Білім бөлімі енді облысқа бағынады

Білім ошақтары бір арнаға тоғыспақ.

Мектептер мен балабақшалар аудандық білім беру бөлімдеріне бағынып, ал білім бөлімдері өз кезегінде аудандық әкімдіктерге бағынышты болып келген жүйе келер жылдан бастап өз күшін жояды. Яғни, қала және аудандық білім саласы облыстан қаржыландырылып, мектептер мен балабақшалар облыстық білім басқармасына қарайтын болады. Оның негізінде жергілікті білім беру ошақтарының басшыларын әкімдер емес, басқарма тағайындамақ. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бұл бағытта тиісті заңнамаларға біраз өзгеріс те енгізілген. Заңға сәйкес білім бөлімдерінің мәртебесі сақталады. Бірақ, олар білім басқармаларына қарасты болады және оған есеп береді. Білім саласындағы басқару жүйесіндегі өзгерістің артықшылығы мен кемшілігі қандай?

БАСТЫ МАҚСАТ – САПАНЫ АРТТЫРУ

Білім беруді басқару органдары жүйесінің дұрыс ұйымдастырылуы білім беру тиімділігін арттырудың маңызды шарттарының бірі екендігі белгілі. Сарапшылар да аудандық, қалалық білім бөлімдері мен облыстық білім басқармаларының өзара байланысы мен жұмыс жүргізу жүйесінде кемшіліктер бар екендігін және бұл уақытында қабылданған шешімнің дұрыс әрі маңызды екендігін айтып отыр. Барлық бюджет орталықтандырылып, енді облыс деңгейінде, жалпы облыстық бюджеттен мектептер, балабақшалар қаржыландырылады. Мысалы, ауылдағы мектепке жөндеу жұмыстары қажет болса, мектеп директоры аудандық білім бөліміне жүгінеді. Сәйкесінше, аудандық білім бөлімінің басшысы аудан әкіміне емес, бірден облыстық білім басқармасына өтініш жібереді.

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің сөзінше, халықаралық зерттеулер аймақтардағы білім сапасының әртүрлі екенін көрсеткен. Елімізде бірыңғай нормативтік құқықтық актілер, бірыңғай стандарттар мен талаптар болғанының өзінде өңірлердегі білім сапасындағы айырмашылық жер мен көктей. Сонымен қатар аудандардағы бюджетке аударымдардың түсуі де білім саласын қаржыландыруға, жөндеу жұмыстарына, компьютерлермен және оқулықтармен қамтамасыз етуге әсер етеді.

- Білім беру ұйымдарын қаржыландыру бойынша сәйкессіздіктер кездеседі. Бұл өз кезегінде жөндеу жұмыстарына, апатты жағдайларда, кадрлық мәселелерге қатысты кері әсерін тигізеді. Білім басқармалары әкімдіктерге бағынатын мектептер мен балабақшаларға іс жүзінде әсер ете алмайтынын ашық айту керек. Сондықтан енді мектептер мен балабақшалар облыста бір орталықтан ғана басқарылса, қаржыландыруды теңестіру және арттыру мәселелері кешенді түрде шешілетін болады. Бұл шағын бюджеті тек еңбекақы төлеу қорына ғана жететін аудандар үшін де өте қолайлы болады,- дейді министр.

«КАДР МӘСЕЛЕСІН РЕТТЕУІ – ҚҰПТАРЛЫҚ»

Ендігі кезекте аудандық білім бөлімдері басшыларын тағайындау және жұмыстан босату мәселелері министрлікпен келісілуі жөніндегі нормасы жасақталатын болады. Білім бөлімдері мен басқармаларының басшысы қызметіне білім саласында тәжірибесі бар және құзыреті жеткілікті адамдар тағайындалмақ. Атырау облыстық білім басқармасын 2005-2007 жылдары басқарған Серік Сапанов министрдің білім сапасын арттыру, білікті кадрларды тарту бағытында атқарып жатқан жұмысына оң баға беретінін, бірақ барлық жұмысты басқарманың өзі атқаруы қиындық туғызатындығын айтады.

- Кез келген өзгеріс ең алдымен бұрынғы жүйенің жақсысын алып, кемшілігін түзеп, білім сапасын арттыру үшін жасалуы керек. Мемлекет тарапынан жүргізілетін реформада ауыл мен қалалық мектептерде оқушы біліміне қойылатын стандарт бір, бірақ кадрмен және материалдық базаны теңестіріп, осы арқылы оқушылардың білім сапасын теңестіруге қандай шаралар қарастырылмақ? Жалпы кез келген реформа, негізінен, оқушыға да, мұғалімге де жүктемені азайтуға бағытталады. Рас, мұғалім мәртебесін көтеру заңына сәйкес мұғалім жүктемесі азайды, еңбекақысы өсті. Менің қосарым, бастауыш сынып мұғалімінің жүктемесі 14 сағат болса және мұғалімдердің қосымша жұмыстары (дәптер тексеру, сынып жетекшілігі және т.б) қазіргідей мансаптық жалақысы емес жүктемесінен қазіргі пайыздар сақталып төленсе, мұғалім разрядын көтеруіне мүдделі болар еді де, жоғарғы санатты мұғалімдеріміз көбейіп, білім сапасы да артар еді. Бірақ оқушыға жүктеме азаймағаннан жоғарғы сыныптар сенбі күні де оқуда. Егер қаржыландырумен облыстық білім басқармасы айналысса реформа негізі әр мектептің ғана емес, мұғалімдердің де қызмет көрсету еркіндігіне қалай әсер етеді?! Қаржы аудандық қаржы бөліміне түсе ме, әлде банктердегі мектеп есебіне түсе ме?

