Жалғансайлық жас инспекторлар – бас жүлде иегері

Аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен Жалғансай орта мектебі базасында жол қозғалысы жас инспекторларының аудандық слеті өтті. Оған сегіз мектептің жас жол қозғалысының инспекторлары қатысты.

Байқау эрудит, жол қозғалысы ереже белгілері, қауіпсіз дөңгелек, жас реттеуші, жас санитар, жас үгіт бригадалары, саптық дайындық жүру барысы бағытында жүрді. Бес адамнан құрылған білім, құқық, қорғаныс саласының мамандары қатысушыларға қазылық етіп, шартқа сай оларды саралады.

Байқауды үгіт-насихат тобы бастады. Әр мектептің «Абайлаңыз, балалар!», «Әрқашан жолың болсын!», «Кісі қаққан қыз», «Жол апатына ұшыраған бала» көріністері жұртшылық көңілінен шықты. Бұдан соң Жалғансай мектебінің «Болашақ» командасы жол ережелері туралы «Әрқашан жолың болсын!» парақшасын таратты. Д.Төленов атындағы мектеп-гимназия командасы «Жол белгілері не үшін керек?» деген тақырыпта әр жол белгісін көрсете отырып, оның мәнін ашты.

Эрудитте сауалдарға жауап берсе, жас са­нитарды аудандық аурухана медбикесі Ма­рия Қамиқызы өзі қадағалап, жас санитар­лар жол-көлік оқиғасынан жарақат алған жағдайда қалай алғашқы көмек көрсету ту­ралы сауалдарға жауап берді.

Жас реттеуші, қауіпсіз дөңгелек те ойдағыдай өтті. «Қауіпсіз дөңгелек» сайы­сын аудандық полиция бөлімінің әкімшілік полиция бөлімшесінің патрулдік поли­ция қызметі аға инспекторы, полиция аға лейтенанты Жасұлан Ізбасаров жүргізіп, әр қатысушы велосипедпен жүріп, оны мәнерлеп жүргізген балалар қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтай білді.

Жас реттеушіні аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің патрульдік полиция қызметі аға инспекторы, полиция капитаны Қуаныш Шонышев қадағалап, жас жол қауіпсіздігі инспекторларына жолда жүру ережелеріне мұқият болуды, жол тәртібі қалай бұзылатынын, оны қалай реттейтінін жіті түсіндірді.

Саптық дайындық жүру барысын аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысының орынбасары, капитан Ербо­лат Бодыбаев қадағалады.

Аудандық білім бөлімінің әдіскерлері Гүлза Динжанқызы, Нұржанат Балтабайқызы, Қуаныш Ұзақбайұлы, Ерболат Ермекбайұлы байқауға қатысқан командалардың жеткен жетістігі мен жіберген кемшіліктерін сара­лап, жеңімпаз командаларды, жекелеген оқушыларды номинациялар бойынша ма­рапаттады.

«Жол қозғалысының жас инспекторы» байқауының бас жүлдесін Жалғансай орта мектебінің «Болашақ» командасы жеңіп алса, жүлделі 1 орынға Қосарал мектебінің «Байқампаз» командасы ие болды. Жүлделі 2 орынды Алға, Қ.Ахмедияров, Д.Төленов мектеп-гимназиясы командалары еншіледі. Жүлделі 3 -орыннан Ақтоғай, Талдыкөл, А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектеп ко­мандалары көрінді. Номинациялар бой­ынша «Үздік эрудит» деп Гүлназ Дүсіп (Қ.Ахмедияров о/м), «Үздік санитар» деп Нұрлықыз Алтайқызы(А.Байтұрсынұлы о/м) танылды. Алға мектебінің оқушысы Әділет Тілекқабыл «Үздік жасақ командирі» атанды. Сонымен қатар «Үздік бригада» деп Қосарал орта мектебінің «Байқампаз» командасы танылса, Д.Төленов мектеп- гимназиясының оқушысы Айсұлтан Сай­лау «Үздік реттеуші» атанды. Ал Ақтоғай орта мектебінің оқушысы Нұртаза Ғаділбек «Үздік велосипедші» деп танылды.

 

А.ТЕКЕБАЙ

Жалғансай ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521