Ауыл халқын саумалмен қамтыған Бағыт Айдашев

Еңбегі елге ем болған

Еліміз егемендік алғалы бері атакәсіпті жандандыруға, жерімізді төрт түлік малға толтыруға кезінде Елбасымыз да, қазіргі ел Президенті де жағдай жасауда. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін еместігін, бұл салада шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер бар екенін атап өтті.

Біздің Атырау жері мал шаруашылығына онша қолайлы емес екені баршаға аян.Соңғы екі-үш жыл бойына қыста қар жаумайды, жазда жаңбыр жоқ. Соның кесірінен ауылдық жердің адамдары ұстап отырған бір-екі сиыр, азғантай уақ жандығынан да айырылуға айналды. Жылқы ұстап, саумал ішу, қымыз ішу дегенді тек газеттерден, телеарнадан, солтүстік, оңтүстік облыстардан ғана көріп жүрміз. Өз басым Махамбет ауданында жылқы байлап, халыққа саумал, қымыз сатып жатыр дегенді естімеппін.

Менің осы тақырыпта қолыма қалам алып, мақала жазуыма себеп болған Сарайшық ауылында тұратын кең жүректі, қазіргі қиын жағдайда ауыл халқының денсаулығын ойлап, саумалмен қамтамасыз етіп отырған Айдашев Бағыт деген ардагер азаматымыздың ерен еңбегі болды. Алғашқыда оның «жылқы әкелем, елге, ауылға саумал,қымыз ішкіземін» деген сөзіне өз қара басым да, аралас-құралас жүрген азаматтар да сенбеді. Ол қырда ұстап отырған малын сатып, өзінің бұрыннан жиған-тергенін қосып, Ақтөбеден 10 құлынды бие алып келгенде сенер-сенбесімізді білмедік. Сенбейін десек, көзіміз көріп тұр. Іштей сауып, күту қалай болар екен деген ой келді. Оның да ретін келтірді. Жылқының тұратын жері, сауатын жері, қорасы бәрін сақадай-сай етіп салды. Ауылдан жұмыссыз екі-үш адамды жұмысқа алды. Қазір ауылымыз курорттан ішетін саумалдарын іргеден ішеді. Қазақта «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме. Осындай Айдашев Бағыт сияқты азаматтың адал еңбегін елге жария ету ауылдасы ретінде өз міндетім деп санаймын.

saymal201120-1

Бағыт бізбен әңгімесінде: «Зейнетақым да, жағдайым да өзіме жетеді, екі балам Нұралы, Аманжол Нұр-Сұлтан қаласында министрлікте жұмыс істеуде. Қызым Нұргүл Атырауда тұрмыста. Жиған-тергенді артығымен депозитке салып қойып, шетінен алып, тыныш өмір сүруге де болатын еді. Менде бәрі бар, тек балаларымның анасының ерте өмірден өткені болмаса. Сонау Алматы қаласында аспирантурада оқып жүргенде, пәтер жалдап тұрғанда маған көп көмектесіп, оң қолым болып, аспирантураны ойдағыдай бітіруіме септігін тигізген жан жарымды жиі еске аламын. «Өлі жебемей, тірі байымайды» дегендей, рухы мені желеп-жебеп жүрсін. Осы істі қолға алуымда осындай ойлардан айығып, елге пайдалы іс жасайын дегенім ғой. Қазіргі жарым Ардақ та барлық жағдайымды жасап, үйімді жайнатып, шаршағанымда дем беріп, тұйыққа тірелгенде ақыл қосып отырады. Балаларым да «жасың ұлғайғанда өзіңе қиындық тілеп алатының не?» деп ренжігені бар. Жастайымнан еңбекпен шыңдалдым, басшылық қызметтерде болдым, енді болдым-толдым дейтін адамың мен емес. Жақсылығым ел-жұртқа тисін дегенім ғой. Қазір сауған бойда саумал ішіп жатқан жандардың лебізін естігенде риза боламын. Құлақ түріп тыңдасаң, бірі бөтекесі, енді бірі асқазаны ауыратынын айтып, саумал ішкен соң дерті басылып, тәуір болып қалғанын айтып, алғысын жаудырып жатқаны»,- дейді.

saymal201120-2

«Бағыттың бұл ісіне, елге тигізген пайдасына көңілім толады»,- дейді мемлекеттік қызмет ардагері, ұзақ жылдар партия-кеңес, ауыл шаруашылығы саласында қызмет еткен еңбек ардагері, сарайшықтық Х.Сисенғалиев ағамыз. Пайда ойламай, арды ойлаған Айдашев Бағыттай азаматқа біз де еңбегің жанып, жарқырай берсін. Ұрпаққа үлгі-өнеге болсын дейміз.

Раул ТАУОВ,

ардагер-ұстаз,

Сарайшық ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT