Белсенді топ өкілдерінің бірлестігі

Қазіргі таңда елімізде мыңдаған республикалық, аймақтық және жергілікті қоғамдық бірлестіктер құрылып, жұмыс істеп жатыр. Жыл өткен сайын олардың сапасы мен саны әлдеқайда арта түсуде. Олар түрлі бағдарламалар мен жобалар жасап, бірқатар мәселелердің оңынан шешіліп, елдің дамуына жұмылған үлкен бастамашылардың қатарында келеді.

Бір ғана ауданымыздың өзінде 16 үкіметтік емес ұйым тіркелген болса, оның 8-і қоғамдық қор, 8-і қоғамдық бірлестіктер қатарында. Қазіргі уақытта белсенді қызмет етіп отырғаны – үшеуі. Атап айтсақ, «Jarqyn bolashaq» жастар қоғамдық бірлестігі, «Ақжол» Махамбет мүгедектер қоғамы қоғамдық бірлестігі, «Ержүректілер» қоғамдық қоры.

“Jarqyn bolashaq” жастар қоғамдық бірлестігі 2019 жылы құрылғаннан бері жұмысын жүргізіп, аудан көлемінде белсенді жұмыс атқарып келеді. Бүгінде 10 мүшесі бар. Республикалық «Өзгеріс ұстасы» республикалық сыйлығының жеңімпазы атанған бірлестіктің осы кезге дейін атқарған жұмыстары аз емес. Ағымдағы жылғы жұмыстарына тоқтала кетсек. Тамыз айында Халықаралық жастар күні мерекесіне орай “Белсенді жастар: Дамуға арналған орта” тақырыбында фасилитациялық тренинг пен “Makhambet-QUEST” ин­теллектуалды ойынын өткізіп, қазан айында аудандық Ішкі саясат бөлімінің әлеуметтік-мемлекеттік тапсырысы­мен “Отбасы — мерейлі мекенім” атты мерекелік шарасын ұйымдастырды.

Қоғамдық бірлестіктің жетекшісі Дана Ғысырбектің айтуынша, алдағы уақытта әлеуметтік-мемлекеттік тапсырыс ая­сында сыбайлас жемқорлықтың ал­дын алу іс-шаралар кешені, жастардың белсенділігін арттыру мақсатындағы “Makhambet-CAP” пікірсайыс турнирі және “Сарайшық. Тарихқа тұнған туған өлке” тақырыбындағы облыстық суретшілер байқауын өткізу жоспарла­нып отыр.

Мүгедектігі бар жандарға қолдау көрсетіп, олардың мүддесін қорғау мақсатында жұмыс жасайтын «Ақжол» Махамбет мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі жайлы айтар болсақ. Бірлестік І топ мүгедегі Қайдарбек Құрмашевтың бастамасымен 2016 жылы құрылған болатын. Содан бері мүгедектер арасында спорттық-мәдени жарыстар, сайыстар, қайырымдылық акциялар өткізіп келеді. Одан бөлек, кәсіпкерлер мен компания басшыла­рымен демеушілік бағытында келісімге келіп, мүгедектерді қажетті құрал- жабдықтармен қамту жұмыстарын да атқаруда. Сондай-ақ, жеке кәсіппен ай­налысуды көздеген мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін де көмек көрсетіп келеді. Таза, жақсы күйдегі әртүрлі заттар киім- кешек, тұрмысқа қажетті заттарды тегін алу мақсатында жасақтаған «Мейірім» әлеуметтік заттар дүкені де жұмыс жа­сап тұр. Бүгінде қоғамдық бірлестіктің 8 мүшесі бар, оның 4-еуі штатта, 4-еуі келісімшартпен қызмет етіп келеді. Бірлестіктің бастамасымен ауданда 2019 жылы инватакси қызметі іске қосылған болатын. Қазіргі таңда бұл қызметті 61 адам пайдаланып отыр. Бірлестік жетекшісі Қайдарбек Құрмашев алдағы уақытта ІІ, ІІІ топтағы мүгедектігі бар жандар үшін ағаш шеберханасын ашуды жоспарлап отырғанын айтады.

Мүмкіндігі шектеулі жандарды спортқа баулу мақсатында құрылған «Ержүректілер» қоғамдық қоры спорт клубы. Қор жетекшісі Мұхадия Қуангереев аудан бойынша мүмкіндігі шектеулі жандарды спортқа бау­лып, бүгінде аудандық, облыстық, республикалық сайыстардың жеңімпаздарын тәрбиелеуде. Жалпы саны 100-ге тарта оқушыны спортқа бау­лып, оның 25 спортшысы республикалық жарыстардың жеңімпазы атанып отыр.

Мүмкіндігі шектеулі адамдарды әртүрлі спорт түрлеріне қатыстыру арқылы ортаға бейімдеумен қатар «Мектепке жол» акциясы кезінде аз қамтылған отбасыларға жәрдемдесіп, Қарттар күнінде қайырымдылық ша­раларын ұйымдастыруымен көрініп келеді.

Мемлекеттік саясатты жүзеге асыру, жастарға қолдау көрсету, әлеуметтік осал топтардың мәселесін шешуге ат­салысу, мүгедектер мүддесін қорғап, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатын көксеген қоғамдық бірлестіктер қоғамның қозғаушы күшіне айналып отыр. Бірлестіктердің бастамасы көлеңкеде қалып қоймай, қолдау тапса жұмыстары жандана түсері сөзсіз.

Б.САПАРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT