменқатар жасанды төсенішімен 29 шағын футбол, 5 балалар ойын алаңдары, 4 баскетбол, 1 волейбол, 6 стритворкаут тренажер алаңдары және білім беру мекемелері мен мекемелерде 22 спорт залдары бар. Мемлекеттің спорт саласын дамытуға деген айрықша назары жемісті нәтижесін беріп келеді. Өздеріңіз білетіндей, ауданда ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған «Ер жүректілер» спорт клубы 2018 жылдан бастап жұмыс жасайды. Онда үстел теннисі, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ сынды спорттың 4 түріне 30-ға жуық мүмкіндігі шектеулі жан қатынасады. Олар да түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, жоғары жетістіктерге қол жеткізіп жүр. Ауыл балаларын спорт секцияларымен қамту және олардың бос уақыттарын тиімді өткізуін ұйымдастыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарымыз аз емес. Аудан бойынша Махамбет, Ақжайық спорт мектептерінде спорттың дзюдо, бокс, футбол, волейбол, баскетбол, жеңіл атлетика, қазақ күресі, тоғызқұмалақ түрлерінен 1225 оқушы, Махамбет балалар жасөспірімдердің даярлық клубында (ДЮК) спорттың каратэ-до, теннис, жеңіл атлетика, футбол, гандбол, шахмат, бокс, баскетбол, тоғызқұмалақ түрлерінен 640 оқушы үйірмеге қатысады. Өткен жылы спорттың әр түрінен мектепішілік ашылған 73 спорттық үйірмеге 5721 окушы қатынасты. Ал мекемелер бойынша спортпен шұғылданушылар саны бүгінде 5 мыңнан асады. Каратэ – до кекушинкайдан жаттықтырушы, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері А.Айшуакованың шәкірттері, Қазақстан Республикасының чемпионаттары халықаралық турнирлер, жоспарлы облыстық іріктеулер және облыс көлеміндегі ашық республикалық турнирлерге қатынасып, шеберліктерін шыңдап келеді. Сондай-ақ Президент Жолдауда футболды дамыту үшін әлемдік тәжірибе көрсеткендей коммерцияландыру ісін жалғастыру қажеттігін, қазіргі таңда еліміздің төрт футбол клубына белгілі кәсіпкерлеріміз ие болып, клубтардың жекеменшікке өтіп жатырғанына тоқталды. Оның айтуынша, кәсіби спортты қомақты табыс әкелетін бизнес-индустрия ретінде қарастырған жөн. Бұл бастама кең қолдау тауып, қарқынды жүзеге асса еліміздің спорт саласының жаңа сатыға көтерілуіне септігі тигізері сөзсіз.

 

Н.САМЕНОВА,

аудандық спорт және дене шынықтыру бөлімінің бас маманы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT