Биыл да «Транскаспий көлік бағытын дамытудың маңызы арта бастады. Бұл бағыттардың бәрі біртұтас жүйе сияқты жұмыс істеп, елімізге едәуір табыс әкелуі керек. Сондай-ақ, инфрақұрылымды жақсартуға жаңа инвестиция тарту қажет, сапалы жұмыс орындарын ашуға ықпал етуге тиіс. Осы орайда цифрлық тәсілдерді ауқымды түрде қолданған абзал. Онсыз ешқандай тиімділік болмайды»,- деп орта дәліз арқылы өтетін жүк тасымалына цифрлық оңтайландыру қажет екенін атап өтті.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, дәл осы бағыттағы жүк тасымалы 2022 жылы 1,7 млн тонна болса, 2023 жылы 2,76 млн тоннаға жеткен. Өткен жылдың алғашқы 7 айында былтырғы 12 айдағы көрсеткішті орындаған. Дәл қазіргі уақытта сарапшылар Транскаспий халықаралық көлік жолы әлеуетін 2030 жылға дейін жылына 10 миллион тонна жүк және 300 мың контейнер деңгейінде бағалауда.
Сонымен қатар Қазақстан Президенті Қасым- Жомарт Тоқаев Жолдауда елдің көлік-логистика саласын дамыту бойынша тағы да жаңа міндеттер жүктеді. Мемлекет басшысы Қазақстанды Еуразиядағы көлік хабына айналдырудың стратегиялық маңызы зор екенін ерекше атап өтті.
Осы орайда нарықтық экономиканың қарқынына ілесіп, көш алдына шығып келе жатқан саланың көшбасшы мамандары не дейді? Қазақстан расымен-ақ тауарлы елдер арасындағы ірі тасымал аймағына айнала ала ма? Осы және тағы да басқа өзекті сұрақтармен көлік-логистика саласында жиырма жылдық тәжірибесі бар маман, инженер-механик, логистика магистрі және MBA, логистика және көлік бойынша PhD докторантурасында білім алып жатқан «Логистика с нуля» курсының авторы, «TransCaspian Cargo» (TCC) компаниясының негізін қалаушысы әрі бас директоры, Махамбет ауылының тумасы Бисалиев Рүстем Сағынұлымен сұхбаттасқан едік.
– Рүстем Сағынұлы, жиырма жылға жуық жұмыс тәжірибеңізден түйін ретінде «логистика –бұл жай ғана тасымал емес, бұл бизнеске бір қадам, кәсіби өсу және миллиондарды басқару» деп жиі айтасыз. Тіпті, осы саланың мамандарына арналған авторлық курсыңыз да жарық көрді. Бүгінде сіз арқылы тәлім алып жатқандар көп пе? Жалпы кәсіби логист дегеніміз кім?
– Мен үшін логистика әрқашан жай ғана жүк тасымалдау емес. Бұл – стратегиялық мамандық, ол тек тауар ағынын ғана емес, уақытты, қаржыны, тәуекелді және компаниялардың беделін де басқарады. Нағыз кәсіби логист – ол жабдықтау тізбегінің сәулетшісі, нарықтарды, салаларды және тіпті мәдениеттерді байланыстыратын тұлға.
Соңғы жылдары біздің авторлық бағдарламаларымыз бен курстарымыздан бірнеше жүздеген мамандар мен студенттер өтті. Олардың көбі ірі компанияларда жұмыс істеп жүр немесе өз бизнесін ашты. Бұл менің басты тұжырымымды дәлелдейді: логистика – кәсіби өсуге жол, үлкен процестерге әсер ету және миллиондаған шешім қабылдау мүмкіндігі.
– Жуырда Мемлекет басшысы Қазақстан халқына кезекті Жолдауында көлік-логистика саласына ерекше тоқталып, бірқатар мәселені толықтыруды тапсырды. «Сондай-ақ біз үшін Транскаспий көлік бағытын дамытудың маңызы арта бастады. Бұл бағыттардың бәрі біртұтас жүйе сияқты жұмыс істеп, елімізге едәуір табыс әкелуі керек» деп бұл саланың табысты болуы, сайып келгенде цифрландыруға байланысты екенін атап өтті. Эксперт ретінде сіздің пікіріңіз қандай?
– Президенттің акцентімен толық келісемін. Бүгінде транзит жай инфрақұрылым емес, ол бәсекелестік жарыс. Жеңіске жететіндер – технологияны тезірек енгізіп, ағындарды тиімді басқара алған елдер. Транскаспий бағытының әлеуеті зор, бірақ ол тек барлық буындары бірыңғай цифрлық экожүйе ретінде жұмыс істегенде ашылады, ягни порттар мен теміржолдан бастап кеден мен экспедиторларға дейін.