Ай сайын әдетте мұғалімдердің еңбекақысында өзгерістер болады, біреу ауырады, біреу іс-сапарға кетеді дегендей өзгерістер қалай жүреді? Шалғай аудандардағы мектептердің жайы қалай шешілмек? Мысалы, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда секілді аймақтарындағы мектептер шөлейт жерлер болғандықтан тіпті аудан орталықтарынан да алшақ орналасқан. Осы жағын ескеру қажет. Министрліктегілер ірі қалалардағыдай барлық аймақ қолжетімді интернетпен қамтылған деп ойлауы мүмкін. Ал расында олай емес қой.

Заң қабылданғаннан кейін де оның шикі тұстары болатыны бар, сондықтан осы іс басында жүрген азаматтар пікірлерін ашық айтып, талқыға салынбаса қалай болады? Еркін ойлайтын ұстаз ғана ерікті азаматтарды тәрбиелейді. Кадрлық тағайындауларды облыстық басқарманың өзіне алуы дұрыс болған. Себебі кадрына иелік ете алмаған басшыдан білім сапасын сұрау негізсіз деп есептеймін. Материалдық базаны толықтай өздеріне алуы жұмыстарына кері әсер ете ме деген ой бар. Егер мектеп, балабақшаның материалдық базамен қамтылуына, жөндеу жұмыстарына жергілікті әкімдік араласпаса, алдағы уақытта үлкен қиыншылық болуы мүмкін. Ал басқарма мәселені оңай шеше алса, қарсы емеспін. Онда әңгіме басқа.

Әр аймақ бойынша әр оқушыға негізделген материалдық стандарт болса өз қарамағындағы білім, тәрбие беру ошақтарын осы стандартқа сәйкес әкімдіктің қамтуы дұрыс болар деп есептейміз. Әкімдік өз аймағындағы тұрғындарының д е н с а у л ы ғ ы н а , б і л і м і н е , ж ұ м ы с п е н қамтылуына және олардың қауіпсіз өміріне жауап бермесе, онда әкімшілік институты неге керек? Білім сапалы болуы үшін балабақшамен толық қамтылуы, мектептердің бір кезекте оқуы әр ауылдық мектеп жанында саз, спорт және қолөнерге баулитын сабақтан тыс тиісті мекемелер болмаса олардың білім ошақтарының жылда ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге, оның құжат сметаларын әзірлеу оларға материалдық жағынан жауапкершілікке ә к і м ш і л і к т і а р а л а с т ы р ғ а н ж ө н д е п есептеймін. Мектеп директоры баланың біліміне жауап бере ме, әлде құрылысқа, жөндеу жұмысына,материалдық қамтумен жүретін шаруашылық меңгерушісі бола ма? Бүгінгі күні аудандық білім бөлімі басшысын аудан әкімі тағайындайды. Ал олар мектепте әр сатыдан өткен нағыз шебер маман қызметкерлер бола бермейді. Тәжірибелі кадрдың жұмысы да әдетте сапалы болады. Бұрын облыстық білім басқармасы аудан мектептеріндегі кемшіліктерді анықтаған жағдайда ғана мәселені реттеп, шарасын алу бойынша аудан, қала әкіміне ұсыныс хат жазады. Өзі қойған адамына әкім қандай шара алатынын әкім өзі білетін еді.Себебі білім басқармасының аудандық, қалалық бөлімдердің тікелей кадр мәселесіне араласуға ешқандай заңды құқы жоқ. Ал келер жылғы өзгерістер енетін болса, басқарманың кадр ауыстыру, білім бөлімі басшысын тағайындауларына араласуы құптарлық,-дейді С.Жұбанұлы.

АУДАНДЫҚ АУРУХАНАНЫҢ КЕБІН КИІП КЕТПЕСЕ...

Министрлік тарапынан қабылданған шешімнің кемшін тұстары да жоқ емес. Облыстық білім басқармасына шалғай аудандық мектептерді басқару, бақылау қиынға соғады. Бұл өз кезегінде жұмыс уақыты мен өнімділігіне кері әсер етуі мүмкін. Ұзақ жыл мектеп директоры болған Казбек Сатханбаевтың айтуынша, министр ауысқан сайын қабылданған реформалардың, білім саласындағы қисынсыз, сәтсіз өзгерістердің кесірінен мектеп пен балабақшалар зардап шегіп отыр.

