Аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің патрульдік полиция тобының қызмет инспекторы, полиция аға лейтенанты Асылан Бекмұханұлы Қажыкеновті еске алуға арналған кіші аяқ доптан ашық турнир өтті.
Асылан Бекмұханұлын құрметпен еске алуға арналған бұл турнир – елге еңбегі сіңген азаматтың есімін жас ұрпақ жадында жаңғыртып, спорт арқылы бірлік пен патриоттық рухты нығайтқан тағылымды шара. Жерлес полиция қызметкерін еске алуға арналған бұл шараға Махамбет ауданы мекемелерінен және марқұмның құрдастарынан құралған командалар қатысты. Қатысушылар өзара тартысты ойын көрсетіп, достық пен спортты дәріптеген ерекше турнир өткізді.
Жарыс қорытындысында бірінші орын Махамбет аудандық №11 өрт сөндіру бөлімі командасына бұйырды. Екінші орынды «Өнерпаз» мәдениет үйінің командасы иеленсе, жүлделі үшінші орын «Құрдастар» командасына табысталды.
Турнир барысында шеберлігімен ерекшеленген спортшылар арнайы номинациялармен марапатталды. «Үздік шабуылшы» атағы №11 өрт сөндіру бөлімінің ойыншысы Дәстем Есенғалиевке, «Үздік сұрмерген» аталымы осы бөлімнен Асылбек Талғатовқа бұйырды. Ал «Үздік ойыншы» ретінде полиция бөлімі командасынан Ахтан Нармағамбетов танылды. Қорғаныста мықтылығымен көзге түскен «Өнерпаз» мәдениет үйі командасының ойыншысы Али Төлеуов «Үздік қорғаушы» атанса, қақпадағы шеберлігімен танылған «Құрдастар» командасының өкілі Аслан Азжанов «Үздік қақпашы» номинациясына ие болды.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі атынан кубоктармен, дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