Логистикадағы цифрландыру – бұл ашықтық, жылдамдық және болжамдылық. “Smart Cargo”, жасанды интеллектті енгізу, бірыңғай деректер базасы мен электронды құжаттар шекарадағы кедергілерді жояды, шығындарды азайтады және дәліздің тартымдылығын арттырады. Қазақстан аймақ көшбасшысы бола алады, егер Қытайдың инфрақұрылымын, Еуропаның технологиялық стандарттарын және өз транзиттік мүмкіндіктерін біріктіре алса. Бұл – елдің стратегиялық артықшылығы.
– Транскаспианкарго бүгінде Қазақстан, Орталық Азия мен ТМД елдеріне жүк тасымалдау бағытындағы ірі логистика компаниясы деуге болады. Бұл қанша жылда қол жеткізген еңбектің нәтижесі? Компанияның тынысы мен негізгі бағыттары туралы айтып берсеңіз?
– Шын мәнінде біз әзірге классикалық мағынадағы жүк тасымалымен айналыспаймыз. TransCaspian Cargo – ең алдымен білім, құзыреттер және жаңа тәсілдер қалыптастыратын зерттеу және даму Академиясы. Біз білім беру бағдарламаларын жасаймыз, мамандарға арнал- ған курстар әзірлейміз, компанияларға кеңес береміз және ертеңгі күні ел мен аймақтың көлік ағындарын басқаратын кадрларды даярлаймыз.
Біздің негізгі бағыттарымыз: TCC Academy – мамандар мен менеджерлерді даярлау, зерттеу және консалтинг – көлік дәліздері, санкциялар, тарифтер бойынша аналитика, цифрлық шешімдер және білім беру платформалары.
Біз ғылым, бизнес және мемлекеттің түйіскен жерінде жұмыс істейміз. Мақсатымыз – Қазақстан мен Орталық Азияны тек транзит дәлізі емес, құзыреттер орталығына айналдыру. Мен біздің басты миссиямызды және ұзақ мерзімді үлесімізді осылай көремін.
– Білім беру, оның ішінде еліміздің логистика саласында мықты мамандар даярлауда үлес қосып келесіздер. Транскаспианкарго қазіргі таңда қанша жоғары оқу орнымен серіктес атанды? Бұл серіктестіктің студенттерге пайдасы қандай?
– Қазіргі таңда TransCaspian Cargo еліміздің жетекші университеттерімен серіктестік орнатқан: Satbayev University, DKU, APEC PetroTechnic, Yessenov University және басқалары. Әр ЖОО-мен академиялық білім мен нарық тәжірибесін ұштастыратын серіктестік форматын қалыптастырамыз.
Студенттер үшін бұл – тек оқулықпен шектелмей, бизнестен алынған нақты кейстерді үйрену, дуалды бағдарламалар мен тағылымдамаларға қатысу, халықаралық стандарттар мен құралдармен танысу мүмкіндігі. TMS/ERP сияқты цифрлық жүйелерден бастап, тұрақты логистика және ESG қағидаттарына дейін. Көптеген тыңдаушыларымыз сертификат алуға және ең бастысы – жұмысқа орналасуға көмектесетін байланыс желісіне қол жеткізеді. Біздің мақсатымыз – түлектерді теориямен шектелмей, нарыққа бүгіннің өзінде қажет маман ретінде даярлау.
– Президент соңғы Жолдауында «Жалпы, әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр. Басқа да арзан балама бағыттар мен жолдар ұсынылуда. Транзиттік тасымалдың көлемін арттырамыз десек, біз алдын ала әрекет етіп, әрдайым бір қадам алда болуымыз керек» деп нақты айтты. Бір қадам алда болуда біз қай елдермен бәсекеге қабілеттіміз? Балама жолдар мен бағыттар қаншалықты сенімді?
– Қазақстан бірнеше бағытта бірден бәсекеге түсуде. Солтүстікте – Ресей, ол дәстүрлі түрде ірі транзит ағындарын бақылап келді, бірақ қазір геосаяси шектеулерге тап болуда. Оңтүстікте – Иран, ол Үндістан және Парсы шығанағы елдерімен бірге «Солтүстік–Оңтүстік» дәлізін белсенді ілгерілетіп жатыр. Батыста – Түркия, ол өзін Орта дәліздің басты хабы ретінде көреді. Сонымен қатар Әзербайжан, Грузия және Шығыс Еуропа елдері де рөлін күшейтіп келеді.
Баламалы маршруттар бар және олар дамып келеді. Суэц арқылы теңіз тасымалы тоннасына арзан, бірақ кешігу мен жаһандық дағдарыс тәуекелдеріне ұшырайды. Авиация жылдамырақ, бірақ тым қымбат. Сондықтан Қазақстан арқылы өтетін құрлықтағы мультимодальды шешімдер баға, жылдамдық және тұрақтылық тұрғысынан ең оңтайлы баланс болып табылады.
