Білім мен ғылым – жаңа дәуірдің қозғаушы күші

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан  халқына  Жолдауында мемлекет дамуының барлық саласы қамтылды, оның ішінде білім мен ғылым, адами капитал, жастар саясаты, ауыл инфрақұрылымы – ерекше назарда болды.

Президент Жолдауында айрықша аталып өткен бағыттардың бірі – адами капиталды дамыту. Бұл ұғым – тек білім беру жүйесімен шектелмейді, ол тұтас ұлттық сана мен қабілетті ұрпақ қалыптастыру мәселесін қамтиды. Ұстаз ретінде мен бұл бастаманың мәнін терең түсінемін. Себебі болашақтың экономикасы да, мәдениеті де, ғылымы мен технологиясы да – бүгінгі оқушының қолында.

Жолдауда білім беру мен ғылым саласын жаңғырту қажеттігі айқын айтылды. Әсіресе ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасы алшақтығын қысқарту – өте өзекті әрі уақыт күттірмейтін мәселе. Ауыл мұғалімі ретінде мен әр баланың сапалы білімге, заманауи технологияға, шығармашылық еркіндікке теңдей қол жеткізуі тиіс деп санаймын. Бұл – тек әділеттілік емес, бұл – ел болашағы үшін стратегиялық қадам.

Мемлекет басшысы педагогикалық кадрларды даярлау сапасын арттыру, жоғары білім мен колледж жүйесін жаңарту, ғылыммен айналысатын жас зерттеушілерге қолдау көрсету секілді нақты міндеттер жүктеді. Бұл – білім мен ғылым саласының шынайы реформалар кезеңіне аяқ басқанын көрсетеді.

Бүгінгі оқушы – тек білім алушы емес, ол ертеңгі кәсіби, белсенді, жауапты азамат. Президент Жолдауында жастарға кәсіпкерлікке, цифрлық сауаттылыққа, жаңа салаларда жұмыс істеуге жол ашатын бастамалар қамтылды. Бұл – білім мазмұнын өмірмен байланыстыру, практикалық дағдыларды дамыту қажеттігін көрсетеді.

Сонымен қатар Жолдауда ауылдық аумақтарды дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту, мектептер мен медициналық нысандар салу, ауызсу, жол, интернет мәселесін шешу туралы тапсырмалар берілді. Бұл – ауыл тұрғындарына деген шынайы жанашырлықтың және ауыл мұғалімдерінің еңбегіне деген сенімнің белгісі. Расында да, ауыл мектебі жаңарса – бүкіл ел жаңарады.

Президент Жолдауы – ұстаздар қауымына артылған үлкен сенім мен жаңа міндеттер. Біз, мұғалімдер, бұл сенімді ақтауға дайынбыз. Жаңа дәуірге сай цифрлық технология мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін игере отырып, ұлттық құндылықтар мен рухани мұраны оқушылардың бойына сіңіру – басты миссиямыз.
Білім – ұлттың тірегі. Ал сол тіректі бекем ұстайтын – ұстаз.

 

ЖАННҰР МАҚСОТ,

О.Шонаев атындағы орта мектебінің ағылшын тілі мұғалімі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT