Елде төтенше жағдай жарияланып, ұлт саулығы сынға түскен сәтте халықты әлеуметтік қолдау бағытында оның ішінде, зейнетақы, жәрдемақы көлемін өсіру, табысынан айырылғандарға әлеуметтік төлем тағайындау сынды бастамалары дер кезінде қолға алынған жұмыстардың бірі болды деп есептеймін.
Әсіресе, ауылшаруашылығы саласының көктемгі дала жұмыстарына 70 млрд.теңге қаражат бөліп, жанармай бағасының құнын да төмендетіп отырғаны ел кәсіпкерлеріне үлкен қолдау болып отыр. Мемлекет кәсіпкерлерді осылай демесе, біз кәсіпкерлер де елдегі жағдайға бей-жай қарамай, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына қолымыздан келген көмегімізді көрсетіп жатырмыз.
Тағылымды сөз айтқан даналарымыз: «Бір ауыз сөз жазады, мың көңілдің жарасын, бір тәуекел бұзады, мың қайғының наласын» дейді екен. Осындай сәтте, халқымен әрқашан бірге екенін білдірген Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» деген атаумен өзінің үндеуін жолдады. Ол осы бір қиын-қыстау кезде еліміздің ешбір азаматы қамқорлықсыз қалмайтынын, ұлт денсаулығы үшін мемлекет тиісті шараның барлығын атқаратынын атап көрсетті. «Біз – біртұтас ел, бірлігі берік жұртпыз. Мен әрқашан халқыммен бірге болғанмын, бұл жолы да сіздермен біргемін» деген Елбасымыздың халқына жолдаған осы бір ақ тілеулі сөздері бәрімізге күш-қуат беріп, тірлігімізге тыныс, болашаққа зор сенім сыйлағандай.
Осындай сын сағатта бірлікті ту етіп, ұлт саулығы мен тәртіпті қамтамасыз етуде күш салып жатырған дәрігерлер мен құқық қорғау саласы қызметкерлерінің де еңбегінің елеусіз қалмай, еленіп жатқаны қуантады. Қазіргі таңда аты жаман аурудан сақтану жөнінде БАҚ арқылы жан-жақтан кең көлемде түсінік жұмыстары жүргізілуде. Ал біздің міндетіміз сақтық шараларын негізге алып, тәртіпке бағыну. Сонда ғана, біз бұл қиындықты оңай еңсеретінімізге сенімдімін.
Аманжол ЕСҚАРИЕВ,
Махамбет ауданының Құрметті азаматы,
«Құрмет» орденінің иегері,
«Первомайский» ЖШС-нің бас директоры