Маршруттардың сенімділігі тек инфрақұрылымға ғана емес, саяси тұрақтылыққа, цифрлық шешімдерге және логистикалық менеджмент сапасына байланысты. Қазақстанның артықшылығы – біз болжамдылықты, цифрлық ашықтықты және географиялық байланысты ұсына аламыз. Бұл ұзақ мерзімде еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
– Жолдауда айтылған тағы бір өзекті мәселе кеден және логистика қызметін көрсететін Smart Cargo бірыңғай цифрлық жүйесін іске қосу болды. Қазан айының соңына дейін жүзеге асырылуы тиіс жүйеге сіздер де қосыласыздар ма? Жалпы карголардың жұмысына цифрлық өзгерістер мен жаңалықтар қаншалықты қажет?
– Әрине, цифрландыру – логистикадағы табыстың негізгі факторы. Біз Smart Cargo- ның енгізілуін құптаймыз және мұндай жүйе транзитті ашық, жылдам және болжамды етеді деп санаймыз. Сонымен қатар TransCaspian Cargo өз цифрлық платформасын – TCC Hub-ты әзірледі. Ол білім беру модульдерін, аналитикалық сервистерді және логистикаға арналған цифрлық құралдарды біріктіреді.
Біздің идея қарапайым: оқыту, тәжірибе және аналитиканы бір экожүйеге қосу. Сондықтан біз мемлекеттік және салалық бастамалармен, соның ішінде Smart Cargo-мен интеграцияға ашықпыз. Бұл болашақта компаниялар тасымалды, құжаттарды және білімді кедергісіз басқара алатын бірыңғай цифрлық кеңістік құруға мүмкіндік береді. Қазақстанда тек темір жолдар мен порттар ғана емес, XXI ғасыр логистикасына арналған заманауи цифрлық «рельстерді» де салуы маңызды.
– «Әлемде құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 16 пайыздан астамы контейнермен жіберіледі. Бірақ елімізде оның үлесі әлі де төмен – небәрі 7 пайызға жуық». Бұл да Жолдаудың көлік-логистика бағытында қозғалған мәселе. Әуе мен теңізден гөрі құрлықта жүк тасымалдаудың қандай артықшылығы бар? Транскаспианкаргоның бұл бағыттағы үлесі қандай?
– Құрлықтық тасымалдың бірнеше негізгі артықшылығы бар. Біріншіден, мерзімнің тұрақтылығы мен болжамдылығы: теміржол теңіз бен әуе сияқты ауа райы мен маусымдық өзгерістерге тәуелді емес. Екіншіден, баға мен жылдамдықтың оңтайлы теңгерімі: теңізбен салыстырғанда жеткізу мерзімі қысқа, ал әуеге қарағанда құны әлдеқайда төмен. Үшіншіден, құрлықтық тасымал door-to-door мультимодальды шешімдерді құруға мүмкіндік береді, мұнда контейнер әртүрлі көлік түрлері арасында кедергісіз ауыстырылады.
Бүгінде Қазақстан контейнерлендіру деңгейі бойынша артта қалып отыр, бұл бүкіл саланың тиімділігін шектейді. TransCaspian Cargo-да біз мамандарды даярлауға және бизнестің дәстүрлі вагондық жөнелтуден контейнерлік сызбаларға көшуіне көмектесетін шешімдер жасауға басымдық береміз. TCC Academy мен TCC Hub арқылы біз заманауи цифрлық басқару жүйелерімен, халықаралық стандарттармен және мультимодальды маршруттармен жұмыс істеуді үйретеміз. Біздің рөліміз – контейнерлік тасымал әдеттегі нормаға айналатын құзыретті орта қалыптастыру.
– Ашық әрі нақты жауаптарыңыз үшін рахмет!
ТҮЙІН
Қашанда ізденістен, білім алудан талмайтын, халықаралық дәрежедегі CILT, FIATA, IoSCM, PMP, Prosci сертификаттарының иегері, Рүстем Сағынұлымен ашық сұхбат барысында «Біздің мақсатымыз – Қазақстанды Шығыс пен Батыс арасындағы стратегиялық көпірге айналдыру» деп бұл саладағы негізгі миссиясын айқын атап өтті. Логистика жай ғана жүк тасымалы емес, бұл әлі де болса зерттеуді, дамытуды, білім мен тәжірибені талап ететін сала екеніне тағы бір мәрте көз жеткізгендейміз. Аймақта ғана емес, ел аумағында өзінің сара жолын салып келе жатқан TransCaspian Cargo сынды белді компаниялар ғана нағыз өз ісінің мамандарын тәрбиелеп қана қоймай, Жолдауда айтылған мақсаттар жолында қызмет ете бермек.
А.САТАЕВА