Ел болашағына бағытталған стратегиялық бағдар

Махамбет ауданы әкімі Қайрат Нұрлыбаевтың төрағалығымен  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында жүктелген міндеттерді талқылау жиыны өтті. Оған мәслихат депутаттары, ауылдық окург әкімдері мен бөлім басшылары, қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. 

 Жиынды аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев: "Күні кеше облыс әкімдігінде Жолдауды талқылау бойынша  жиын өткен болса, бүгін ауданымызда жалғасын тауып жатыр. 
Жолдауда Президент еліміздің саяси жүйесіндегі оң өзгерістерге тоқталып өтті. Қазіргі таңда барлық сала цифрлық жүйеге жаппай көшуге байланысты алдағы үш жылда цифрлық елге айналу міндеті қойылды.  Осыған орай Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылатын болады. 
Сондай ақ ел өміріндегі маңызды саяси шешімнің  бірі палаталы Парламент құру туралы ұсыныс айтылды. Осыған байланысты елде  референдум өткізу жоспарланды. 

Ол цифрлық активтердің толыққанды экожүйесін тезірек қалыптастыруға назар аударды. Елде мемлекеттік ұйымдар мен компаниялар негізсіз көбейіп кеткенінен, кәсіпорындардың толыққанды дамуына мүмкіндік берілмей отырғанын меңзеді.

Аграрлық экспорт жоспарын қайта қаралып, логистика, ветеринарлық және фитосанитарлық стандарттар, сондай-ақ сауатты маркетингтік стратегия ескерілуі қажеттігі де айтылды. Мемлекет басшысы өңдеу өнеркәсібі мен тау-кен металлургия кешенін дамытуға басымдық берілетінін,  алдағы үш жылда кемінде үш жоғары технологиялық кәсіпорын іске қосылуы тиістігін мәлімдеді. Осы және өзге де маңызды міндеттері мен тапсырмаларын жүзеге асыруға баршамыз атсалысып  жұмыс жоспарымызға енгізетін боламыз», -  деп жиынға қатысушылардан ұсыныс-пікірлерін білдіруді сұрады.
Аудандық мәслихат төрағасы Қ.Мажиев Жолдауда айтылған игерілмей бос  жатқан және заңсыз алынған ауылшаруашылығы жерлерін кері қайтару мәселесіне тоқталды.

Ол ауданымыз бойынша пайдаланылмай отырған 152 жер иесінен 34613 гектар жер қайтарылып, ауыл тұрғындарының малына ауыл маңындағы жайылымдық жерлерін кеңейтіп, 3000 гектар ауылшаруашылығы жерлері конкурс арқылы  жаңа ісін бастап жатқан шаруа қожалықтарына берілгенін атап өтті.
Қ.Тоқаев мемлекетке масыл болып, әлеуметтік көмек алып отырған азаматтар туралы, әсіресе, КСРО ардагері ретінде берілетін көмек алатындардың жыл сайын «жасарып» жатқанын айтқан болатын. Бұл жөнінде аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ж.Пазулов өз ойын ортаға салды.
" Қазіргі таңда мемлекет тарапынан төленетін жүзге жуық әлеуметтік төлемдер бар. Бұл орайда Президентіміз: «Жәрдемақы – табыс көзі емес, уақытша көмек. Масылдыққа жол берілмейді» деп нақты айтты. Ендігі жерде Үкіметтің бастамасымен әлеуметтік төлемдер оңтайландырылып, қажетсізі қысқартылып, қаражат ең алдымен шын мұқтаж жандарға бағытталатын болады", - деді ол.

Аудандық білім бөлімінің басшысы В.Қабышева Жолдауда айтылған жасанды интеллектіні білім беру саласында қолдану аясын кеңейту туралы міндеттерге тоқталды. 
"Жасанды интеллектпен жұмыс істеуге ерте жастан баулу үшін Президент ең алдымен мектеп оқушыларына арналған жасанды интеллект негіздері туралы бағдарлама және оқу материалдарын әзірлеуді тапсырды.

Осыған орай, 2026 жылдан бастап оқушыларды жасанды интеллект құралдарын қолдануға үйрететін арнайы пәндер енгізілмек. ЖИ интеграциясы «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» пәндерінен басталады. Бұл бағытта орта білім беру жүйесінде жасанды интеллектті қолданудың этикалық стандарттары бекітілген. Оқушылар үшін Day of AI онлайн курстары, ал педагогтер үшін үш деңгейлі біліктілікті арттыру курстары әзірленген.
Жалпы алғанда Мемлекет басшысының бұл Жолдауы білім саласын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған нақты және өзекті құжат, - деді білім бөлімінің басшысы В.Қабышева.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Қ.Нұрлыбаев:   "Президент Жолдауы –  тек мемлекеттік басқаруға емес, елдің әрбір азаматына бағытталған маңызды стратегиялық бағдар.
Сондықтан Жолдаудағы міндеттерді жүзеге асыру – баршамыздың ортақ міндетіміз"- деді. 

Өз тілшіміз

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT