Жолдау – ел дамуының негізгі бағыттарын айқындайтын маңызды стратегиялық құжат. Онда мемлекетіміздің болашаққа деген көзқарасы, қоғам алдында тұрған өзекті міндеттер және оларды жүзеге асыру жолдары көрсетіледі. Соңғы жолдауда білім, ғылым және инновация мәселелеріне ерекше назар аударылуы – заман талабынан туындаған қажеттілік.
Бүгінгі таңда әлем елдері білім экономикасына көшу үстінде. Бұл – табиғи ресурстарға емес, адам капиталына, ғылым мен технологияға сүйенген даму жолы. Жолдауда айтылған ғылым, білім және инновация салаларын өзара тығыз байланыстыра басқару идеясы өте өзекті. Себебі сапалы білімсіз – білікті маман, ал ғылым мен инновациясыз – бәсекеге қабілетті экономика қалыптаспайды. Осы бағытта жасанды интеллект, цифрландыру және жаңа технологияларды енгізу елдің дамуына серпін беретіні анық.
Жолдауда көтерілген бастамалар Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуына бағытталған маңызды қадам деп есептеймін. Егер білім мен ғылымға нақты қолдау көрсетіліп, инновацияны тәжірибеде тиімді қолдана алсақ, еліміз халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті мемлекетке айналады. Сондықтан бұл жолдау – болашаққа нық сеніммен жасалған, мазмұны терең әрі маңызы зор құжат.
Г.СӘДУАҚАС


