Күн суытып, ауа температурасы 0 градустан төмендеген сайын Жайық өзенінің бетін жұқалтаң мұз басты.
Құтқарушылар бұл күндері мұз бетіне шығу, әсіресе оның қаттылығын аяқпен басып тексеру аса қауіпті екенін айтып дабыл қағуда. Күні бүгінгі уақытта ауданда орналасқан үлкенді-кішілі су айдындарының бетін қалыңдығы 10 см болатындай мұз жамылғысы жауып жатқанын ескере отырып, Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының Махамбет инспекциясы бөлімінің мамандары оның адам өміріне және денсаулығына елеулі қауіп төндіретінін қаперлеріңізге береді.
Мұз үстінде қысқы балық аулау, аң аулау, көлікпен жүру және өзен арқылы келесі аймаққа өту қауіпті төтенше жағдайларға алып келуі мүмкін. Сіздің өміріңізге қауіп төнбеу үшін мұз үстінде жүру ережесін сақтаған абзал. Алдымен мұздың қаттылығына мән беруіңіз қажет. Қыс уақыттыңда 1 адамға мұздың қалындығы 4-5 см, 2 адамға 8см, 5-7 адамға 14 см қауіпсіз болып саналады.
Егер 0 градустан жоғары ауа температурасы үш күннен артық болса, онда мұздың беріктігі 25% -ға азаяды. Мұз үстіне аяқ баспас бұрын алдыңызға мұқият қарап шығыңыз. Мұздың қауіпті жерін түсіне байланысты анықтауға болады, мысалы қауіпті жердің түсі қараңғылау болып келеді. Ал қауіпсіз мұз аймағының түсі көкшіл және көпіршіксіз болады. Осал мұздың түсі сүт түстес болып, аяқ баспай жатып сына бастайды. Бұршақ немесе боран кезінде мұз үстімен жүрмеген абзал. Ережеге сәйкес қар астында мұз жұқа болады.
Сонымен қатар жартастарда және өзен ирімдерінде мұз жұқа болып келеді. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің 2015 жылғы 24 шілдедегі № 190 бұйрығының 23-ші тармағының, 2-ші тармақшасына сәйкес аудан тұрғындарына, соның ішінде әуесқой балықшыларға Атырау облысының шегіндегі Жайық өзенінде мұз қатқан кезеңінде сейсенбі және сәрсенбі күндері балық аулауға шектеу қойылатынын ескертеді.
Т.ЕСМУХАНОВА,
аудандық инспекция бөлімінің ихтиолог маманы
Сурет:дереккөз