Жақында біріккен Араб Әмірлігінде БҰҰ-ның Даму бағдарламасы және «БҰҰ-әйелдер» құрылымының және «Астана» Халықаралық қаржы орталығының қолдауымен «Әйел әйелге көмектеседі» атты форум өтті.
Форумға «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен Қазақстан бойынша 70 іскер әйел қатысқан. Олардың қатарында Ләйла Сұлтанқызы, Гүлбаршын Заирова сынды танымал тұлғалар да бар. Әзербайжан, Өзбекстан, Түркия сынды түркі тілдес мемлекеттер мен Ресейдің іскер ханымдары қатысқан жиында әр елдің өкілдері өзінің бизнестегі тәжірибелерімен бөліскен. Оның ішінде әйелдер бизнесін және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру тақырыптары кеңінен қозғалды. Халықаралық жобаға Қазақстан атынан жолдама алғандардың қатарында Махамбет ауданының іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Қалиева Марал Жамбылқызы да болды.
- БАӘ мемлекетіне бару жөніндегі осы бір тамаша мүмкіндікті барынша тиімді пайдаланып, көп тәжірибе жинап, ой түйіп келдім. Біз кез келген кәсіп түрімен айналысып бастағанда ең алдымен тазалыққа және мәдениетке көп көңіл бөлуіміз керек екен. Алдымызға келген әр тұтынушыны күліп қабылдап, жымиып шығарып салудың да маңызы зор. Бүгінде тігіншілік, қолөнер жақсы дамып, мемлекеттен берілетін гранттарға да ісмерлер қол жеткізіп жатыр. Бірақ бізде әлі ішкі нарықта өз өніміміз өте аз. Тапсырыспен ғана дайындатып жатамыз. Соны үнемі қолжетімді бағада, әртүрлі ассортиментте, дүкен сөрелеріне толтырып қойсақ, ұлттық өнеріміздің, құндылықтарымыздың жоғалмауына үлес қосар едік. Бұл істе бір ғана тігін саласын дамыту үшін қойдың жүнін өңдеуден бастап, жіп дайындау өндірісін де қолға алу керек. Қай саланы болмасын дамытып, жетілдіріп әкету тек мемлекеттің емес, әр азаматтың қолында. Ізденіп еңбек етем деген жанға барлық жағдай жасалған. Соңғы бір жылдың ішінде бір ғана Махамбет ауданында іскер әйелдер қатарына 100-ден аса адам қосылған. Олардың басым бөлігі сауда-саттық, тамақтандыру, сұлулық салондары, тігін цехтары мен кондитерлік өнімдер даярлау саласында еңбектеніп жатыр. Дубайда өткен басқосу кәсіпкерлік саладағы әйелдер қауымының мүмкіндігі мол екенін тағы бір дәлелдеп қана қоймай, ел экономикасының дамуына да өзіндік үлесін қосты, - дейді ол.
Әлем бойынша танымал әйелдердің ондығына көз жүгіртсек, оның ішінде Мишель Обама, Германияның бұрынғы канцлеры Ангела Меркель, тіпті танымал әншілер Леди Гага мен Бионсе де бар. Олар тек бір са¬ланы ғана емес, бірнеше жұмысты қатар алып жүрген нағыз іскер әйелдер және тапқан табыстарының белгілі бір бөлігін тұрақты түрде қайырымдылыққа жұмсап отырады. Оларға осындай әлемдік дәрежеде танымал тұлға болу үшін бір ғана нәрсе көмектесті. Ол – қажырлы еңбек. Болашақта біздің елімізден де осы Форбестің тізіміне енетін іскер әйелдер шықпасына кім кепіл?
Айнұр ҚАНАТБАЙҚЫЗЫ