- Мектептердің білім сапасын, сабақ беру методикаларына фронталды және тематикалық тексеру жүргізіліп отырады. Барлық аудан, қала мектептерін облыстық басқармаға қаратқаннан кейін мұндай тексерудің ойдағыдай жүргізілуі екіталай. Мысалы, Құрманғазы ауданынан 200-250 шақырым жердегі Сүйіндік, Балқұдық ауылдарының білім беру ошақтарын тексеруге облыстан кім барады?! Жақын ауылдарға барады да, әрі қарай бармайды ғой. Ал бюджетті орталықтандыруға келер болсақ, облыстың барлық мектебінің, балабақшасының ақшасын қалай жеткізіп, қалай бөліп беретіндігі түсініксіз. Кезінде білім бөлімі ауылдық округ әкімі аппаратына ақша аударады, оны мектепке беру керек болатын заңында. Бірақ соны беріп болмайды, айтысып, тартысып жүріп, әрең дегенде тиесілі қаржыны алатынбыз. Ол қаржыны базалық дүкеннен мектепке қажетті құралдарды алуға жұмсаймыз. Сол кездің өзінде сондай жағдай болса, енді тіпті қиындайды. Себебі бір мектептің директоры жөндеуге қажетті қаражат сұрап, облыстық басқармаға шықса, олар басқа мектептің мәселесі шешілмей тұрып, көмектесе алмайтындығын айтуы мүмкін. Жалпы келер жылы білім беру ошақтары қиындықтарға тап болатыны анық,- дейді К.Төлегенұлы. «Жауқазын» балабақшасын 27 жыл басқарып, зейнеткерлікке шыққан Гүлнар Мырзагереева да орталықтандырумен келіспейтіндігін айтады. - Қай-қай сала болмасын аудандық әкімдікпен тікелей жұмыс атқарып отырған соң мәселелерді толық жеткізуге мүмкіндік бар. Егер барлық мектеп, балабақша орталықтандырылып, тікелей облыстық басқармаға қарайтын болса, жұмыстың жүруіне кері әсерін тигізуі әбден мүмкін. Облыстық басқармаға бағынып отырған аудандық орталық аурухананың жайын көріп, білім саласы да соның кебін киіп кетпесіне кепілдік ешкім беріп отырған жоқ. Басшыларды да жергілікті жердің азаматтарынан, ауданның жайын бес саусағындай білетіндерден тағайындағаны абзал. Әйтпегенде кім келіп, кім кетіп жатқандығын білмей отыратын күн түседі басымызға. Әлі де кеш болмай тұрғанда заңға енген өзгерістерді қайта қарап, асығыстық танытпаған дұрыс деп ойлаймын,- дейді білім беру саласының үздігі Г.Мырзагереева.

СІЗ НЕ ДЕЙСІЗ?

Алмажай МАСТЕКОВА, мемлекеттік қызмет саласының ардагері, зейнеткер ұстаз:

- Қала мен аудан мектептерін бір орталыққа қаратқан кезде бақылау қиындық туғызады. Бәрі облыспен санасып, облыс орталығына барып, қаржылық немесе басқа да мәселелерін жеткізуі керек. Облыстан шалғай жатқан ауданның мектептері, балабақшалары үшін оңайға соқпасы анық. Аудандық, қалалық білім бөлімдерінің штатын қысқартса да, облыстық білім басқармасы қызметкерлерінің санын арттырады. Аудан бюджетінің 80 пайызын білім бөлімі ұстап тұрғаны белгілі. Енді қаржы мәселесін реттеу ауданға да, облысқа да оңай болмайын деп тұр.

Иә, «Педагог мәртебесі» туралы Заң қабылданғаннан кейін ұстаздар үшін әкімдіктің бұйрығымен сенбілікке шығып, өздеріне қатысы жоқ жиналыстарға қатысып жүрген уақыттар келмеске кетті. Енді заңдағы жаңа өзгерістерге сәйкес аудандық білім бөлімдері облыстық білім басқармасына тікелей қарайтын болады.

«Бұл жаңалық аудан, қала және облыстағы білім беру ошақтарының шешімін таппай жүрген мәселелерін реттеп, тиімділігін арттырудың алғышарты болмақ. Жүйе механизмі сәтті жұмыс істесе, алдағы бірнеше жылда жемісін береді» дейді білім және ғылым министрлігі. Бірақ бір кездері ауданның білім саласының дамуына үлес қосып, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған ұстаздар қауымы білім саласын облысқа беру өзіндік қиындықтарды туындатуы мүмкіндігін айтуда. Қалай десек те, еліміздегі ең көп реформаға ұшыраған білім саласына тағы бір өзгеріс енгізу екі шұқып, бір қарауды талап ететіні анық. Өйткені бұл жерде таразының бір басында балалардың болашағы тұр.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521